Жарқын кездесу

469

0

Қарты бар ел қазыналы. Жас ұрпақтың өнегелі қариялардан алар тәлімі көп. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Кәусар» мамандар орталығы» ҚБ ұйымдастыруымен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де салмақты сөз айтып, парасатты ақыл қосатын кемеңгер ардагерлермен кездесу ұйымдастырылды.

«Ел ағасы» тақырыбымен өткен шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, орталық директоры Бауыржан Мастеков пен өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан, талай жасты тәрбиелеп, ізбасар дайындаған бірқатар ардагер қатысты. Олардың қатарында Жалағаш, Қазалы аудандарының «Құрметті азаматы», облыстық, аудандық партия комитеттерінің мүшесі, бірнеше рет облыстық кеңестің депутаты сайланған Қаһарман Табынбаев,   Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сәби Аңсат, медицина саласында өзіндік қолтаңба қалдырып, «Облыстың құрметті қайраткері» белгілерімен марапатталған Тұрғанбай Маханов,  Қазақстанның құрметті журналисті Махмұтбай Әмiреұлы мен облыстың ауыл шаруашылығы саласында шыңдалған, бірнеше рет Сырдария, Шиелі ауданында аудандық кеңестің депутаты болған Жақай Бодықбаевтар болды. 

Кездесуде ардагерлер еңбек жолынан естеліктер айтты. Ұлағатты өсиеттерімен бөлісіп, әдемі әңгіме өрбітті. Шара соңында жастар ел ағаларының ерлігін, кісілігі мен кішілігін, ерекше болмысын өлең шумақтарына арқау етіп,  арнайы сыйлықтар табыс етті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<