Аймақтың руханият ордасы Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры 67-ші маусымына қадам басты. Жаңа маусымның ашылуында Уильям Шекспирдің «Макбет» трагедиясы сахналанды. Көрермені қалыптасқан театрдың дәл осы қойылымды таңдауының да себебі бар.
Бұл спектакльдің шымылдығы 2005 жылы Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалінде ашылып, өнер додасында бас жүлдеге ие болған еді. 2017 жылы қайта жаңартылып, екінші премьерасы көрерменге ұсынылды. Хұсейн Әмір-Темір режиссерлік еткен қойылым сол уақыттан бері үздіксіз сахналанып келеді.
Өткен маусым театр үшін сәтті өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасы, француз драматургы Жан Батист Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» комедиясы және театр жастарының қатысуымен Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» спектакльдерінің премьерасы көрерменге жол тартты.
Мәдениет пен өнер ордасындағы әр туындының ұлттық бояуы қанық, әр спектаклінде өткен мен бүгін ерекше үйлесім табатыны белгілі. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясы әр ай сайын сахналанып, театрдың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы да өз көрерменін тапты.
Хәкім Абайды, Мұстафадай Алаш қайраткерлерінің сахналық бейнесін сомдап жүрген танымал актер Бақытбек Темірбеков «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік атағына қол жеткізсе, Абылайдай қазақ хандарының сахналық тұлғасын бейнелеп жүрген Сырым Абдразақов «Мәдениет саласының үздігі» атанды. Өткен маусымда талантты жастар да бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.
Сонымен қатар, шығармашылық құрам Қазақ ұлттық өнер университетін, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған жас мамандармен толықтырылды.
Пандемияға орай көрерменмен желідегі байланыс нығайып, «Онлайн-карантин», «Онлайн-спектакль», «Поэзия сағаты», «Күләш әжейдің ертегілері» сынды шаралар ұсынылды.
Жаңа маусымның да жаңалығы көп болмақ. Қазіргі кезде жаңа қойылым, балаларға арналған қуыршақ спектакльдерін ұсыну үшін үлкен дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта Аманбек Жаппаровтың «Әйел тағдыры», Карло Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметші» жаңа спектакльдерімен қатар, «Маугли» қуыршақ спектаклінің премьерасын тамашалайтын боласыздар.
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<