Біз бір ауданның азаматымыз, киелі Шиеліде кіндік кесіліп, текті топырақтан түлеп ұштық. Жасымызда біршама айырма бар, бірақ қызметтік қадам талай түйісті. Ол ақылман аға, мен ізетті іні болуға тырыстым.
Заман ағымын аңдаған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде еңбек жолын «Қызылорда электр желісі» кәсіпорнында электр слесарі болып бастап, қарапайым еңбектің қалыбында қорғасындай еріп, болаттай берік байлам жасап шықты. Содан бергі серпінді қадамы басқарма басшысына дейін өсіп, Марсбек Рүстемұлы ерік-жігері мықты, табанды, өзіндік көзқарасы бар, таным-талғамы тұрақты тұлға деңгейінде дараланды. Бір қарағанда, мінезі тұйық, біртоға, артық сөз шығын етпейтін, ашылмаған сандық секілді құпия кісі деп ойлайтынбыз: Сөйтсек сөзі мірдің оғындай, шешендік шеберлігі мол, әзілге бай, жайдары мінез иесі екен. Нақтысы, нағыз азамат, істің адамы, біреуге титімдей залалы жоқ, әлдекімнің сыртынан ғайбат айтуды білмейтін, жүрегі кең жігіт ағасы болатын.
Саққұлақ шешеннің «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолғыншысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаушысы – мінез» дегеніндей, бұл бағамдау оның тұла бойына тең келетін теңеу секілді. Адамды жан тереңдігі, ой кемелдігі жетілдірсе, ол өз атын кісілікпен көтерген кісі. Кішілігі де ат төбеліндей жоғары тұрды.
Шиелі ауданын Нұрлыбек Машбекұлы басқарып тұрған тұста Марсбек Рүстемұлы Шиелі кентінің әкімі болып, қажырлы қызмет етті. Туған жерде тоғысып, ауданның абыройын асқақтатуға екеуміз де білек түрдік. Шаршадық демедік, шаруаның біткенін қаладық. Қазақтың «Жігіттің бағы емес, жұмыстың бабы билейді» дегеніндей, кентішілік жұмыс сірә біте ме, тоқтаусыз тірлік оған тәулік бойы тыным бермеді. Қайтсем, аудан орталығын ажарландырып, Шиелінің шырайлы келбетін қалыптастырамын деп тырысты. Қиналғанда да, қажығанда да Марсбек ағам елжанды қасиетінен бір мысқал танған жоқ. Жалпы, оның елдің ертеңіне деген сенімі, мемлекет мүддесіне, ел тағдырына жанашырлық сезімі ерекше еді.
Кейіннен қызмет бабымен Қызылорда қаласына ауыстық. Тағы да тағдыр тоғыстырды. Ағамның ақыл-парасатына арқа сүйеп, өмірге нұсқа болатын кеңестерін тыңдадық. Сөйтіп, елге қызмет етуде ерінбеуді, әрбір еңбекті елеп-ескеруді, көптің жүгін көтеру мен олардың сенімінен шығу секілді адами болмыстың айшықты қырларын үйрендік.
Құрылыс саласының қажырлы қызметкері, кәсіби маман Марсбек Молдабаевтың соңғы қызметі облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы лауазымы еді.
Марсбек ағаны еске алғанда мынадай ой тамызық орала кетті. Ол кісі сөздің адамы емес, істің адамы еді ғой, жарықтық. Өмірінің соңғы сәтіне дейін еңбектеніп өтті. Үйде байыз тауып отыра алмайтын, бос болғаннан гөрі әлдене шаруамен айналысуға әуестеу, бірақ ол туралы біреуге ләм-мим деместен өз білгенімен жүретін еді. Сәтті істердің сабақталуына өзек, тамаша табыстарға тілектес болған азаматтығы көпке белгілі. Ел оны ерен еңбегі үшін ерекше құрметтеді.
«Өмір деген қып-қысқа көрген түстей, қадірін білген дұрыс көрге түспей» деп данагөй Баласағұн қалай біліп айтты. «Қамшының сабындай қысқа ғұмырда өз орныңды қалыптастырып, талай белесті бағындыруға талпын» дегені екен ғой бұл.
Ағамызды ажал айналдырып, соңына біржола түскенін кеш білдік. Өмірінде ауырдым деп айтпаған кісі ғой, жаны қиналғанын ешкімге сездірмеуге тырысты. Қолдан келер басқа шара болмады.
Биыл ардақты ағамыз Марсбек Рүстемұлы өнегелі өмірдің кемел жасына келер еді, әттең, оған тағдыр жеткізбеді. Амал нешік, тәңірдің әмірі тегеурінді.
Нұржан АХАТОВ,
Қызылорда қаласының әкімі






