Халық театрларына қолдау қажет

854

0

Өнердің барлық түрі өркениетті өнегеге тәрбиелейді. Соның ішінде театрдың талғампаз көрерменге берері көп. Сол үшін де Сыр өңірінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, режиссер Тынымбай Мәдиевті еске алуға арналған «Өшпес тұлға жолымен» атты халық театрларының облыстық байқауы өтіп тұрады.

Орындалған уәде

Айтпағымыз, байқауға клуб кәсіпорындары мен мәдениет үйлерінен 13 халық театры қатысып, оларға Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Ақтөре Оразалы, «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі Ұлболсын Қылышбаева, бас суретшісі Нұркен Қалымбетов, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығы басшысы Жанат Құрамысова, Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Әсет Шілдебаев қазылық еткен еді. Кәсіби шеберлердің есімін толық айтуымыздың басты себебі де бар. Олар өздері іріктеген, жеңімпаз атанған жер-жердегі халық театрларына облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында қойылымдарын қойып, өнер көрсетуге мүміндік жасауға уәде берген. Міне, сөз сөз күйінде қалмай артистер үш күн бойы Сыр сахнасының сәнін келтірді.

Айтпақшы, байқау қорытындысының нәтижесі бойынша бас жүлде «Түнек» спектакліне (Жаңақорған ауданы), І орын «Тендерге түскен келіншек» драмасына (Қармақшы ауданы), ІІ орын «О, қыздар!» қойылымына (Сырдария аудандық мәдениет үйі) берілді. Жүлделі ІІІ орын «Жеңгетай» комедиясына (Жалағаш аудандық мәдениет үйі), «Қызыл орамалды шынарым» (Қазалы қалалық мәдениет үйі) қойылымдарына бұйырған.

Ал Тынымбай Мәдиев атындағы арнайы жүлдемен «Құдірет пен қасірет» (Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің халық театры) қойылымы марапатталған. Біз осы бір тағдырлы шығарманы тамашалап, артистердің мұң-мұқтажын да тыңдап қайттық.

Құдірет пен қасірет

Шағын ауылдан үлкен дүние әкелген өнерпаздарды көрермен ыстық ықыласпен күтті. Оны халықтың қошеметінен анық сезінуге болады.

– Облыс бойынша халықтық атаққа ие 63 ұжым бар. Оның ішіндегі он төрті «халық театры» мәртебесін алған. Облыс сахнасында спектакль ойнау халық театрларының арманы болатын. Міне, осы мақсат бүгінде орындалып жатыр, – деді облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Гүлжан Байзақова.

Несіпбек Дәутайұлының «Құдірет пен қасірет» романы желісімен инсценировка жасалған спектакль  бірінші күні қойылды. Оқиға 1930-1953 жылдар аралығында болған. Ашаршылық, репрессия, соғыс кезі және соғыстан кейінгі қазақ ауылының қасіретті өмірі көркем көрініс табады. Романды инсценировка жасаған және қоюшы режиссері Серік Жаңабаев.

– Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің жанындағы халық театрының «Құдірет пен қасірет» атты спектаклін көріп, жақсы әсер алып қайттық. Қойылым қуғын-сүргін заманында  НКВД  қызметкерлерінің  зиялылар  мен  атқамінер  азаматтарға қарсы жасалған қатыгездік пен жауыздықты бейнелейді. Сол замандағы адамдардың сатқындығын да ашып көрсетіп береді.

Жалпы көрініс жаныңды тебірентіп, сол дәуірдегі қазақ басындағы мәселелердің әлі күнге дейін бар екендігін ұғындырады, – деді Арал ауданы Қызылжар ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айтуған Сембаев.

Ауылдағы ахуал алаңдатады

Теңгенің екі жағы бар. Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің директоры Серік Жаңабаевпен тілдескенімізде ол қойылымды мұнан да сапалы әрі шабытпен орындауға болатынын, қолбайлау дүниелер көп екенін тілге тиек етті.

– Біздің ауылдағы Мәдениет үйінің ғимараты 1976 жылы жергілікті қамыс материалынан салынған. Сыйымдылығы 240 орындық. Салынғанына жарты ғасырға жуық уақыт өткен ғимарат күтімнің мықтылығынан ғана қалқиып тұр. Қыста суық, іс-шара жасау мүмкін емес. Жұрт үйірмеге балаларын жібермейді. Сондықтан қазіргі заманға лайықты ғимарат салынуын сұраймыз. Әкімдік «салып береміз» деп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Бірақ, нәтиже жоқ.

Екі жарым мың халқы бар Аманөткелге 100 орындық мәдениет үйін саламыз деп, жоба-сметалық құжаттарын жасап қойған екен. Халық санын есептесек, кемі 200-250 орындық мәдениет үйі салынғаны жөн, – дейді Серік Жаңабаев.

Оның айтуынша, Мәдениет үйі жанындағы «Алдаспан» әзіл-сықақ отауы 2016 жылы халықтық атағын қорғаған. Сол кезден бері де жеткен жетістіктері, тәрбиелеген дарынды шәкірттері жетерлік.

– Атақты қорғау алдында сол кездегі аудан әкімі А.Мұхимов: «Егер қорғасаңдар 2 штатпен қамтамасыз етем» деп кепілдік берген болатын. Біз халықтық атағын қорғағаннан кейін әкім басқа жұмысқа ауысып кетті де, онан кейінгі әкімдер уәдеге тойғызып әлі жүр. Біз алақан жайып, жоқ штатты сұрап отырған жоқпыз. Өзіміз жеңіп алған, ауылға тиесілі штатымызды сұрап отырмыз. Сөйтіп, ҚР Мәдениет министрінің бұйрығы 7 жылдан бері орындалмай келеді.

Жалпы, Арал ауданында ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарына, материалдық базасына, іс-шараға, іссапар шығындарына қаражат мүлде бөлінбейді. Ең негізгі жұмыстарға қаржы бөлінбегесін, жұмыс сапасы да дұрыс болмайды. Құлашыңды кең жайып жұмыс істей алмайсың, – дейді Серік Абдуллаұлы.

Жасырып-жабатыны жоқ, ауылдағы клубтар мен мәдениет үйлерінің сиқын көз көріп, құлақ естіп жүр. Елді мәдениетке тәрбиелейтін мәдениет үйінің көркі келісіп тұрса, шабыт шаңырағы айналасына шуағын шашып, талай өнерлі өрендерге бақ сыйлар еді. Иә, бүгінде халық театрларына қолдау ауадай қажет болып тұр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<