Алғаш түркі тіліне аударылған Құранның көшірмесі Қазақстанға жеткізілді

97

0

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Қолжазбалар көрмесіне еліміздің бірнеше өңірінде және Ұлыбританияда табылған туындылар қойылды.

Еске сала кетейік, биыл наурыз айында Манчестерден X-XII ғасырларда алғаш түркі тіліне аударылған Құран табылғаны туралы хабарлаған едік.

Мамандар 15 қолжазба мен 500-ге жуық архив құжатының көшірмесін алды. Қолжазба 1049-1053 жылдар аралығында жазылған. Бүгін елордадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығында тарихи құжаттардың көрмесі ашылды.

«Біз Қызылорда, Түркістан облыстарында, Тараз және Семей қалаларында, сондай-ақ Ұлыбританияда Манчестердегі Джон Райландс ағылшын кітапханасында, Оксфорд университетіндегі Бодлиан кітапханасында және Лондондағы Британ кітапханасында болдық. Сол жерден ХІІ ғасырдағы қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы ХІХ-ХХ ғасырларға жататын құнды қолжазбаларды таптық. Атап айтқанда, Әбу Насыр Әл-Фарабидің философия бойынша сирек кездесетін кітаптарының бірін, Ахмед Йасауи «Диуани хикмет» және оның шәкірті Сүлейман Бақырғанидің кітаптары, Суфи Алаярдың еңбектерін елге әкелдік», – деді Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының ғылыми-зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Алмат Әбсалықов.

Оның айтуынша, көрмедегі кейбір экспонат – қазақтың тарихын сипаттайтын бастапқы дереккөздер.

«Мысалы, XI ғасырда жазылған Гардизи кітабы, әлемде бұл туындының екі данасы ғана бар. Онда X-XI ғасырлардағы Орталық Азия аумағындағы түркі тайпаларының өмірі туралы өте құнды мәліметтер келтірілген. Бұл мәтіннің толық аудармасы әлі жоқ, сондықтан көп нәрсені аудару, егжей-тегжейлі зерттеп, цифрландыру қажет. Кітаптар негізінен түркі, парсы және араб тілдерінде жазылған», – дейді ол.

Енді еліміздегі өңірлер мен Ұлыбританиядан әкелінген қолжазбалар зерттеледі.

«Қазақ халқының мемлекеттілігі мен оның саяси бағыт бағдарын айқындауда тарихтың рөлі маңызды. Біздің ұлтымызға, елімізге қатысты құнды жазбалар, ағартушылардың қолжазбалары Еуропада сақталған. Орталық қызметкерлері осы бағытта елеулі еңбек етіп, нәтижесінде біраз қолжазбаларға қол жеткізді. Жалпы соңғы уақытта орталықтың жұмысына жан біте бастады, бұл істі мемлекеттік тұрғыдан қолдау керек. Себебі сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларда біздің тарихымыз жазылған. Әлі же жиналмай жатырған сан мыңдаған мұралар бар», – деді іс-шараға қатысқан. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов.

Сондай-ақ, халық қалаулысы бүгінгі көрменің маңызы ерекше екенін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<