2029 жылға дейін Қазақстанда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

378

0

Сурет ашық дереккөз

2023 жылы 15,3 млн шаршы метр баспана тапсырылады. Бұл туралы елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2029 жылға қарай барлық көздер есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның ішінде 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр баспана тапсырылады», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ 5 мың шақырым инженерлік желілер жаңғыртылып, жаңа Құрылыс кодексі Мәжіліске енгізілмек.

Көлік инфрақұрылымы саласында 2025 жылға дейін республикалық жолдардың барлығын жаңғырту және жергілікті жолдардың 95%-ін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Биыл елімізде 3,6 мың шақырым жол құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылып, жыл соңына дейін 856 шақырымы пайдалануға беріледі.

Премьер-Министр былтыр қараша айында «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолының құрылысы басталғанын еске салды. Биыл маусым айының соңына дейін «Дарбаза-Мақтаарал», «Алматы станциясының айналма теміржол желісі» және «Бақты-Аягөз» жобалары бойынша техникалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<