КӨЗ ҚАРЫҒЫП, КӨҢІЛ ТОЯР

658

0

сіз осы театрға барасыз ба?

Қаланың қақ ортасындағы асқақтап тұрған әсем ғимараттың театр екенін сырттай көрген адамның бәрі де тап басып айта алады. Бірақ, оның ішіне кіріп көргенді айт…

Бұл ақ отаудың ішіндегі жеңіл ауа да, жұпар иіс те, тілін жұтқан тыныштық та жаныңызға жағымды. Жарық сөніп қайта жанғанда әлдебір тылсым күш сізді өзге бір өмірдің ортасына әкеліп тастағандай күй кешесіз.

Жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, өтірік пен шындық, қатыгездік пен мейірім от пен судай арбасып жатады. Соның бәрін мың құбылған жан жүйе иіріміне салып, рухыңызды оятып, рәуіш бейнелерге бояйтын сахнагерлердің күнделікті күйбең тірлікте жаныңызда жүрген қарапайым жандар екенін бір сәт естен шығарасыз. Сұлу да сұсты болмысы көз алдыңызда асқақтап кетеді, сосын сағыммен астасып алыстайды.

Қойылымнан шыққасын да оларға жақын бара алмай бөгелесіз. Ұнатып қалған көңіліңізге қаяу түсіргіңіз келмей, жанынан өтіп бара жатасыз…

ТЕАТР ТАРИХЫ ЖӘНЕ РЕЖИССЕРЛЕР КӨШІ

Бүгінгі облыстық Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрының негізі 1955 жылы Талдықорған қаласында шаңырақ көтерді.

1960 жылы Қазақстан Мәдениет министрлігінің  қаулысынан соң театр Сыр өңіріне қоныс аударып, шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясымен ашады.

Сол алғашқы жылдары театрдың артистер құрамында қазір театр тарихында аты аңыз боп қалған саңлақ сахнагерлер – Баймолда Баймұқанов, Кәден Балғынбаев, Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Кәнетов, Сағымбек Рақышев, Қыдырма Көпбаев, Кәшифа Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Мәрденов, Халық Саурықов, Раиса Тәшібаева болған.

Осы кезеңде театрдың бас режиссерлік қызметін Жақып Әбілтаев (1955-1962 ж.) атқарған. Сол кезеңде Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Рыстай Алдамжарова, Тұрысжан Айнақұлов, Фатима Айнақұлова секілді талай рольдердің шырайын ашқан таланттар бар еді.

Театр Қызылордаға қоныс аударған жылдары труппа құрамына Сыр елінің бірсыпыра өнерпаз жастары – Ташкент ГИТИС-ін бітірген Пахраддин Қуанышев, Ізбасқан Шәкіров, Жорабек Шүленбаев, М.Әуезов театрының студиясын бітірген Ұлпатай Баяділова, Айымторы Тайғаринова, Қалмахан Бисембинов, сондай-ақ, мәдениет мекемелерінде қызмет істеп жүрген Оралбек Әбдімомынов, Ыбырахым Раманқұлов, Зағипа Сәулебаева, Ақтөбеден Ораз Нәсімханов, Сәнім Масина секілді жас таланттар шоғыры келіп қосылады.

Алғашқы жылдардағы қиыншылықтарға қарамастан театр ұжымы Орал, Оңтүстік Қазақстан, Жезқазған облыстары мен Қарақалпақстан, Өзбекстанның Бұхара облыстарына гастрольдік сапарларға шығып, өнер көрсетеді. Осы жылдары Ш.Бәкірова, К.Көпбаева Қазақ ССР-нің еңбек  сіңірген  артисі атанады.

1962-1963 жылдары театрға айрықша еңбек сіңірген режиссердің бірі – Мен Дон Ук. Оның режиссурасымен қойылған «Қаракөз» спектаклі көркемдік тұтастығымен, эмоциялық терең сезімдерді қозғай алуымен ерекшеленеді.

Мұнан кейінгі жылдары театрдың өсіп-жетілуіне өз үлесін қосқан режиссердің бірі – Рубен Суренович Андриасян. Оның режиссурасымен қойылған К.Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы», О.Бодықовтың «Қайдасың, әке?», Ш.Айтматовтың «Жәмила» спектакльдері театрдың даму жолында өзгеше із қалдырды.

1964 жылы театрға Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясының театр факультетін бітірген Маман Байсеркенов режиссер болып келді. Бір жылдан кейін бас режиссерлік қызметке тағайындалып, 1970-жылдарға дейін театрдың көркемдік жетекшісі болады.

1967 жылы Байсеркенов сахналаған В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясы» бүкіл қазақ театр өнерінің табысы ретінде бағаланады. Спектакль жарқын мазмұнымен, публицистикалық тілімен, драмалық тегеурінімен, төңкерістік  романтикасымен ерекшеленеді. Бұл шығарманы көрушілер бірнеше сеансқа билет таба алмай, театр сыртында тұратын. Осы жылы облыстық театрға Нартай Бекежановтың есімі берілді.

1968 жылы «Оптимистік трагедия» спектаклі үшін театр Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алды. Бұл шығармашылық ұжым үшін сол кезеңдегі ең абыройлы атақ болатын.

Театрға 1971 жылы Тастан Өтебаев бас режиссер болып тағайындалып, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», С.Адамбековтің «Аюбайдың ажалы»,  М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын қойған. Ол қойған грузин драматургі Г.Хухашвилидің «Өмір жолы» пьесасы үшін Қызылорда театры алғаш рет бүкілодақтық фестивальдің дипломын иеленеді. Бұған суретші Серік Пірмахановтың да еңбегі сіңеді. Ол өзінің көркемдік шешімін спектакль табиғатымен шебер үйлестіріп, режиссер ойын дөп баса алатын дарынды суретші еді.

1972 жылдары Мәскеуден ГИТИС-тің жоғары режиссерлік курсын бітіріп келген Хұсейін Теміров театрға жаңа серпін берді. Ол 1974-1988 жылдардың аралығында театрдың бас режиссері қызметін атқарып, сосын Талдықорған театрына ауысты.

Х.Теміров қойған Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектаклінің өзі-ақ театр әлеміне жаңа, талантты суреткердің келгенін аңғартқан. Ол ұлттық драматургиялық дүниелермен бірге Асқар Тоқмағамбетовтен бастап, Оразбек Бодықов, Зейнолла Шүкіров, Саид Баязитов, Қомшабай Сүйенішов, Асқар Кіребаев секілді жергілікті драматургтер еңбегіне де ден қойып, Сыр бойы драматургия жанрының өсіп-жетілуіне өз үлесін қосты.

1985 жылы театрдың жаңа ғимаратқа көшірілуі сахналық көрініске кең мүмкіндік ашты. Әсіресе, айналмалы сахнаны пайдалану, дыбыс беру жүйесінің кең тынысты үні мен жарық аппаратураларының жақсаруы орындаушылардың шабыттана ойнауына ықпалын тигізді.

1990 жылы Алматыға гастрольдік сапар кезінде Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ш.Айтматовтың «Жанпида» романы желісімен «Ақырзаман», Иран-Ғайыптың «Күшігінен таланған», Қ.Сүйенішовтің «Сен де жалғыз, мен де жалғыз» пьесалары бойынша қойылған спектакльдер көрсетілді. Сол жолғы театр тарихындағы үшінші рет Алматыға есеп беру гастролі қорытындысымен төрт орындаушы жоғары атақтарға ие болды. Олар: Серік Шотықов «Қазақстанның халық артисі», Әлия Арысбаева, Бақытбек Алпысбаев, Асқарбек Сейілханов, Ерғали Оразымбетов «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» деген құрметті атақтарды иеленді.

1988-2001 жылдары театрдың биік белестерден көрінуіне бас режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ерғали Оразымбетовтың еңбегі елеулі болды. Жаңашыл режиссер ондаған тамаша спектакльдерді жарыққа шығарды және жергілікті авторлармен де шығармашылық бірлікте жұмыс жасады.

Оразымбетов сахналаған Иран-Ғайыптың «Желжуан немесе мен байымнан қорықпаймын», Қ.Сүйенішовтің «Сен де жалғыз, мен де жалғыз», А.Кіребаевтың «Арманым. Әнім. Іңкәрім» атты драмалық шығармалары көпшіліктің көз алдында. Бұрын тек классикалық немесе астаналық авторларды ғана танитын көрермен өз жерлестеріміздің осындай қабілетті де қызыққа толы шығармалары бар екенін сол кезде көріп еді.  

Тәуелсіздік жылдарында театрдың жаңа тынысы ашылды, өнер сапарлары көбейе түсті, артистердің өнері лайықты бағалана бастады. Театр 1997 жылы Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры болып аталды. Былтыр оған «академиялық» атағы берілді.

2003 жылдан бастап театрдың бас режиссерлығын Хұсейін Әмір-Темір қайта қолға алды. Сонан бергі он сегіз жылда театр өз тарихына алтын әріппен жазатын жетістіктерге жетті.

ЖАЛҒЫЗ НАРТАЙ

Біздің облысымыз театр саны жағынан алғанда ұятты. Барымыз да, нарымыз да – Н.Бекежанов театры, ал, шығармашылық дәрежесі, дәріпті аты тұрғысынан келгенде – «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе».

Айтпақшы, 2014 жылдан бастап жастар труппасы қосылды. Осы күнге дейін олар Б.Әлімжановтың «Ең сұлуым-Меңсұлу» комедиясын, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасын, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясын, Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» драмаларын сахналап, Сыр көрерменінің көңілін тауып үлгерді. Сондай-ақ, құрылғанына көп бола қоймаған талантты режиссер О.Нұрмахановтың «Жастар театры» бар. Бұл театр да бүгінде өз көрерменін тауып үлгерді.

Осы екеуінен бөлек Күләш Жанмұратова жетекшілік ететін «Нартайдың бүлдіршіндері» атты қуыршақ тобы жұмыс атқарып келеді.

Биылдан бастап театрдың директоры қызметін Баймырзаев Ғалым Қонақбайұлы қолға алды. Оның алдында көп міндет тұр. Әсіресе ол театрдың өзіндік бет-бейнесін жарқырата түсетін өнер сапарларының көбірек қажет екенін де жақсы біледі.

«МАКБЕТ» МЕРЕЙІ НЕМЕСЕ КАРАНТИН КЕДЕРГІ ЕМЕС

театрдың әдебиет бөлімі меңгерушісі Ұлбосын Қылышбаевамен әңгіме

Пандемия кезінде театр ұжымы алыс-алыс елдерге жол тартпаса да өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Әлеуметтік желі арқылы онлайн спектакльдерді үнемі шығарып отырдық. Артистер түрлі эпизодтар көрсетті, монологтар оқылды.

Жалпы, біздің театрдың сахнагерлері еңбеккештіктен ешкімді алдына салмайды. Егер өз өнерін басқалармен үнемі саралап, салыстырып отыруға мүмкіндік туса, онда біз қашан да бірінші болар едік.

2018 жылы «Ақбаян» қойылымын Шотландияға алып бардық. Алдын ала шағын суретті кітапша дайындап, соған қойылымның мазмұнын сыйдырып жаздық. Оны көрерменге таратып бердік. Эдинбургте оқитын қазақ студенттері мен Лондоннан арнайылап жерлесіміз, журналист Ғалымжан Қараманұлы келді. Көрерменнің дені жергілікті жұртшылық болды. Олар анда-санда қолдарындағы кітапшаға бір қарап алып, қазақ тілінде ойналған спектакльді түсініп, қошеметтеп отырды. Осының өзінен де театр актерларының шеберлігі мен шынайы деңгейі көрінеді.

Шекспирдің «Макбет» трагедиясының оқиғасы – ХІ ғасырдың орта шеніндегі Шотландия королдігіндегі тақ таласы тудырған жауыздықтар жыры. Театр бұл шығарманың тұсаукесерін 2005 жылы өткізді. 2017 жылы қайта жаңғыртып алып шықты.

Жақында театр өзінің 67-маусымын тағы да «Макбетпен» ашты. Көрерменнің театрды сағынып қалғаны бірден байқалды. Менің осы театр жұмысына келгеніме он бес жыл болыпты. «Макбет» маған Еуропа көрерменіне арналған шығарма болып сезілетін. Өйткені, бұрын осы қойылым үстінен түрегеліп кеткендерді де көргенмін. Көрерменнің қалай қабылдап жатқанын емес, актерлер шеберлігі мен режиссер еңбегіне баға берген қазылар Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтің 100 жылдық мерейтойына арналған XII республикалық театрлар фестиваліне «Макбетпен» қатысқан біздің театрға бас жүлде берген болатын.

Расында, қойылымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейін Әмір-Темірдің тамаша еңбегі бар. Бұл кісінің жансыз текстке жан салып, оның астарынан алтын аршитын философиясы мықты. Актерді таңдай білу, бас кейіпкердің мінезін ашу – оның кәсіби мықтылығы. Міне, осындай ойлы еңбектің арқасында Әмір-Темір «Макбетті» қазақ көрермені жанына сіңдіріп жіберді.

Алда қазан айының 28-і күні театр «Макбетті» қайта қояды. Өйткені, түсіп жатқан өтініш, сұрап жатқан көрермен көп.

АКТЕРЛІК – ҚҰДАЙДАН ДАРИТЫН ҚАСИЕТ

мен саған, сен маған айтқан жоқсың

Н.Бекежанов театрында көп жыл еңбек еткен Серік Шотықовтың атын білетіндер ешқашан ұмыта қоймас. Ол сахнада 250 бейнені сомдаған. Білмейтіндер осыған қарап-ақ сірә, бітірген оқуы да үлкен шығар деп ойлауы мүмкін. Сәкеңнің бітірген оқуы  – шопырлық.

1959 жылы Талдықорған театрының көлік жүргізушісі болып жүрген Серік Шотықов бос уақытында актерлардың репетициясын тамашалап отырады екен. 

Бір күні… Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» спектаклі басталар тұста фотограф Сайлаубектің ролін ойнайтын актер жұмысқа келмей қалады. Көрермен жиналып отыр, әне-міне спектакль басталу керек, артист түгел емес. Қатты сасқан режиссер «Бұл рольді кім ойнай алады?» дейді әбіржіп. «Мен ойнаймын», дейді есік жақта тұрған Шотықов. «Жоқ» деуге шама қайда, «ал, кеттік» дейді режиссер.

Серік спектакльде қасындағыларды фотоаппаратпен суретке түсіруі керек, оның эпизоды сондай. Содан спектакльге кірісіп кеткен Сәкең суретке түсірейін десе, әлгі фотоаппарат көзінен ештеңе көрінбейді. Былай қисаяды, олай жантаяды, отырады, тұрады, бірақ фотоаппараты құрғырдан алдындағылар түк  көрінбейді. Өз ролінің сөзін жатқа білетін Серік сол жерде қара терге түседі. Оның дәл сол қимылдары шынайы шығыпты. Бір қызығы, Сәкең өзі ұстап жүрген фотоаппаратты кәдімгі, шын деп ойлаған, сөйтсе, ол өтірік фотоаппарат екен ғой.

Сөйтіп, шопыр Серіктің ойынын ұнатқан режиссер оны сол күннен бастап актерлер қатарына қосыпты. Сол Сәкең Қазақстанның халық артисі атағын алды, омырауына «Құрмет» орденін тақты.

***

Бұдан бірнеше жыл бұрын еді. Редакция тапсырмасымен журналист театрға келеді. Ерғали Оразымбетовпен сұхбат жасауы керек. Ол баспалдақпен көтеріліп, режиссердің есігін қағады. Ар жағынан түсініксіз сөзді естиді. Есікті имене аша бергенде:

– Жап, есікті, антұрған! – деген дауыс саңқ ете қалады.

Шошып қалған журналист бұл кісінің алдында не жаздым деп бүгежектей береді. Сосын қайтадан сығалайды.

– Сен менімен есіктің арғы жағынан сөйлес, найсап! – деп режиссер осы сәтте одан бетер зілденеді. Бұл енді таяқпен емес, бақанмен салып қалғандай әсер етеді. Журналист басынан сөз асырса да, бақанмен ұрғызып қоятын момын емес-ті.

– Сіз өзіңіз не айтып тұрсыз, байқап сөйлеңіз! – деп есікті лақтыра ашып кіріп барады.

Сонда оған терезеге бетін беріп тұрған режиссер кілт бұрылып:

– Бұл сөзді мен саған, сен маған айтқан жоқсың! – деген екен «гүр» етіп.

Сөйтсе, ол кезекті бір пьеса кейіпкерінің айтатын сөзіне дайындалып жатыр екен.

САХНАНЫҢ СӘНІ ДЕ, МӘНІ ДЕ – СОЛАР

Театр табыстары мен жеңістерін түгел санамалау қажет емес шығар, сонда да…

2014 жылы театр Астана қаласында өткен халықаралық тілдер фестиваліне қатысып, Лондоннан, Санкт-Петербургтан келген театрлармен Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы» пьесасы бойынша ағылшын, орыс тілінде қойылған спектакльдермен жарысқа түсті. Қазақстан театрлары атынан қатысқан  Сыр театры қазақ тілінде Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» спектаклін көрсетті. Шетелдік қонақтар Сыр бойының өнерпаздары ұсынған спектакльді жоғары бағалап, Н.Бекежанов театрын тілдер фестивалінің жеңімпазы ретінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы өнер күндеріне шақырды.

Шотландия елі Эдинбург қаласында өткен халықаралық «Фриндж» өнер фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» драмасын алып барған қойылым режиссері Х.Әмір-Темір, артистер З.Төлепова мен Қ.Архабаев Еуропаның «Алтын кітабына» еніп, театр ұжымы әлемнің ең үлкен өнер фестиваліне еркін қатысу құқына ие болды.

Театр 2010 жылдары М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжбен келісе отырып, актер бөлімін ашқан. Сол арқылы бір кезде театрға келген жастар көп болды. Колледж түлектері Сұлтан Бейсенғалиев, Қуаныш Құрманбеков, Мәлика Сәбитова, Нұржан Қараманов қазір күрделі рольдерді сомдап жүр.

Театр ұжымында соңғы кездері Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері де келе бастады. Солардың бірі Зарина Кенжеәлі бұл кезде басты рольдерді сеніп тапсыра алатын қатарға қосылды.

Бүгінде театр тарландарына айналған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері К.Әбжанова, З.Төлепова, Б.Темірбеков, Мәдениет қайраткерлері Б.Ботбаев, А.Артықбаева, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері А.Байдалиева, Қ.Айтжанова, З.Көздібаева, Ұ.Баймаханов, С.Әбдіразақов, Н.Шынәлиев, М.Пұшпақова секілді майталмандар соңына ерген жастар қарасы аз емес. Олар алдыңғылардың жарқын жолын жалғастырып келеді. 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<