Талантты талап ұштайды

656

0

Театр артисінің әлемі даралығымен, жан-жақтылығымен, жалқылығымен, биік талғамымен, қарапайымдылығымен және әсерлі үнімен әдемі. Иә, бүгінгі кейіпкеріміздің де өзіне тән әдемі әлемі бар. Өйткені, ол  – өткеннің өнегесін бойына сіңіріп, бүгінгінің бар жаңалығын жанына дарытқан талант иесі.

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған Қызылорда Жастар театрының артисі Динара Нұрлыбаеваның сомдаған рөлдері бүгінде көрермен көңіліне ерекше әсер етіп, театр сыншылары тарапынан жоғары бағаланып жүр. Оның образдары мүлдем қайталанбайды, себебі, кейіпкерлерін сомдағанда әр алуан Динараны көруге болады.

– Сахна – айна тәрізді. Ондағы барлық нәрсе көрерменге алақандағыдай көрінеді. Сол үшін де жаттанды образдан гөрі кейіпкерді көрерменге шынайы көрсеткім келеді. Жаттанды дүниені жаным қаламайды, ол табиғатыма қарсы. Маған берілген қандай кейіпкер болса да, сол қалпында таза көрсетуге жанымды саламын, – дейді ол.

Динара театр артисі болуды бала кезден армандаған. Десе де, өнер жолына баруға ата-анасы қарсы болғандықтан мұғалім мамандығын таңдаған. Басқа мамандықты таңдағанына өкінбейді. Себебі, ол таңдаған мамандық бала күнгі арманына қол жеткізуіне сеп болған.

– Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде Оралхан Бөкей, Мұқағали оқулары сынды түрлі байқауларға қатысқанмын. Ол кезде байқау ережесі бойынша бір проза, поэзия немесе белгілі драматургтың шығармасын сахнаға алып шығу керек. Мен көбіне драматургтардың шығармаларынан образ сомдаймын. Сол кезден бастап менде театрға деген құлшыныс пайда болды. Ата-анам өнер жолына баруыма қарсы болған соң, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түстім. Колледжде оқып жүріп, ұстаздарымның ықпалымен кастингке бардым. Режиссер Хан Асанов ұсынған рөлді сомдап, театрға қабылдандым. Содан бері 5 жылдан астам уақыт өтті, – дейді Динара.

Бүгінге дейін Динараның сахнаға алып шыққан рөлі аз емес. С.Балғабаевтің «Қызылорданың қыздары» атты спектаклі арқылы көрермен есінде қалды. Ол туындыда Алина есімді қызды сомдап, көпшіліктің көңілін елең еткізді. «Неге?» атты қойылымда Нұргүл есімді басты кейіпкерді, Қанат Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» спектаклінде мұғалім әйелдің рөлін және «Әл Фараби» спектаклінде ана бейнесін сахнаға алып шығып, көрермен қошеметіне бөленген.

–  Кейіпкерлерімнің барлығы маған ыстық. Рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Себебі, олардың әрқайсысында менің еңбегім мен үмітім бар. Кез келгенінің салмағы ауыр болады. Рөл келіп, ойнай салатын нәрсе емес. Сахнаға шығып әртүрлі образды сомдаған сайын өзің үшін бір жаңалық ашып отырасың. Бұл – театр артистеріне тән сезім, – дейді.

Иә, расымен театр сахнасындағы артистердің барлығы бірдей көрермен жадында қала бермейді. Динараның сахнаға шыққанда көрерменін еріксіз жалт еткізіп қарататын қасиеті бар. Оның жарқын жүзі, жанға жағымды дауысы, үнінің тазалығы, айтқан сөзін көрерменіне еркін әрі анық жеткізе алатын мүмкіндігі кімді болса да таңғалдырады. Сомдаған кейіпкерлері өзінің күндей нұрлы жылуымен, тереңдігімен, шынайылығымен көңіл түкпірінен орын алады. Актрисаның ең әуелі жаны сұлу. Сондықтан, әрбір рөлі бірінен-бірі өтетін ерекшелікке ие, жүрекке жақын.

Сахнада емін-еркін ойнап, шынайы болмысымен танылған актрисаның табиғи талантының ұшталып,  қайталанбас бейнелер жасауында ұстазы Оңталап Нұрмаханов пен ұжымдас достарының ықпалы зор. Олардың бәрі талантты жастың өнерін бағалап, халыққа танылуына себепкер болды. Сол үшін де ол өзін жаңа қырынан танытуға қол ұшын созған жандарға үлкен ризашылық білдіреді. Ақылына көркі сай актриса ақжарқын қалпымен көрерменнің ықыласына бөленіп, сахна төрінде қайталанбас бейне қалыптастырып, өнер жолында талай жетістікке жететініне сенеміз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<