Зобалаң жылдар жаңғырығы архив құжаттарында

1263

0

Ел тарихын зерделеген жан ашаршылық, жазықсыз қудалау, жазалауды солақай саясаттың кесірі екенін анық аңғарады. Әсіресе, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін ең қасіретті кезең болып есептеледі. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін нәубет құрбандарын есте сақтау бағытында біршама жұмыс қолға алынды. Тарихты қайта парақтау нәтижесінде көптеген тарихи құжат-факт ғылыми айналымға ене бастады.

1993 жылы 14 сәуірде Қа­зақстан Республикасының Жо­­ғарғы Кеңесі «Жаппай сая­си қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау» туралы Заң қа­был­­да­ды. Мақсат – қуғын-сүргін құр­бандарына қа­тысты әдi­лет­тiлiктi қалпына келтiру, солақай саясаттың оларға тигізген мо­ральдық-мате­риал­дық залалын өтеудi қамтамасыз ету. 1996 жылы 30 желтоқсанда Қа­зақстан Республикасының Президенті-Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың «1997 жылды жалпыұлттық ке­лісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жария­лау туралы» Жарлығының шы­ғуы аталған тақырыптың қоғам өміріндегі өзектілігін анықтап берді.

2020 жылғы 24 қарашада саяси қуғын-сүргін құрбанда­рын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссия құру ту­ралы Президент Жарлығы шық­ты. Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың төрағалы­ғымен Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік комиссияның бі­рінші отырысы өтті. Осы ретте, Қызылорда облысы әкімінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы №362 қаулысымен өңірлік комиссия да жұмысын бастады.

1937-1950 жылдар ара­лы­ғындағы саяси репрессияларды архив деректері арқылы анықтаудың маңызы зор. Де­ректерді анықтау, сонымен қа­тар жариялау, талдау тари­хи үдерістің шынайы зерттеу негізін қалыптастырады. Қа­зіргі күні облыстық мемле­кет­тік архив қорын айқындау жұ­мысы жүргізілуде. Облыстық прокуратура мен сот қорынан қуғын-сүргінге ұшыраған қа­зақ зиялылары туралы құжат кездеседі. Өкінішке қарай, архивте толық мәлімет сақ­тал­маған. Мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қызме­ті­не, оларды ақтау кезін­дегі отба­сылық хат алмасу құжат­тары азды-көпті сақтаулы. Зобалаң зардабын тартқан­дар­дың лагерьде 5, 10 жыл жаза өтеп келгесін жоғары органдарға өз­дерін ақтауды сұрап жазған хаттары да бар.

1937-1938 жылдары «троц­кийшіл-бухариншіл сатқындар мен герман-жапон шпионда­рына қарсы күрес» деген же­леумен Қазақстанның көп­те­ген партия-кеңес, комсомол, кә­сіподақ қайраткеріне, ақын-жа­зушысына, сонымен қа­тар қарапайым жұмысшы-ша­руаларға әртүрлі айып та­ғылып, қуғын-сүргінге ұшы­рады немесе атылды. Ол кезде төрелік айту билігі қандықол «үштіктің» басқаруы арқылы жүргізілді.

Архив қорындағы облыстық прокуратура құжаттарында 1937-1938 жылдары негізсіз  айыпталып, 1956 жылы ақтал­ған азаматтардың істері кезде­се­ді. Соның ішінде үш азаматқа «алашордалықтармен байланысы бар, контревалюциялық ұйымның мүшесі және жапон шпионы» деген кінә та­ғыл­ған. Олар – Шиелі ау­данының тумасы, сауатты аза­мат Қал­жан Қоңыратбаев, Қар­мақ­шы ау­дандық мал азы­ғын да­йын­дау мекемесінің мең­­ге­рушісі қызметін атқарған Мырзақұл Шахаров, Арал па­роходшылығы бастығының кө­мекшісі қызметін атқарған Цой Шен Хак.

Қалжан Қоңыратбаев – атақты ғалымдар Әуелбек және Әлібек Қоңыратбаевтардың ба­уыры. Кеңес органдары бұл әулеттен үш адамды қудалады. Алаш ардақтыларын ашық қолдап, үн қосқан Көлжан (құжатта осылай) Қоңыратбаев 1877 жылы Шиелі ауданының Қызылту колхозында дүниеге келген, сауатты. НКВД-ның үш­­тігі «1937 жылы Оңтүстік Қа­зақстан облысында көктемгі егіс жұмыстарына зиянын ти­­гізді» деп, алашорданың «Ақ­­жол» газетінің таралуына көмектескені, алашорда­лық­­тардың мақалалары мен әндерін насихаттағаны, Сұл­тан­­бек Қожановпен тіке­лей бай­­ланыста болғаны үшін айып­­таған. «Ұлтшыл-ала­шор­­да­лық» деп атаған. Асыл аза­мат конц­лагерьде 10 жыл жа­­­засын өтеді. Негізсіз айып­талғаны дәлелденіп, 1956 жы­лы ақталды.

Ал Мырзақұл Шахаровтың ісінде Кеңес Үкіметіне қастық жасау әрекетімен астыртын контреволюциялық ұйым мү­шесі болғаны, колхозшыларды қыс мезгілінде елді мекеннен тыс жерде канал қазуға мәжбүрлегені, 1936 жылы ер­те көктемде тоң жерге дәнді дақыл еккізіп, соның кесірінен астық түсімі төмендегені кел­тірілген. Бұлардың негізсіз еке­­ні анықталғанмен, кейінгі тағ­­дыры белгісіз.

НКВД-ның ерекше үштігінің шешімі Цой Шен Хактың өмірін де ойрандады. Ол 1900 жылы Примор облысы Посъет ауданы Янгиха ауылында дүниеге келген. Тұтқындалғанға дейін Арал пароходшылығы бастығының көмекшісі болған. 1922 жылы Читадағы жапон консулы Со­тоның тапсырмасымен Ленин­градтағы әскери училищеге шпиондық әрекетпен кіріп, сол оқу орнын бітіріп шыққаны келтірілген. Сонда оқып жүр­генде Амурдағы әскери теңіз флотында қызмет істеп жүріп, құпия мәліметтерді жапон кон­сулдығына хабарлап отыр­ғаны үшін айыпталған. Бірақ тұтқындалушының күштеп мо­йын­дағанынан басқа ешқандай дерек көздері табылмаған.

«Халық жауларын» анықтау бағытында жоспарлы жұмыс жүргізілген. Сол кездердегі қа­тыгез саясаттан олардың өздері ғана емес, жақындары да жапа шекті. Архивте на­қақтан-нақақ ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған азаматтардың жанайқайы, Отан, халық алдындағы адал­ды­ғын дәделдей алмай, сот­тал­ғаннан кейін 1956-1957 жылдары КСРО-ның бас прокурорына өздерін ақтауды сұрап жазған өтініштері сақтаулы.

Мысалы, Қызылорда қала­сында тұрған Дохненко Геннадий Петрович өтінішінде өзін 1948 жылы 20 қазанда Қазақ КСР-ы Қызылорда об­лысының жергілікті қауіпсіздік басқармасы органдары тұтқын­дағанын жазыпты. Облыстық сот 1949 жылы 3(6) қаңтарда РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-тармағы бойынша 10 жылға еңбек түзету лагеріне жіберген. Одан бө­лек, 5 жыл мерзімге сайлау құқығынан шеттетіледі. Алдымен Ақтөбе қаласының Ал­ға қыстағында, кейін Қиыр Шы­ғыстың «Советская Гавань» қаласындағы лагерьде, Хабаровск өлкесінің Ванико портында жазасын өтеген.

1954 жылғы 10 тамыздағы Хабаровск өлкелік сотының тұрақты сессиясының анықтауы бойынша 1954 жылы 25 тамызда мерзімінен бұрын босатылып, Қызылорда қаласына оралған. Айтуынша, іс «халық көсеміне жала жапты» деген айып және қарамағындағы жұ­мысшының жалған құпия өсегі негізінде қозғалған. «Мен тұтқындалғаннан кейін МГБ тергеу органдарымен маған 58 баптың 7, 10, 11-тармақтар бо­йынша жала жабылып, олардың екеуі (7, 11-тармақтар) қыл­мыс­тық құрамы жоқтығына бай­ланысты алынып тасталды. 58-баптың 10-тармағы бойын­ша тағылған айыппен мен өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімдегі бүкіл еңбек жо­лымда өзімнің Отаным үшін адал еңбек еттім. Кеңес үкі­метіне қарсы ешқандай үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гіз­ген емеспін. Менің ісімді қай­та қарауды және ақтауды  өті­немін», – делінген 1956 жылы 14 қазанда жолданған хатта.

Аралдық Кузнецов Александр Федоровичтің өтініші де осыған ұқсас. Балық шаруа­шылығында табысты еңбек еткен оны 1937 жылы 22 сәуірде Арал аудандық НКВД бөлімінің уәкілі тұтқындап, 10 күннен кейін Ақтөбе облысының НКВД облыстық бөліміне жі­берген. «Маған «Аралгосрыб­трест» мекемесіндегі контр­ре­­волюциялық, зиянкес ди­­­вер­сиялық ұйымның мүше­сі» деген айып тағылды. Мұн­­дай ұйым туралы ешқандай тү­сінігім бол­мағандықтан мен жала жабу сипатындағы құжат­тарға қол қоюдан бас тарттым. Тергеу мерзімі біржақты және әділетсіздікпен 8 ай уақытқа созылды. Әділетсіз ай­ыптауларға қарсылық білдіре отырып, маған екі рет аштық жариялауға тура келді, бірақ бұл менің тергеу ісімді сәл ғана баяулатты», – делінген онда.

1937 жылы 10 желтоқсанда басқа да сотталғандармен бір­ге оны Ақтөбеден Углич қала­сына жөнелтті. НКВД үштігі 1937 жылы 17 желтоқсанда РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 7, 9, 10, 11-тар­мақтарына сәйкес сырттай 10 жылға соттаған. Кейін қа­лыпты өмірге қайта орал­ған­­мен себепсіз кінәлау өмі­ріне көлеңкесін түсірді. «Мұ­ны мен 6 жасар ұлымнан жа­сыруға мәжбүрмін. Мен өзім­ді кінә­сіз са­наймын және санап ке­лемін. Мен ешқашан еш­қандай ұйымға мүше болған емеспін және үкіметке қарсы шыққаным жоқ. Бұлай жасауға менің отансүйгіштігім, ұлы Ота­ныма деген сүйіспеншілігім, ар-намысым жібермейді», – делінген хатта.

Жоғарыдағы өтініштерден азаматтардың сол замандағы озбыр саясаттың аяусыз қор­лығына ұшырағанын көреміз. Ұлты мен діні, тілі мен ді­ліне қарамастан, мыңдаған адам то­талитарлық жүйенің диір­меніне түсіп, өзгеше ойла­ғаны үшін бекер сотталып, ту­ған жерінен аяусыз айда­лып, түрмелерде көз жұмды. Біз ұсынған фактілер зұлмат та­рихтың сарғайған парақта­рынан сыр шертеді.

Жазықсыз жапа шеккендер­дің рухына тағзым ету, қилы кезеңді ұмытпау, тәуелсіздікті баянды етуге ұмтылу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз осылайша кемел келешекке жол ашамыз. Сонда ғана еліміз түлейді, ұлтымыз рухани тұрғыда жаңғырады.

Жанат АЛТЫНБАЕВА,

облыстық мемлекеттік

архив басшысының

орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<