2016 жылы Қызылордада қала әкімінің қолдауымен А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі жанынан «Жастар театры» құрылды. Театрдың көркемдік жетекшісі – Оңталап Нұрмаханов. Бүгінде бірнеше сахналық қойылымдар арқылы көрермен көзайымына айналған талантты жастар театр қабырғасында шыңдалуда. Шығармашылық ұжым аз уақыт ішінде облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, биіктен көрініп келеді.
Театр ашылған жылы алғашқылардың бірі болып жас артист Айша Әбдірахманова қабылданды. Қазір ол ұжымның белді мүшесі.
Кейіпкеріміз 1993 жылы 10 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген. №213 мектептің табалдырығын аттап, №8 П.Осипенко атындағы қазақ-орыс мектебін бітірген. Одан кейін М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық жоғары колледжіне оқуға түсіп, актер өнері мамандығында білім алды. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде журналистика мамандығында оқыды. Университет қабырғасында білім алып жүріп, «Жастар театрында» өнер көрсетті. Бүгінде аталған театрда өзіндік орны бар талантты актрисаға айналды.
– Менің театрға деген қызығушылығым мектеп бітіргеннен кейін оянды. Анам басқа қалада оқуыма қарсы болды. 2011 жылы педагогикалық колледжде Әлима Жақыпқызы мен Хұсейн Әмір-Темір ағайдың жетекшілігімен актер өнері мамандығы ашылды. Бағымды сынап, сол мамандыққа оқуға тапсырдым. Бағыма орай аталған мамандықтың студенті атандым. Осылайша театрға деген қызығушылығым өнер әлеміне алып келді. Одан қалды әдеби кітаптарды жиі оқыдым. Ізденісті де көбейттім. Нағыз маман болуға талпындым. Нәтижесінде өзім секілді жастармен бірге өнер сахнасында қызмет етіп жүрмін, – дейді Айша Қайратқызы.
Айша – көпқырлы жан. Ол ізденуден жалықпайды. Әркез өнерін ұштап, шеберлігін шыңдауды әдетке айналдырған. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, сахнадан алуан қырлы адамдардың бейнесін жасаудың хас шебері. Оның өнеріндегі ерекшеліктің бірі – әрбір кейіпкердің жай-күйін айнытпай бере білетінінде. Актриса сахнада драмалық, комедиялық, трагедиялық кейіпкерлердің бейнесін айнытпай ойнайды. Әр кейіпкердің жан-дүниесіне үңіліп, сөздің ырғағы мен екпінін құбылта өзгертуі актриса шеберлігінің айғағы деуге болады. Артист үнінің тазалығы, әр сөздің мағынасын тура жеткізе білетін шеберлігі – әңгімеге арқау болатындай дүние.
– Театр табалдырығын аттаған сәтім әлі есімде. Қатты қуандым, бірақ іштей бойымды қорқыныш биледі. Сахнаның киелі екенін сол кезде түсіндім. Алғашында түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, шыңдалдық. Елімізге белгілі мәдениет майталмандары дәріс беріп, жас артистерді сахнаның қыр-сырын меңгеруге үйретті, – дейді ол.
Айша театр сахнасында ең алғаш Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббатындағы» мектеп директорының рөлін сомдады. Мұнан кейін де түрлі қойылымда басты кейіпкерді бейнеледі. Мәселен, «Қызылорданың қыздарында» – Мәрия, «Қыз қасқырда» – Құртқа, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» қойылымында – бас шайтан, «Неге?» қойылымында – Әлима рөлдерін сомдады. Одан бөлек, театр саласы бойынша «Үздік әйел адам» номинациясын иеленіп, «ТТТ» халықаралық театрлар фестивалінің лауреаты атанды.
– Біздің театр ұжымының сыйластығы ерекше. Қыздар мен жігіттердің барлығы өнерлі. Биге де, көркемсөз оқуға да талапты, қандай рөл берсе де жауапкершілікпен орындап шығуға барын салады. Бізге ізденіс керек, көп уақытымыз кітапханада өтетінін жасырмаймын. Шығарманы бастан-аяқ оқып, әр сөйлеміне мән беріп, өзімізше талдау жасаймыз. Бұл біздің қойылымды ойдағыдай алып шығуға үлкен септігін тигізеді, – деді Айша.
Сахна төрінде жасындай жарқыраған өнер иесінің табиғи талантының ұшталып, қайталанбас бейнелер жасауында театр ұжымының ықпалы зор. Олардың бәрі талапты артистің өнерін бағалап, халыққа танылуына себепкер болды. Әркез өзін жаңа қырынан танытатын өрелі өнерпазға әріптестері үлкен ризашылық білдіреді.
– Айша – ақылына көркі сай, ақжарқын жан. Ол мамандық таңдаудан мүлде қателеспеген. Нағыз сахнаның адамы. Театрға деген ықыласы ерекше. Әрбір қойылымға жауапкершілікпен қарайды. Қазір театр жанынан ашылған «Бастау» театр үйірмесіне жетекшілік етеді. Менің ойымша Айшадан тәлім алатын жандар өмірде өз орнын қалыптастыратын тұлға боларына сенемін, – дейді театр артисі Ілияс Өтетілеу.
Адамның жан дүниесін тыныштандырып, керемет сезімге бөлейтін театр ұжымының жұмысы ерен. Жас артистерден құралған өнер ордасы бүгінде біршама табысқа жетті. Қанша спектакль көрерменге жол тартты. Оның бір парасын кейіпкеріміздің сомдаған қойылымдарынан байқауға болады. Аққұба жүзді, сұңғақ бойлы актриса ақылына көркі сай нәзік қалпымен көрерменінің ыстық ықыласына бөленіп, әлі де биік белестерді бағындырады деп сенеміз.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<