Жаңа күннің жаршысы

715

0

Қай ұлттың тарихына үңілсек те, қайсыбір халықтың әдебиетін оқысақ та ежелгі тарихтан, бұрынғы танымнан сыр шертетін небір ұғымдарды, соны бейнелеуге қолданылған не түрлі сөздерді кездестіреміз. Назар салып, үңіле қарасақ,  сол ұғымдардың мәні бір, мазмұны терең екендігіне көз жеткіземіз. Бұның барлығы ежелгі халықтардың дүниетанымы ұқсас, сенімі бір, әлеуметтік-мәдени құндылықтары ортақ болғандығын көрсетеді. Сондай ұғым-түсініктің бірі – «наурыз» сөзі.

«Наурыз» деген не, мән-мағынасы қандай, ол қалай мереке болды деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.Алдымен   «наурыз» сөзінің танымдық, мәдени, әлеуметтік мағыналарын айқындап, осы уақытқа дейінгі өзгерістерін қарастырып, бүгінгі заманның контексіндегі өзектілігіне шолу жасайық.

Көне парсы тілінде нава – жаңа + рәзаңһ – күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но – жаңа + роуз – күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни, «жаңа жылды» білдіреді.

Бұл мерекені ежелгі гректер «патрих»,  тәжіктер «гүлгардон», хорезмдіктер «наусарджи»,  армяндар  «навасарди»,  татарлар  «нардуган»,  чуваштар  «норисояхе» деп  атайды.

Қазақ бұл күнді «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп өзінің тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылық ыңғайына, салт-дәстүріне қарай бата-тілекпен байланыстырады. Ұлыс оң болсын дегендегі «ұлыс» сөзі екі түрлі тұрғыдан түсіндіріліп жүр. Бірінде «ұлыс» – біріккен сөз ретінде қарастырылады. Алғашқы нұсқасы – «ұлы іс». Қазақ  тілінде екі дауысты қатар келгенде біреуі түсіріліп айтылады. Жаңа жылдың алғашқы күні жасаған жаңа әрекетің, ұлы ісің оң болсын деген мағынаны білдіреді. Екіншісі, «ұлыс» – түрік, моңғол тілдерінде халық, мемлекет деген мағынадағы сөз. Сонда ол халықтың немесе мемлекеттің ұлы мерекесі дегенді білдіреді. 

Ал, «ақ мол» болсын деген мал-жаны төлдеп көбейіп, ырыс-несібесі артып, молшылыққа кенелуді аңғартады. Қалай айтса да, түпкі мағынасы айналып келгенде «жаңа күн» дегенді меңзейді.

Мерекені тойлау мәселесіне келсек, Наурызды тойлайтын халықтар күнге табыну, отқа табыну, одан Жер-анаға табыну секілді ертедегі көпқұдайлықтың әсерінен қыстан аман-есен шыққанына тәубе ету, ауыртпалықтарды еңсеріп, жаңа бір істі қолға алуды, алдағы күнін жоспарлауды, оны ерекше атап өтуді көпшілік болып тойлауды әдетке, одан дәстүрге айналдырған. Кейін қаншама ғасырлық дәстүр біртіндеп мәдени құндылыққа айналып кеткен.

Сонымен, Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22-сі) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Міне, бір сөздің астарында мыңғасырлық сыр бар деген осы шығар, бәлкім…

Атеистік, коммунистік идеология қыспағында болған кеңестік түркі халықтары, оның ішінде қазақтар бұл мерекені тойламақ түгілі атын айтуға да шамасы болмағандығын баршамыз білеміз. Кеңестік идеологиялық саясаттың қатаң жүргізілгені соншалық, бұл мейрамды халық жадынан шығарып, ұмыттырып та жіберген. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана республикалық деңгейде аталған мейрамды жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізіле бастады. Сол жылдардың куәгері ретінде осы Наурыз мерекесі жайлы кейбір есте қалған эпизодтармен бөлісейін.

Басқа ауыл-аймақтар мен қалаларды қайдам, менің бала кезімде біздің Майлытоғай ауылында Наурыз мерекесі үзбей тойланып, аталып өтетін. Ауылдағы үйлері бір-біріне жақын орналасқан көршілер әрқайсысы өз үйлерінде наурызкөже жасап, оны сырлы шелекпен, уәделескен бір үйге әкеліп, үлкен қазанға құятын. Мұндай наурызкөже жиналатын үй ауылдың біз тұратын бөлігінде, көбіне біздің үй, кейде Жақыман әкеміз бен Мұстап деген жездеміздің үйі болатын. Осындай жақын көршілер дайындап әкеп ортақ қазанға құйылатын наурызкөже мен мерекелік дастархан ауылдың әр бөлігінде бірнешеу болады. Ауыл адамдары сол дастархан мен наурызкөжеден кезекпен дәм татып, өлең айтып, би билеп, кейде ұлттық ойындар ұйымдастырып отыратын. Мұндай мерекелік дастарханға ауылдың үлкен кісілері көбіне есек мініп келетін. Біз, ауыл балалары, наурызкөжеге тойып алған соң, сол есектерге мініп алып көкпар ойнайтын едік. Балалардың рұқсатсыз мініп кеткеніне ауыл ақсақалдары ренжімейтін, қайта қызықтап, ойынымызды қолпаштап, қостап отыратын. Енді бір топ бала «ләңгі тебу» ойынына кіріссе, одан ересектері қолкүрес, қазақы күрес, аударыспақ сияқты сайыстарға қатысатын. Осындай іс-шаралардың арасында әйелдер күресі де ұйымдастырылып, онда әзілқойлау жеңгелеріміз шынымен балуандардай күрескен болып, жиналған көпшілікті бір үлкен қызыққа батыратын.

Кейін Алматыға оқуға түскенде, Наурыз мерекесінің қалалы жерлерде тойланбағанын, тіпті мұндай ұлттық сипаттағы мерекелерге ескінің қалдығы ретінде тыйым салынғанын білдік.

Алғаш рет 1989 жылы Алматыда халық ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов ағамыздың бастамасымен кеңестік заманда үзіліп қалған Наурыз мерекесінің республикалық көлемде қалалық саябақта тойлануына куә болдық. Кейін оны студенттер қауымы өз университеттерінде атап өтуді дәстүрге айналдырды. Сондай Наурыз мерекесін өзім білім алған қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде біз де жатақхана жанына киізүй тігіп, арнайы сценариймен оқу тобымыздағы қыз бен жігітті үйлендіріп, беташар рәсімін жасап, концерттік бағдарлама әзірлеп тойлаған едік. Бұл елдік, халықтық мерекені ұлттық сипат беріп атап өтудің, рухани санамызды қайта жаңғыртудың бастауы болатын. Міне, қазір бұл мереке ресми билік тарапынан қолға алынып, мемлекеттік мерекелер тізіміне еніп, арнайы демалыс күн беріледі.

Бұл мереке өзге айтулы күндерден бөлек, өйткені 22 наурыз – табиғаттың қайта көктеуі, күллі тіршіліктің  оянуы, барлық адамзатқа тән жақсылықтың бастауы, ұлы істердің жоспарлануы мен жүзеге асуы, Ұлыстың Ұлы күні. Олай болса, елімізге, ұлысымызға мереке құтты болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын деген тілек айтамын.

Аман МӘДЕЛХАНҰЛЫ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<