Адамдар арасындағы келіспеушілікке этносаралық сипат берудің заңдық негізі жоқ – депутат

305

0

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Қордайдағы жанжалға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
«Осыдан бір жарым ғасырдай уақыт бұрын Қытайда Цин билігіне қарсылық көтерілісі өткен. Ол көтеріліс аяусыздықпен басып-жаншылған. Көтеріліске шыққандар мұсылман дінін ұстанғаны үшін қудаланған, қорланған дүнгендер еді. Ақыры олар қазақ жеріне көшіп, бауырмал бабаларымыздан пана тапты. Содан бері ортақ тағдыр кешіп келеміз. Алдыңғы жылы біз, Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған бір топ депутаттар, Жамбыл облысының Қордай ауданына барып, дүнгендердің қазақ жеріне көшіп келуінің 140 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысып қайтқан болатынбыз. Сол жолы еліміздегі этностардың жарасымды тірлігіне тағы да көз жеткізгенбіз. Міне, дәл сол жерден жан ауыртатын жаман хабар жетіп, жүрегіміз сыздап тұр», – деді Мәжіліс депутаты.
Сауытбек Абдрахманов Қордай ауданының жекелеген елді мекендерінде жаппай төбелес болып, оның аяғы адам өліміне әкеліп соқтырғанын, үйлер өртеліп, көліктер қиратылғанын атап өтті. Қазір оқиғаның шығу себептерін, зардаптарын, нақты кінәлілерді анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр дейді ол.
«Ол оқиға қалай болса да, мына жайдың басы ашық: адамдар арасындағы келіспеушілікке этностар арасындағы келіспеушілік сипатын берудің ешқандай заңдық негізі жоқ және болуы да мүмкін емес. Қазақстан халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі достығының беріктігі дау туғызбайды. Сонымен бірге орын алған олқылықтарға баға беруді, кінәлілерді жазалауды жекелеген адамдардың өз қолына алуға тырысуының да заңсыздығын баса айту керек. Мемлекеттегі заңдылықты сақтауға мемлекеттің әлеуетті құрылымдары міндетті және олар бұған қабілетті. Ол құрылымдарға сенімсіздік көрсетудің ешқандай реті келмейді. Сонымен қатар, осындай оқыс оқиғалар тұсында отқа май құятындардың, жерден жеті қоян тапқандай алаулатып, жалаулатып жөнелетіндердің, жұртты желіктіріп жіберетіндердің көбейіп кететіні, олардың әлеуметтік желілердегі жауапсыздығы адамдар трагедиясына себепкер болатындығы тағы бар. Тиісті орындар әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге мониторинг жасап, халықты арандатушыларды анықтауға, тиісті құқықтық бағасын беруге тиіс. «Құлақ бұзылса, құлық бұзылады» дегенді бізге абыз ағамыз Әбіш Кекілбаев ескертіп кеткен болатын», – деді Сауытбек Абдрахманов.
Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірген-ді.
 «Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.
Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<