Кейіпкермен үндестік тапқан

438

0

Жан-жақты шыңдалған актер трагедиядан комедияға, комедиядан драмаға еркін ауыса алады. Шеберлігімен, еңбекқорлығымен, ерекше образдарымен танылған қалалық «Жастар» театрының артисі, труппа жетекшісі Мақсат Серіков солардың қатарында.

Ол 1998 жылы Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Қ.Тоқмұхамедов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің түлегі. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Сөйлеу жанрының артисі» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде театр артисі ғана емес, шәкірт тәрбиелеп жүрген тәлімгер. Ол – театр жанынан құрылған «Бастау» үйірмесінің жетекшісі.

Жиырма бір жасында «Жастар» театрының табалдырығын аттаған жас талант ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың шеберханасында шыңдалды. Оқушы кезінен театр артисі болуды армандаған кейіпкеріміз алдына мақсат қойып, оны шындыққа айналдыру жолында көп ізденген.

– Мен мектеп қабырғасында жүріп түрлі іс-шараларға қатыстым. Мектепте театрландырылған қойылым байқаулары жиі ұйымдастырылатын. Сондай сайыстарға қатысып, басты рөл сомдадым. Соның барлығы өнер әлеміне жетелеп,  арманымды мақсатқа айналдыруыма септігін тигізді. Мен үшін театр – үлкен мүмкіндіктердің бастауы, – дейді ол.

Колледжді тәмамдаған соң қалалық «Жастар» театрына барады. Көзінде шабыт оты, бойында жастық жалыны тасып тұрған жас артистің талантын бағалаған шығармашылық ұжым оны жұмысқа қабылдайды. Әуелі бастан театрдың бір кірпіші болып қаланамын деген үлкен мақсатпен келген кейіпкеріміз бір жылдың ішінде бірқатар рөлді сомдап, аға буын әріптестерінің бағасын алып, көрермен көзайымына айналды. Сол үздік деп танылған образдардың бірі – Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қызылорданың қыздары-ай» спектакліндегі Мәди есімді жігіттің бейнесі.

– Алғаш рет театр сахнасына шыққан сәтім әлі есімде. Көпшіліктің көңілінен шыққан қойылымда басты рөл сомдау – мен үшін үлкен жетістік, – дейді Мақсат.

Қойылым желісі бойынша Қарағанды қаласынан келген қос серік Мәди мен Айдын Қызылорданың сұлуларына тамсанып, оларды қазақы салтпен алып қашқысы келеді.  Мәди Жанайым есімді айдай сұлу бойжеткенге ғашық болады. Ал орыс қызын ұнатқан Айдынның әрекеттері қойылым барысында көрерменді күлкіге қарық қылады. Көпшіліктің зор қошеметіне бөленген туынды әлі күнге дейін маңызын жойған емес. Мұның өзі театр артистерінің кәсіби тұрғыда шыңдалғанын білдіреді.

Мақсат түрлі қойылымдарда басты кейіпкерді бейнеледі. Мәселен, «Қалың елім қазағым қайран жұртым» атты спектакльде Абай бейнесін сомдады. Сондай-ақ, «Ұлардың дауысы» шығармасында басты рөл алып, ақын Жүрсін Ерманның бейнесін сәтті сомдап шықты. Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Отырардың жасыны» тарихи қойылымындағы батыр бейнесінде өзін жаңа қырынан көрсетті. Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» спектаклінде, Қуандық Түменбайдың «Екі бала екі шал» және Байділда Айдарбековтің «Неге?» драмалық спектаклінде эпизодтық рөлде ойнады.

Оның актерлық шеберлігі башқұрт жазушысы Флюр Галимовтың «Олимптің күйреуі» мифологиялық драмасында ерекше көрініс тапты. Қойылымда басты кейіпкер Прометейдің образын бейнеледі. Айтуынша, бұл шығарманың кейіпкерін сомдау оңай болмаған. Себебі, трагедияға толы мифологиялық туынды емін-еркін ойнауға мүмкіндік бермейді. Көрерменге қойылымның әрбір сәтін шынайы жеткізу үшін кейіпкердің жан-дүниесін өз жанымен қабылдау керек. Жас артист бұл тұрғыда өз рөлін жақсы сомдап, көпшілік көзайымына ие болды.

Қандай режиссер болмасын, театр артисінің кез келген талапқа көнетін кішіпейіл болғанын қалайды. Бұл тұрғыда Мақсат кез келген режиссермен ортақ тіл табыса алады. Қазақтың театр өнері үшін еңбектеніп, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлайтын жас таланттың болашаққа құрған жоспары көп.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<