Алматы гастролінен кейін демалдық па, демалмадық па бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Труппаның бір топ актері Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Ақсақал аң-таң» комедиясына кірісетін болдық. Режиссері – Алматы консерваториясы режиссура факультетінің төртінші курс студенті Тілеуберді Доспаев. Тілеуберділер біз үшінші курсқа өткенде оқуға түсіп, режиссурадан оқи бастаған еді. Қатар оқығасын жақсы таныс, достық ниеттегі кісілер болатынбыз.
Режиссер бізге пьесаны өзі оқып берді. Біздің түсінгеніміз – бұл шығарма баяғы «Беу, қыздар-айдың» жалғасы іспетті, бірақ алғашқы пьесаға қарағанда жеңілдік, ойнақылық, водевильге тән қимыл-әрекет, жастық серпін өте аз сияқты. Комедиядан гөрі драмаға жақын. Мен – ақын Әубәкірмін, ғылым докторы Хасен – З.Мейірманов, Күнсұлу – З.Сәулебаева, Нұрсұлу – С.Масина, Сұлтан суретші – С.Шотықов, Серке – Т.Айнақұлов. Жұмыс басталып кетті.
Әріптестеріммен тіл табысу онша қиынға соққан жоқ. Кейде артық қимылға барып, наигрыш – яғни әрекетті әдейілеп әсірелеп көрсете бастасам бәрі күліп, «осы дұрыс, осы дұрыс» деп қояды, режиссер де қарсы емес, ал мен бұл болмайтын әдіс екенін сезіп, тізгінді тежеп, таза комедиялық бағытпен жұмыс істей бастадым.
Театрымызға Қарағанды театрынан ауысып келген режиссер Исмаил Исаұлы Курумов башқұрт драматургі Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түнде» трагедиясын сахналауға кірісті. Рольдер: Таңқабике бейнесінде Қазақ ССР-нің халық артисі Шолпан Бәкірова, Дәруіш – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Оралбек Әбдімомынов, Шапақ – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Жібек Бағысова, Ақжігіт – Шайтұрсын Әбдібаев, Зүбәржат – Ұлбатай Баяділова болып белгіленіпті. Ал енді Диуанаға келгенде ол рольді орындауға Тынымбек Пірімжановпен қатар режиссер мені де қосқан екен, бас режиссер Маман Байсеркенов режиссердің бұл ұсынысына тоқтам салып, Теміров «Ақсақал аң-таңда» бар, әрі режиссердің ассистенті деп мені Диуана ролінен шеттетіпті.
17 қараша күні В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедия» спектаклімен театрдың он үшінші маусымының ашылу салтанатын жасайтын болдық. Аншлаг.
Бәріміз де көтеріңкі көңілдеміз. Театрдың өзіне тән үш мейрамы бар. Біріншісі осы – театрдың жаңа маусымының ашылу салтанаты. Екіншісі – 27 наурыз, Халықаралық театр күні мейрамы. Үшіншісі театрдың кезекті маусымының жабылу салтанаты. Артист қауымы әсіресе осы үш мейрамды қастерлеп және оны өз дәрежесінде ерекше атап өтуге барын салады.
Театрымызға басшылар, зиялы қауым өкілдері келіп, ұжымның мерекелік мерейін асыра түсті. Әуелі құттықтау сөзін айтып, Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық Советі атқару комитетінің театрға Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық ақыны және композитор Нартай Бекежановтың атын беру туралы Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық Советі атқару комитетінің қарарын Қызылорда облыстық атқару комитетінің председателі А.Асқаров жолдас әкеліп, театр басшыларына табыстады.
Сахнаға Нартай әкеміздің жұбайы Ақжан апай шықты:
«Менің айтатын сөзім көп еді, көңілім қатты босап… айта алмай тұрмын… Мен ағаларыңнан айырылдым, ол мүлде өлді ғой деп есептейтін едім, жоқ, ол өлмепті. Бүгін оған көзім жетті, Нартай ақын тірі екен. Нартайды екінші рет тірілтіп, өмірге әкелген облыс басшылығына және театр ұжымына мың алғыс айтам». Ол кісінің тебіренісі бәрімізге беріліп, спектакльді жаңа қойғандай дәрежеде шабытпен ойнап шықтық.
Маман шақырып жатыр дегенге жұмысқа келсем, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» спектаклінің репетициясы өткелі жатыр екен. Рольде жоқпын, сосын өзімше демалайын деп үйде жүргем ғой. Енді ғана есіме түсті, Маман маған Теміршалдың ролін жазып ал деген екен ғой.
– Сен Теміршалды ойнамасаң болмады, басқа ешкім жоқ.
– Мен бүгін ауылға кетсем бе деп едім, үлкен кісілерге соғатын шаруаларым да бар еді.
– Оның ретін кейін келтірерсің, ал бүгін Теміршал сені күтіп тұр!
Осылайша кезекті рольді де ойнап, спектакльдерде артистері жоқ рольдерге асығыс түсіп, оларды да игеріп, ұжыммен бірге Қызылорда театрындағы еңбек жолымды бастап жаттым.
Мен театрға келместен бұрын-ақ Маманмен сөйлескенде спектакль қою мәселесі туралы да ақылдасқам. Ол көрерміз деген. Жұмыс қызып, жаңа маусымның дөңгелегі қозғалып, театр қалыпты жұмыс процесіне түскен кезде Маманмен тағы сөйлестім.
– Ойыңда не бар?
– «Қозы Көрпеш – Баян сұлу».
– Жеңілдеу бір пьесаны алмадың ба?
– Құлай қойсаң да, нардан құла деген ғой.
– Онда былай, Хұсейн. Мен саған репетиция уақытын бөліп бере алмаймын. Екі режиссер келіп, жұмысқа кірісіп жатыр. Жақында мен де Мұхтар Әуезовтің «Қара қыпшақ – Қобыландысын» қолға алатын шығармын. Егер сол спектакльге қатысатын жастар келіссеңдер, қазір барлық театрларда іске асып жатыр, негізгі репетициядан тыс уақытта дайындаймыз, репетиция уақытына кедергі жасамаймыз десеңдер, мен рұқсатымды беремін. Сен жастармен ақылдас та, егер келіссеңдер жұмысты бастай беруіңе болады.
Негізгі репетиция 11 мен түскі 2-нің арасында өтеді. Сағат 2-де жастар болып басымыз жиналып, мен оларға Маманмен болған әңгімені айттым. Жастар түгелдей құптап, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» кірісетін болдық. Репетиция күніге бір-ақ рет, таңертең 9-дан 11-ге дейін.
Неге «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»?
Негізгі ой – Қозы мен Баянның шынайы махаббатын жастардың орындауында сезім тазалығымен жеткізу. Екі жастың махаббатына ұмтылған күрес жолындағы олардың жанкештілігі, керек десең құрбандыққа баратын көзсіз ерлігін жырлау – қойылымның арқауы болмақ.
Және біздің жастардың бір кемшілігі бар – ол сөзге немқұрайды қарау. Ал сөз мәдениетін көтеруге Ғабит Мүсірепов драматургиясының орны ерекше. Пьесадағы әрбір кейіпкердің сөзі қазақ тілінің маржан тізбегіндей ғой.
Сонымен қатар пьесадағы кейіпкерлердің рухани күші мол, жеке дара, бөлек-бөлек тұлғалар екендігі де актерлер үшін аянбай еңбек етуге тұрарлық, шығармашылық ізденіске сұранып тұрған бейнелер.
Рольді мен былайша бөлдім.
Қарабай – Тұрғанбек Әшімов, Ораз Нәсімханов,
Күнікей – Ұлбатай Баяділова, Зағипа Сәулебаева,
Баян – Сәнім Масина,
Таңсық – Нұржиян Атушева,
Мақпал – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Жібек Бағысова,
Қозы – Шайтұрсын Әбдібаев,
Қодар – Тынымбек Пірімжанов,
Жантық – Серік Шотықов
Жарқын ақынға өзімнен басқа адам болмады.
Осылайша қиындық қамытын өз еркімізбен мойнымызға іліп, күніге екі-ақ сағат репетиция жасап, өте тығыз кестеде дайындықты бастадық. Режиссер ретінде қуат берген жастардың маған деген сенімі болды. Мен де олардың сенімін ақтауға тырыстым.
Театр директоры Сақтаған Тұрлымұратов екі қолын көтере қуаттап, қаражатын тауып беретін болып келісті.
Исмаил Исаұлы Маманның соңынан қалмай жүріп, менің Диуананы ойнауыма рұқсат алып беріпті. Мен «Ақсақал аң-таңдағы» ролімді Тұрғанбекке тапсырып, өзім «Ай тұтылғанға» ауысып едім, тіпті екі-үш күн репетиция жасап, спектакльдің атмосферасына ене бастап едім, Тілеуберді Доспаев ренжіп, амал жоқ «Ақсақалға» қайтып оралдым.
Көп ұзамай «Ақсақал аң-таңның» тұсаукесерін өткізіп, режиссердің атына пішен-пішен мақтаулар айтылып, біздің тарапымызға да біршама жастықтар тасталып, комедияның премьерасын дүркіретіп халыққа ұсындық.
Жыл аяғында Курумов та қарап қалмай «Ай тұтылған түнде» спектаклінің премьерасын дайын қылды. Спектакльде Ш.Бәкірованың Таңқабикесі, О.Әбдімомыновтың Дәруіші, Ш.Әбдібаевтың Ақжігіті ерекше аталып өтті. Мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлумен» жұмыс жасап жаттым.
Күнде бір ғана көрінісін жасаймыз, репетиция уақытында артық сөз жоқ, әңгіме тек спектакль жайлы, кейіпкерің және осы көріністің ахуалына ғана көңіл аударып, репетицияны сығымдап жасауды үйреніп алдық. Бірақ енді уақыт аз әрине. Дегенмен жастардың ынтасы, осы спектакльді қайтсек те шығарамыз деген ниетіне көлеңке түскен жоқ, дайындыққа күнделікті қатысып, таңертеңгі екі сағатты барынша пайдалануға жұмыс жасай түстік.
Маман Байсеркенов жыл басында М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» спектаклінің қойылымын қолға алды. Қобыланды – Т.Пірімжанов, Қазан – З.Мейірманов, Алшағыр – Т.Айнақұлов, Көбікті – Ш.Мәрденов, Көклан – Ш.Бәкірова, Қарлыға – Ж.Бағысова, Құртқа – С.Масина, Қараман – О.Әбдімомынов пен С.Шотықов. Маған тиген роль – Бірсімбай, ханның баласы.
Менің Қобыландыны ойнағым келіп-ақ еді, Қарағандыдан шақыртқанда Маманның айтқаны да бар еді. Бірақ бәрін режиссер өзі ғана шешеді ғой. Есесіне спектакльдегі бүкіл сайыс сахналарын Тұрғанбек екеуміз қоя бастадық. Маман қарсылық білдірмейді, бірақ сендер түгел қойып шығыңдар деп те айтпайды. Қызық.
Ендігі жерде әрине, бүкіл ұжымның, артистердің, басты рольдегілердің режиссер бас болып, бар ықыласы «Қобыландыға» ауатыны анық. Менің Қозы Көрпешімнің халі не болар екен? Артистерім Тынымбек, Жібек, Сәнім «Қобыланды» спектакліндегі басты рольмен қатар, менің спектакліме қатысу, кейіпкерлерімен жұмыс істеу, дайындық мәселесі қалай болар екен?
Маман спектакльдің шешімін жасауға өзіміздің суретшілердің арасында бәйге ұйымдастырған еді, бас суретші Әсет Әбдрахманов, жас суретші Жұмат Әбиров, және жаңа ғана әскер қатарынан келген Серік Пірмаханов. Ұжымға да, ең бастысы, режиссерге де Серіктің жасаған эскиздері қатты ұнады. Сахнада төңкеріліп жатқан қалқан, айнала шаншылған биік найзалар, ілулі тұрған қарулар. Көркемдік кеңес осы ұсынысты қабылдап, ағаш ұстасы Иван Якубовский бүкіл сахнаны алып жататын қалқанды жасауға кірісіп кетті.
Репетиция қыза түсті. Маман тәртіпті шашау шығармай мықтап ұстап, тіпті өзара сөйлесе қалатын екі артист қатар отыра қалса дереу оларды ажыратып, өзінен кейін бір адамның тұмсығы есіктен көріне қалса оны кіргізбей репетицияны өте қатал, әрі қарқынды жүргізіп жатты. Және бір қызығы, режиссер артиске өзі дұрыс деп тапқан дауыс ырғағын мәжбүрлеп тұрып мойындатып, тек сол ырғақпен ғана жұмыс істеуді талап етеді екен. Бұл енді қиындау, сенің ішкі сезімдеріңнің өзгерісі режиссер белгілеген дауыс ырғағына сәйкес келмей қалуы мүмкін ғой. Жоқ, солай істеуге міндеттісің.
Мизансценаға келгенде Маман мықты режиссер. Көлбеулетіп төңкерілген қалқанның үстінде жүріп-тұру да оңайға түспейді, оның үстіне Маманның скульптуралық, кең құлаш сермеген ауқымды мизансценаларын орындау қиынға соғып жатты. Маман да құрып алып, артистердің мизансценаны нақты орындағанын қатты қадағалап отыратын режиссер. Мизансцена менің тілім, менің үнім, менің болмысым, менің басты құралым деп тұжырымдап та қояды.
Ал мен болсам «Қобыландыда» дайындықта жүрсем де «Қозы мен Баян» ойымнан шықпайды. Кейде өзімнен кеткен кемшіліктерді ой елегінен өткізем. Бірде спектакльдің жалпы темпо-ритміне сәйкес, әрбір сахнаның өту градусына көңіл аудармайтынымды аңғардым. Ал темпо-ритм дегеніміз сезімді тудыратын, сезім қуатының температурасын анықтайтын сахналық қасиет қой. Келесі репетицияларда мүмкіндігінше дайындық үстіндегі сахнаның спектакль темпо-ритміндегі өз орнын анықтап, соны актер ойыны арқылы аша түсуге ұмтылған жөн-ау.
Суретші Серік Пірмаханов әуелі бізден бастаған болатын. Оның біздің спектакльге жасаған шешімі де дүниетанымымызға дәл келетіндей. Сахнада екі үшкір найза тас етіп алған көлбеу станоктар жасамақшы. Біреуі ақ, біреуі қара. Ақ жол мен қара жолдың айқасындай. Суретшінің шешімі бізге ұнады. Сахналық алаңға кеңдік берген, мизансценаларды құлашты жайып жасауға болады.
16 наурыз күні «Қара қыпшақ Қобыландының» премьерасы өте жақсы деңгейде өтті. Тынымбек Пірімжанов жарады, осындай күрделі бейнені өз деңгейінде алып шықты. Қарлыға – Жібек, Құртқа – Сәнім, Қазан – Зекен, Алшағыр – Тұрысжан, Шуақ – Шайтұрсын мақтаулылар қатарынан көрінді. Менің атыма да біршама жылы сөздер айтылды. Әсіресе сайыс сахналарын қойғаным үшін.
25 наурыздан бастап, бізге сахнаны босатып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» репетиция жасауға уақыт бөлетін болды. 6-7 сәуірде премьера өтуі керек. Осы бір күндері спектакльге қатысушы негізгі артистер күндіз-түні сахнада жүрді десем артық айтқандық болмас. Уақытпен санаспай, таңғы 9-дан бастап, кешкі 8-9-ға дейін репетиция жасаған күндеріміз болды. Ең бастысы, айқай да жоқ, ұйқай да жоқ, тату-тәтті, артық сөз жоқ, бір үйдің баласындай жұмысқа кірістік. Содан болар, спектакліміз жиналып келе жатты. Қарабай боп Ораз Нәсімханов пен Тұрғанбек Әшімов түсінен шошынып жүгенін сабалап жүрсе, Жантық боп Серік Шотықов оның қабырғасына жабыса қалады. Күнікей мен Мақпал қан құйып анттасқан ақ орамалды көрсетіп, екі жасқа мейірімді бола гөр деп жалбарынса, Қарабай ол орамалды аяғымен таптап, мен тіріде олар қосылмайды деп азар да безер болады. Жауға аттанған Баянды көріп, Қозы оны әлі танымаса да, «жауға қыз аттанғанда, жас жігіт үйде жатқанба» деп оның жолын сұрап алып, Қодарды тұзақтап, Қарабайдың алдына алып келеді. Осылайша оқиғадан оқиға өрбіп, кейіпкерлердің қақтығысы күшейе түседі, Қодар мен Баянның, Қодар мен Қозының ашық күресі сайыспен жүріп өтсе, Жантықтың Қодарды қайрайтын көріністері Тынымбек пен Серіктің орындауында ширыға түседі, ақыры Қодар ашу үстінде Қозыны жарып тынады.
Прогонға келгенде әрекет үстінде жоқ артистер ешқайда кетпей қарап отырады, спектакль басынан аяғына дейін өтіп болысымен, талқылау басталады. Міне осы жерде дауыс көтеру де, кемшілікті көрсетем деп ниеттеніп ашына айту да болып тұрады. Артынан бір-бірімен қол алысып, тоқтамастан келесі прогонды бастап кетеміз.
Ең бастысы біздер, басы мен болып, бүкіл «Қозы-Баян» ұжымы түгелдей осы спектакльдің әуелі тілеуін тіледік, уақыт аз болса да шаршамай репетиция жасап, спектаклімізді шыңдай түстік, енді міне уақыт дайындыққа берілген күннен бастап, еселеп еңбек етіп, қойылымды премьераға жеткіздік-ау, әйтеуір. Біздің жастығымызға, жастық сезім шуағымызға елітті ме көрермен біздің қойылымды жылы қабылдады. Мен алғаш рет премьерада сахнаға спектакльдің режиссері болып көтерілдім.
Жалғасы бола ма? Әлде осымен доғарам ба? Менің алдымда сұрақ белгісі тұрды. Не болар екен?
Ал артистер?
Тынымбектің Қодары ерекше болды, шоқтығы биік. Шайтұрсынның Қозысы өз алдына бір бөлек дүние, ешкімге ұқсамайды. Серіктің Жантығы да биіктен көрінді. Қыздар да бірімен-бірі келісіп жүріп, үлкен кісілерді, Баянды өз дәрежесінде ойнап шықты. Суретші Серік Пірмахановтың декорациясы сахнаға үлкен бір суреткердің келгенін жеткізгендей айрықша бағаланды.
Спектакль қойдым, енді жағдайым түзелер дегем, олай болмады. Артист қауымның үлкендері «кеше ғана қатарымызда жүрген бала, қайдан режиссер болсын» деп ойласа, жастар жағы «бұл әлі режиссер емес, келешекте де спектакль қойса жақсы, ал қоймаса ше?» деген сияқты маған деген дүбәра көзқарас қалыптасты. Маман режиссерлерді сырттан шақырғанды жөн санады.
Біздің премьера өтісімен-ақ Қарағандыдан Төлеш Тұңғышбаев келіп, Сәкен Жүнісовтың «Ажар мен Ажал» пьесасын сахналауға кірісті және оны тез арада – жазғы гастрольге дейін дайындап беруі керек. Мен ол қойылымда жоқпын, сондықтан театрға келіп-кетіп жүрдім, спектаклім болса ойнаймын, қалған кезде боспын.
Профсоюздың үлкен жиналысы болып, мені кәсіподақ ұйымының төрағасы етіп сайлап жіберді. Маман «енді сен басшының бірісің, әсіресе мен ғана емес, сен де тәртіпті бір кісідей қадағалайтын боласың» деп қояды. Жарайды деп қойдық.
30 сәуір күні Төлеш премьерасын тапсырып, ұжым екіге бөлініп, сонау тамыз айына дейін жазғы гастрольге бет алды. Бір бригада Қарақалпақстанға, Өзбекстанға бармақшы, одан соң Оңтүстік Қазақстан облысының Келес, Сарыағаш аудандарында болады. Ал екінші бригада сонау Жәнібекке поезбен барып, содан Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Казталовка, Чапай, Жымпиты, Қаратөбе аудандарының совхоздарын жермен аралап, күн құрғатпай спектакль қойып, одан Ақтөбе, өзіміздің облысты аралап барып елге қайтады.
Менің осы жаздағы ең үлкен жаңалығым, ол Әлия Арысбайқызымен танысып, табысуым болды. Әлияның тап осы кезеңде кездесуі – кім боларымды білмей, бағдарымды анықтай алмай жүрген мен үшін қараңғы жерде жағылған шамшырақтай әсер етті. Біз екеулеп жанұя құратын болдық. Тағы бір жақсылық хабар – маған екі бөлмелі пәтер бұйырды. Жаңа емес енді, кәріс театрының артисі тұрған екен, олар Алматыға көшті ғой, сөйтіп Әлия пәтерімізге Мысыр шаһарын орната бастады.
13 қазан күні театрдың он төртінші маусымын ашып, жұмысты бастадық. Көп ұзамай Маман В.Шекспирдің «Оттелосына» кірісетінін айтып, Отелло ролін маған және Зекен Мейірмановқа беріпті. Жай түскендей болдым. Мен дайын емеспін ғой. Отеллодай бейнені меңгеру әй, мүмкін емес-ау. Әлде бас тартсам ба екен. Маман әрине, «роль сұрап жүрген өзің, енді Отеллодай рольді берсем, неғып бас тартып тұрсың» демей ме? Жастар жағы да бас тартам дегеніме ренжіп, олар да «Отелло сенің ролің емес пе?» деп қолдап қояды.
Не де болса көрейін дедім.
Рольді Зекен оқып отырған.
«Отеллоны» кейде жақсы қабылдап, кейде суық қана ақылмен естіп отырдым, дегенмен Оттелоның үлкен жан жүрегінің, оның тұлғасының ойлағаныңнан әлдеқайда зор екенін сезінесің. Ойнауға қабілет жете ме? Ойнай аламын ба мен?
Болмады. Маман репетицияны тоқтатты. Екеумізден де шығатын түрі жоқ. Оның үстіне мен тамағымды қатты ауыртып алып, репетицияға қатыса алмай жүрдім. Спектакльді режиссер тоқтатқанымен, әсіресе маған деген ұжымның көзқарасы теріс жағына ауысқандай.
Әй, менен артист шықпайды-ау? Ал режиссер бола алам ба? Ол үшін мен спектакль қоюым керек қой. Оны маған кім береді?
Жыл басында Тілеуберді Доспаев дипломдық спектаклін бізде қоятын болды. Әзірге менің ең мықты ролім де осы Тілеубердінің қойылымындағы Әубәкір.
Қалтай Мұхамеджанов «Жат елде».
Соғыстан кейін әртүрлі себеппен шекараның аржағында неміс жерінде қалған қазақ, өзбек ағайындарының өмірі туралы. Америкалық разведканың қолдауымен комитет құрып, кеңестік режимге қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізбек.
Тілеуберді маған басты роль – Құрбанды беріпті. Басында түсінбей жүрген мен, жұмыс істей келе оның табиғатын ұққандаймын. Әйтеуір неде болса Құрбан ролімен мен өзімді ақтағандай болып, артистік өмірге қайта келгендей болдым. Джон Грей – О.Әбдімомынов, Уәли Хасан – Ш.Мәрденов, Асан – Ш.Әбдібаев, Ева Бройер – Н.Атушева да жақсы қырынан көрініп, спектакльдің өтімді болуына еңбек етті. Спектакльді пьеса авторы Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың өзі көріп, екіұдай пікірде қалды. Ол кісі бізді Академтеатрмен салыстырмалы түрде көріп «ол спектакльге жетпей жатырсыңдар» дейді. Несімен жетпей жатырмыз оны айтқан жоқ.
Енді жазғы гастрольге дайындық басталады. Екіге бөлінген театр ұжымы Қазақстанның екі аймағында өнер көрсетуге бет алды. Сонау қыркүйек айына дейін. Жазғы гастрольден кейін қазан айында ғана басымыз қосылады.
В.И.Лениннің 100 жылдығына, Қазақстанның 50 жылдығына арнап спектакль дайындау.
Маман В.Штеиннің «Толас» спектаклін ұсынды. Ішінде В.И.Лениннің ролі бар. Оған Тынымбек Пірімжанов иелік етпекші. Жазда грим жасап, парик тіктіріп үлкен дайындық жасаған, Москвадан барып Ленинді ойнауға рұқсат алып келіпті. Ал біз оның бәрін Маман роль бөліп хабарлағанда бір-ақ білдік. Маған Барон Рылькиннің бейнесі тиіпті. Елден қашып бара жатқан, өмірі түңілумен өткен патша офицерінің тұлғасы. Маған тиетіні кілең бір көңіліме жатпайтын, тек спектакльдің сюжетін ұстап тұру үшін ғана ойналатын бейнелер. Бір бағыттың, бір эмоцияның ғана адамдары.
Позднышев – Зекен Мейірманов, Гуща – Тұрысжан Айнақұлов, Тата – Жібек Бағысова, Нұржиян Атушева.
Маман босамаса тас түйін, репетицияны бастап кетті. Арасында «Жат елдеге» репетиция. Режиссері жоқ, ол жұмыс енді менің мойнымда болмақ.
22 қазан. «Жат елде» 15 маусымның ашылуына көрсетіліп жатқан қойылым.
Маман қинала-қинала сөйлеп шықты.
– Сахнаға шығып сөйлегенде сондай қиналам, айтатын сөзімді айта алмай қалам.
– Соны біле тұра бізді сөгесіз-ау.
– Сендер актерсіңдер ғой. Білмейм неге екенін сахнаға шықсам дегбірім кетеді.
Маманның репетицияларынан көп тәлім алуға болады. Жалғандыққа бір адым жібермей қатып отырады ғой. Бірақ екінші жағынан шығармашылық еркіндік аз болады артисте.
Артист сүңгі мұз, қатты ұстасаң сынып кетеді, жәй ұстасаң еріп кетеді. Ол кейінгі жылдары көп нәрсені түсінген. Дауыс көтеруден дәнеңе шықпайтынын жақсы ұғынған.
Сақтаған аға бар, Маман да отырған, мен турасында әңгіме боп қалды.
Маман: – Стажировкаға баруды ойладың ба? (ол кезде Москваға екіжылдық стажировкаға жіберетін тәжірибе болған, режиссерлікке үйрену үшін.) Қалай?
– Мен әлі театрда жөнді ойнағаным жоқ. Әлі ел қатарына қосылар бірде-бір ролім жоқ. Иә, мүлде қоюым керек те, режиссерлікке ауысуым керек. Ол үшін өзім де сыннан өтуім қажет емес пе? Сосын режиссерлік стажировкаға бару үшін де тәжірибе керек сияқты. Бір-екі жыл кезекті режиссер болып, тәжірибе жисам деген ойым бар.
Сақтаған: – Ойбай, мен онда ертең министерствоға барғанымда айтайын, осыған келіссек (ол Маманға қарап қойды), бізге очередной режиссер керегі жоқ деп. Әзірше саған 150 сом берем ғой, кейін 175 сомға өсірермін. Осыған келіссек.
Маман жоқ деген де жоқ, басын құптап иземеді де, өз ойымен болып кетті, тек қана: «ол да дұрыс, тәжірибе де керек» деп қойды.
Ақпан айының 14-і күні премьерамыз өте жақсы өтті. Халық дән риза. Тамаша болды. Тынымбек жарады. Аса бір көтеріңкі рухта ойнады. Гримі де өзіне келісіп, нағыз Лениннің өзі болды да қалды. Позднышев – Мейірманов, Гуща – Айнақұлов, Тата – Бағысова, Иван – Әбдібаев өз рольдерін шебер ойнап, спектакльдің әлеуетін биікке көтерді. Біз де өз әлімізше үлес қостық.
Сонымен қатар режиссер Маман Байсеркеновтің Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрындағы еңбегі аяқталуға жақындап қалғанын сырттай естідік. Москваға, екіжылдық стажировкаға бармақ. Спектакльді көру үшін министрліктен білікті мамандар, тағы бірде КСРО халық артисі Сәбира Майқанова келіп, Маманның еңбегін жоғары бағалап кетті. Сөз жоқ театрға Байсеркеновтің еңбегі зор. Бір халық артисі, төрт бірдей Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артистері деген атақтар жайдан-жай келе қалған жоқ, үлкен еңбектің арқасында келді. Маман театрдағы еңбек тәртібін түбегейлі өзгертіп, актерлерді шығармашылық еңбекке баулыды. Қатты қысым жасаса да, ол актерден таза еңбекті, шығармашылық еңбекті талап етті. Соның арқасында көптеген артистер өсті, шыңдалды, үлкен бейнелерді игере алатын шын таланттарын ашты, өзі де үлкен тәжірибе жинақтап, нағыз шебер режиссер болып қалыптасты.
Тағы да сыртынан естідік – Маманға Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы беріліпті. Несі бар, өте лайықты атақ, режиссердің еңбегі дер кезінде бағаланған шешім.
Енді театрымызға бас режиссер болып кім келеді екен?
Хұсейін Әмір-Темір,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы