Қызылорда қаласындағы мерзімді ұлттық басылымдар: тарихы мен тағылымы (1925-1939 жж)

2303

1

Қызылорда қаласындағы мерзімді ұлттық басылымдар: тарихы мен тағылымы (1925-1939 жж) ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ зиялыларының саяси және ағартушылық қызметі баспасөзден өз жалғасын тауып отырды. Олар қоғамда болып жатқан саяси және мәдени оқиғаларды жіті бақылап, оған өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, жан-жақты талдауларын жүргізді.

1918 жылы большевиктердің билігі баянды болғаннан кейін, қазақ зиялылары Кеңес өкіметін мойындай отырып, өздерінің баспасөздегі ағартушылық қызметін әрі қарай жалғастырып, қазақ қоғамына лайық газеттер мен журналдарын шығарады. Жалпы алғанда, өлкеде орнаған кеңестік биліктің алғашқы жылдарында қазақ тілінде мынадай ұлттық баспасөз органдары жарық көріп тұрды: 1. «Ақ жол» газеті, ТКП ОК органы, айына үш рет жарық көреді. Редакторы С.Қожанов; 2. «Шолпан» журналы, ТКП ОК бөлімінің органы, айына бір рет жарық көреді, редакторы И.Тоқтыбаев; 3. «Жасқайрат» ТКЖО ОК органы, айынаүшретшығады, редакторы Алянғаров; 4. «Сана» журналы, айынабірретшығады, Мемлекеттікғылымикеңестік органы, редакторы Х.Досмұхамедов.

Осы баспасөздердің ішінде Түркістандағы кеңестік биліктің ресми газеті болған «Ақ жол» қазақ зиялыларының ағартушылық қызметтін атқаруда ерекше рөл атқарады. Түркістан коммунистік партиясының Орталық Комитеті Атқару бюросы халықпен жүргізетін идеологиялық жұмыстар кешенінің бірі ретінде 1920 жылы 19 қазандағы мәжілісінде «Қырғыз газеті туралы» мәселе қарап, ТКП ОК мен ТүркОАК органы ретінде «Ақ жол» газетін шығаруға; газеттің аптасына кем дегенде 2 рет жарты баспа табақ көлемінде 12 мың данамен шығаруға шешім қабылдап, жауапты редакторлыққа Сұлтанбек Қожановты, жауапты хатшылыққа Міржақып Дулатовты тағайындайды. Газеттің алғашқы саны 1920 жылы 7 желтоқсанда жарық көреді. Газеттің осы алғашқы санын шығарған редакция коллегиясына Иса Тоқтыбаев, Хасан Алиев, Абдулла Байтасов, Қоңырқожа Қожықов, Хади Илаев, Ғабит Алпаров кіріп, оның жауапты редакторлығын Иса Тоқтыбаев атқарған. «Ақ жол» газетінің баспасы Қазақ ағарту институтының жанында орналасқан.

Осы жерде көрсете кететін мәселе – «Ақ жол» газетінен алдында ТүркОАК мен Түркістан майданының саяси бөлімінің атынан аптасына екі рет «Жаңа Өріс» газеті жарық көріп тұрған. Ақ жол газетінің айналасына ұлт қаламгерлері мен ғалымдар топтасты. Атапайтқанда, жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетіндегі көрнекті ғалым-зерттеуші Әуелбек Қоңыратбаев Ақжол газетінде бес жыл тілші болып қызмет істейді. Онда Ботагөз», «Анама» және тағы да басқа айтулы өлеңдерін жариялады. Сонымен бірге, Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып жатқан жас М.Әуезов «Сәуле» журналының әдеби қызметкері болды.Көрнекті жазушылар мен ақындар Сәбит Мұханов, Иса Байзақов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтың алғашқы әңгімелері мен өлеңдерін газеттер мен журналдар беттерінде жариялады. Сыр өңірінің ақын жыраулары Тұрмағанбет Ізтілеуов пен Омар Шораяқтың еңбектерін осы басылымға ұсынған. Асқар Тоқмағамбетов Ташкент басылымдарында өлеңдерін жариялап алғаш рет танымал ақын атанды. Редакция қызметкерлері қазақтың мәдени мұраларын қорғауға белсене қатысып, қырық түйеге тиеген ел ішінен халықтық дастандар мен тарихи жырларды жинастырған. Өкінішке орай олардың көпшілігі басылым көре алмай, қазір шаң басып Өзбекстан мұрағаттарында жатыр.

1925 жылдың жазында барлық республикалық газеттер жаңа астана – Қызылордаға көшірілді. 1925-1929 жылдары өз жұмыстарын Қызылордада жалғастырған «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» және  «Еңбекші Қазақ» сияқты басылымдарда көркем шығармалар, қазақ тарихына, оның ішінде Сыр өңіріне қатысты зерттеулер мен дерегі мол мақалалар жиі басылып тұрды. Ташкентте қызметінің келесі бір ерекше көрінісі Ғанидың баспасөз саласындағы атқарған жұмысы еді. Әсіресе, Түркістан шығыс жастарының жетекшісі болған Ғани Мұратбаев 1921-1922 жылдары «Жас алаш» «Жас қайрат» газетерінің ұйымдастырушысы және алғашқы редакторы болды. Мәселен, Жаңа мектеп журналында М.Әуезовтің әйгілі «Қараш-қараш оқиғасы» кітап болып шыкпай тұрып, осы журналда үзбей басылған[. Сол сияқты журналдың аймақтану бөлімінде Қазақстанды Ресейдің отарлауы, ел ішінде көтерілістер жайында мақалалар жиі жарияланып отырды. Қызылорда астана болғанда қаламызда дүниеге келген басылымдардың бірі «Ауыл тілі» газеті. Газет 1926 жылы 20-шілдеден 1929 жылы 12-ақпанға дейін Қызылорда қаласында шығып тұрған ауыл шаруашылығына арналған тұңғыш салалық газет. «Ауыл тілі» газеті сол кезеңдегі барлық басылымдар сияқты оқу-ағарту, денсаулық, ауылды кеңестендіру, қазақ байларын тәркілеу, индустрияландыру мәселелерін көтерді. Газет бетіне «Шаруа күні», «Мал аурулары» сияқты ауыл тілшілерінің және Ж.Аймауытовтың, Ғ.Мүсіреповтің, С.Сейфуллиннің мақалалары жарияланған.

1926 жылы шілде айынан бастап Қызылордада тұңғыш әйелдерге арналған «Әйел теңдігі» журналы өмірге келді. Журналдың редакторлық қызметін С.Есова, Н.Сәнәлиева, Н.Арықовалар атқарды. Журнал партия мен кеңес ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттерді насихаттау, қазақ әйелдері арасындағы саяси-тәрбие жұмысына, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатыстыру мәселесіне аса көңіл бөлді. Ә.Бөкейхановтың «Қыр қазағы» деген бүркеншік атпен жазған «Ақсақ кемпір» атты әңгімесі, Бейімбет Майлиннің өлең, әңгімелері, Ж. Аймауытовтың «Ақ білек», Қошке Кемеңгеровтың «Назиқа» сияқты әдеби туындылары жарияланған. Журнал 1934 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысы бойынша жабылып, оның редакциясы «Ауыл коммунисі» журналымен қосылды. Кейін «Қазақстан әйелдері» деген атпен қайта шықты.

1930 жылы 7 қарашадан бастап Қазақстан К(б)П Арал аудандық партия комитеті мен аудандық кеңесі атқару комитетінің«Балықшылар» газеті жарық көрді. 1932 жылы газет «Екпінді балықшы», 1938 жылы ол «Социалистік Арал» деген атпен шықты. Газетке әр жылда Ә.Қоңыратбаев, Қ.Жантайұлы, К.Сарсембаевтар редакторлық қызмет атқарды. Газет таралымы 1932 жылы 6300, 1939 жылы 3564 данамен шықты. Газет халықаралық жағдай, партия тарихы, шаруашылық бөлімдерінен тұрды. 1933 жылы Қазақстан К(б)П Қазалы аудандық партия комитеті мен аудандық кеңесі атқару комитетінің органы ретінде «Большевиктік колхоз үшін» газетішыға бастады1935-1937 жылдары газеттің редакторлары болып Мұхамбет Есмамбетов, 1937-1938 жылдары Сәндібек Нұғыманов, 1938-1940 жылдары Махамбет Ағымысов, Итемгеновтер жұмыс істеді. Негізінен сол уақытта аудандық газеттер партия құрылысы, кеңестік шаруашылық мәселелеріне қатысты материалдарға көбірек мән беріп отырды. 1938-1940 жылдары Сыр өңірінің ақыны Б.Өтепұлының өлеңдері басылып тұрды.

1929-1932 жылдары Қызылордада денсаулық сақтау мәселелеріне арналып, қазақ тілінде «Денсаулық жолы»журналы шығып тұрған. Оның 1929 жылы тамызда жарық көрген 1-санының 36 беті араб әріптерімен, 4 беті латын әріптерімен теріліп, 4 мың данадан тарады.«Денсаулық жолының»жарыққа шығуына игі ықпал еткен Қазақстан Денсаулық сақтау халық комиссары М.Тәтімов алғашқы жылдары бас редактор (1929–30) қызметін қоса атқарған. 1930–32 жылдары Б.Әбдірахманов пен С.Асфендияров бас редактор болды. Х.Досмұхамедұлының мақалалары да журналда жиі жарияланып тұрды. Журнал 1932 жылы жұмысын тоқтатты. 1990 жылы «Денсаулық» деген атпен қайта шыға бастады.

1925 жылы Қызылордада Ресей пролетариат жазушылар қауымдастығының негізінде қазақ пролетарлық жазушылар қауымдастығы құрылды. 20-шы жылдардың аяғында қалың еңбекші бұқараға арналған кітаптарды шығару ісін дұрыс жолға қою міндеттері алға қойылды. Бұл міндеттер Қазақстан жазушыларының ұйымына жүктелді. Сөйтіп, 1927 жылдың жазында Қызылордада «Жыл құсы» атты әдеби журнал (альманах) дүниеге келді. 1927 жылы «Жыл құсының» бірінші саны 4000 дана болып басылды. Алайда, альманахтың екі ғана саны шығып, тоқтап қалды. Ол кейін 1928 жылдан бастап ай сайын шығатын «Жаңа әдебиет» журналына айналды.

1929 жылы халыққа жаңа әліппені насихаттау үшін «Жаршы» журналы шығарылды. «Жаршы» журналы 1929 жылдан бастап №1-5 сандарын Т.Жүргенов бастаған редакция алқасы шығарды. Редакторы I.Қабылов болды. «Жаршы» журналы 1929-1931 жылдары Қызылорда қаласында ұлттық қоғамдық-саяси журнал ретінде шығарылды. Журнал латын әліпбиіне көшу барысындағы жетістіктерді насихаттауды, сыни, сықақ материалдарды жариялауды мақсат тұтты.

1928 жылы 1-мамырда Қызылорда өлкелік партия комитеті мен кәсіподақ советінің атынан «Жұмысшы» газеті шыға бастады. «Жұмысшы» газеті көлемі үлкен көлемде, төрт бет болып «Еңбекші қазақ» газетінің жанынан шығарылды. «Жұмысшы» газеті еңбекшілердің қамын ойлап, оларға шын жөн сілтеуші, кеңесші болуды мақсат етті. Адамдардың ұжымдық еңбекке бірігуіне, партия қатарына өтуді көп көңіл бөлді. Жергілікті жерлерде кәсіподақ еңбек шарттарының орындалуын қадағалап кеңес орындарының жұмысына көмектесті. «Лениншіл жас» газетінің тарихы 1922 жылы октябрьде Ташкентте шыққан «Жас қайраттан» басталады. Жетісу, Сырдария облыстары Қазақстанға қосылғаннан кейін  «Еңбекші қазақтың» бір бетін алып  келген «Лениншіл жас» 1925 жылы 3 ақпаннан бастап «Жас қайрат» газеті болып, әуелі Орынборда, сол жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында жетісіне бір рет шыға бастады. Ал сол кездегі жастар өмірінің жаңа талаптарына байланысты «Лениншіл жас» журналы 1927 жылдың қыркүйегінен бастап газет болып шықты.

«Сыр бойы» газетінің алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда қаласында жарық көрді. 1929 жылдың 1 шілдесі күні өзінің дәл бүгінгі атауымен «Сыр бойы» болып алғаш рет жарыққа шықты. Газет Қызылорда округтік партия, кеңес комитеттері мен кәсіпшілер одағы бюросының газеті айдарымен аптасына екі рет шығып тұрды. Алғашқы жылдың өзінде-ақ газеттің таралымы 2000 данаға жетті. Әрине, сол кездегі ұжымдастыру, ашаршылық, жаппай саяси қуғын-сүргіннен басылым тыс қалған жоқ. Арада үш жыл өткеннен кейін 1932 жылы сол кездегі уақыттың пәрменімен бұл атау «Ленин туы» болып өзгертіліп, бұрынғысынша аудандық газеттің мәртебесімен жарық көре берді. Бiрақ бұрынғысынша Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарының өмiрiн толық қамтып тұрды. «Газет таралымы әр жылы әр түрлі таралыммен шығып тұрды. 1932 жылы 9600, 1938 жылы 4110, 1939 жылы 8350 тиражбен шықты. Газеттің көлемі 58х34 см болды.1929-31 жылдары газетке сықақшы, Жиенғали Тілепбергенов, 1931-1932 жылдар аралығында А.Азмухамедов, Д.Сарсембаев, Л.Суюпов, 1932 жылдың желтоқсаны-1934 жыл аралығында Асқар Тоқмағанбетов, одан кейін Әуелбек Қоңыратбаев, Абдолла Құрманаев, 1937 жылы 21 мамырдан Қайыпназар Қауымбаев (1937 жылы қыркүйекте «халық жауы» болып атылып кеткен), 1938-1939 жылдары Х.Сарбасов, М.Сәтбаевтар, жауапты редактор қызметін атқарды.Басылым атауының кезекті өзгертілуі Сыр өңіріндегі жаңа әкімшілік территориялық құрылым – Қызылорда облысы құрылған 1938 жылмен тұспа-тұс келеді. Тап сол шақта мәртебесі қоса өзгертілген газеттің аты «Ленин жолы» болып ауыстырылды. 1925-1939 жылдары Сыр өңірінде түрлі мекемелер өз жанынан газет шығарып отырды. Мәселен, 1935 жылы «Ленин жолы» деген атпен БЛКЖО Жаңақорған аудандық партия комитетінің бір күндік газеті, 1934-1939 жж «Колхозшы» деген атпен Қаракеткен МТС партия, кәсіподақ ұйымдары мен дирекциясының газеті, 1938-1940жж «Арал балықшысы» деген Арал мемлекеттік балық тресі басқармасының және Оңтүстік балықшылар одағы комитетінің газеті, «Балықшының дауысы» – 1936 жыл Балық комбинаты жанындағы бастауыш партия ұйымының газеті, «Верстатка» 1933 жылы №1баспахана жанындағы партия ұйымы мен фабрика-зауыт комитетінің газеті, «Қазақстан теміржолшысы» – 1935 жылдың наурыз-1936 жылдың мамыр айы аралығында шыққан Орынбор теміржолының 3-ші бөлімі Қазалы саясат бөлімінің тілі, «Қызыл мақташы» 1933-1935 жылдары Жаңақорған МТС саясат бөлімінің газеті, «Найзағай»-1933 жылы Қызыл мақташы газеті редакциясының шығарған көшпелі газеті, «Социалды жол»-1933-1934жж Сұлутөбе МТС саясат бөлімінің газеті, «Социалды мал шаруашылығы» – 1933-1934жж. Қызылорда қой совхозы саясат бөлімінің газеті және т.б..

Жалпы алғанда, 1925-1939 жылдары Қызылордада шыққан ұлттық мерзімді басылымдар қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті.

Қорыта айтқанда, 1920-1940 жылдарыҚызылорда қаласында жарық көрген мерзімдік басылымдар ұлттық мазмұндағы қоғамдық сана мен саяси ойдың қалыптасуына елеулі үлес қосты.

К.Ахметова, 

Ақмешіт филиал музейінің

 меңгерушісі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<