«Жоғалған Жұрнақ» драмасы сахналанды

1435

0

Бүгін Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасы қойылды. Сахналаған Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры. Иә, бұл қойылым осыдан біраз жыл бұрын жарық көрген еді. Дегенмен, араға жылдар салып аталған театр ұжымы «Жоғалған Жұрнақты» өмірге қайта әкелді.

Ұлт тағдыры таразыға түскен шешуші сәтте жастық жалынын бәйгеге тіккен Жұрнақтың бүгінгі ұрпаққа тіл қатуы – заңдылық. Жұрнақтардың текке құрбан болмағанын араға жылдар салып жаңғыртып отыру – біздің борышымыз. Қойылым ертеректе Иманәлі Сапаровтың режиссерлігімен сахналанған. Спектакль өз көрерменінің ықыласына ие болып, ұзақ жылдар театр репертуарында жүрді.
Бүгінгі «Жоғалған Жұрнақтың» қоюшы режиссері  ̶  театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бекболат Құрманғожаев. Ол көрерменді өткен күнге жаңа көзқараспен қарауға үндеді.

Сахна ашылғанда көрермен қауым Кеңес дәуірінің темір торы мен бетонмен мықталған қоршауын көріп, өткен жылдар қойнауына қайта оралды. Қойылым сценографы, ҚР мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұлов қазақ елінің сол жылдардағы тағдырын жинақы, аз ғана детальмен ұтымды ұсына білді. 1986 жылы ақ қар, көк мұзда қорлық көрген жастарды ақ жамылғымен орағанда өткен жылдар көз алдыңнан көлбең етіп, ұмытыла бастаған кезеңді, ел қасіретін еске салды.

«Біз қазақ… Ежелден ерекше иланғыш, бала мінезді, ақкөңіл екенбіз ғой… «Мәскеуді – Отанымыздың жүрегі» дегенге имандай иланатын да тек біз, қазақтар ғана секілдіміз…» Бұл Кеңес үкіметінің темір құрсауында болған қазақ елінің болашағы үшін күрескен қазақ жастарының жиынтық образы Жұрнақтың сөзі.

Желтоқсанның ызғарымен келген Тәуелсіздік сол кезде қозғалысқа шығып, елі үшін, жері үшін қыршыннан кеткен қаншама жастардың арманы еді. Сол кездегі егемендікті аңсаған қазақтың үкілі үмітін театр әртістері драмада толықтай көрсете білді. Аталған қойылым көрерменнің көңілінен шығып, ерекше әсер қалдырды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<