Ұлт ұстазы туралы тың деректер

1452

0

Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастырумен «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ қоғамы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Онлайн форматтағы басқосуға филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Аман Абасилов модераторлық етті.

Конференцияда қазіргі қазақ ғылымының дамуы мен қазақ руханиятының кемелденуіне өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлігі сөз болды. Аталған жиынға елімізге белгілі тілші, әдебиетші ғалымдар, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері, магистранттар және докторанттар, облыс, қала мектептерінің ұстаздары, «Орда» колледжінің білім алушылары қатысты.

Халықаралық Қазақ тілі қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Сейсенбекұлы «Ұлттық рухтың ұлы тіні» тақырыбындағы баяндама жасады. Ғалым А.Байтұрсынұлының қазақ ғылымының дамуы үшін жасаған жүйелі еңбегімен қоса, бүгінге дейін айтыла бермеген тың деректермен бөлісті. Атап айтқанда, тергеу кезінде Сұлтанбек Қожановты айыпты етіп көрсетпес үшін «Ол коммунист қой, ал менің коммунистермен көзқарасым жараспайды, сондықтан оның маған ешқандай қатысы жоқ», деп достыққа адалдығын көрсеткен мысалдарды сөз етті. Сондай-ақ, ол Ахмет Байтұрсынұлының біз біле бермейтін тағы бір қырына тоқтала келіп, академик Р.Нұрғалиевтың қайраткердің жас кезінде қарулы адам болғандығын, түрлі қазақтың жиын-тойларында күреске түскен палуан ретінде танылғандығын, үнемі салауатты өмір салтын ұстанып, кешкі мезгілде тамақтанбайтындығы жөнінде айтқан деректерін ортаға салды.

Осылайша ұлт ұстазының сан салалы қырына – адами бітім-болмысына, адалдығына, азаматтық көзқарасына, қайраткерлік рухына, ғылыми танымы мен біліміне тоқталды.

Ал елордалық алаштанушы ғалым, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Ерденбекұлы қазақ қоғамындағы ұлттық ренессансты кезең-кезеңімен жіктеп, ондағы Ахмет Байтұрсынұлының орнын айқындап берді.

Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары да конференция жұмысын мазмұнды баяндамаларымен толықтырды. Профессор, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасұлы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ синтаксисі ілімін жүйелеу мен дамытудағы өзіндік орнын жан-жақты қырынан сипаттады. Сонымен қатар филология ғылымының кандидаты Болат Боранбай ұлт зиялысы көрсеткен қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен табиғатын бүгінгі әліпби жасау мәселесінде негізгі ұстаным ретінде танып, қолданудың ғылыми-әдістемелік негіздерін баяндады.

Ал филология ғылымының кандидаты, социолингвист-ғалым Аман Абасилов алдымен өз сөзінде тілдің қоғамдағы қызметін зерттейтін әлеуметтік лингвистика ілімінің нысанасы, қарастыратын мәселелері туралы айтты. Тілдің әлеуметтік саралану мәселесін ғылымда алғаш рет Ахмет Байтұрсынұлы зерттеп, қарастырғанын сөз етті. Баяндамашы осы арқылы қазақ тіл білімінің әлем тіл біліміне қосқан үлесін Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын терең меңгеру арқылы дәлелдеуге болатындығы жөнінде жас ғалымдарға ой салды.

Жиын соңында модератор Аман Абасилов алдағы жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі шаралардың жалғасын табатындығын атап өтті.

Конференция жұмысы қатысушылардың өзара пікір алмасуымен қорытындылады.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<