“Егер қысқаша жауап берсем, иә, тартып алуға құқықтары бар. Нақтырақ айтсам, адам банктегі несиесін, алиментін, айыппұлын немесе басқа да қарыздарын төлей алмаса, оның мүлкін, мейлі ол басындағы жалғыз баспанасы болса да, тартып ала алады”,- деп жазды Дәулет Абжанов.
Оның айтуынша, қазіргі заңымызда жалғыз баспананы тартып алуға ешқандай қарсылық жоқ. Ол тартып алуға болмайтын мүліктер қатарына енгізілмеген. Бұндай жағдайда тек бір ғана жеңілдік бар: әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды жылу маусымында үйінен шығарып жіберуге болмайды (ҚР “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңы, 29-бап, 3-1 тармақ).
Бірақ жағдай өзгеруі мүмкін, себебі Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың банкрот болуына байланысты жаңа заң жобасын жасап жатыр. Онда адамның жалғыз баспанасын қандай жағдайларда тартып алуға болатыны нақтыланатын болады. Әзірге жалғыз баспананы тартып алуға болмайтын жағдайлар көрсетілген. Олар:
- егер баспана бір жерге кепілге қойылса;
- баспана аумағы қарыз алушының отбасына бекітілген нормадан аспайтын болса (қазір ол бір адамға 18 шаршы метрді құрайды);
- келісім-шарт бойынша негізгі қарыздың 50%-нен көбі төленген болса.
Мысалы, 18 миллион теңге несиеге пәтер сатып алып, сол пәтердің өзін несие берген банкке кепілге қоясыз. Пәтердің аумағы шағын, нормадан аспайды. Сол қарыздың 8 миллион теңгесі төленсе, пәтерді тартып ала алмайды.
“Банктер заң жобасының осы тұсымен келіспей отыр. Олардың айтуынша, көлемі шағын пәтерді кепілге алу – банктер үшін қауіпті. Банкирлер “7-20-25” бағдарламасының да осындай жағдайға тап болатынын айтады”,- дейді заң ғылымдарының кандидаты.
Заңгер қарыз үшін адамның басындағы жалғыз баспанасын тартып алу төңірегінде шешілмеген дау көп екенін алға тартады. Оның айтуынша, әр ел әртүрлі шешуге тырысып жатыр. Мәселен, Ұлыбритания, Франция, Испания, Италия, Швейцария, Эстония, Латвия сынды елдерде үйді тартып алуға рұқсат етілген. Ресей, Бразилия, Беларусь, Түрікменстан, Өзбекстан, Швеция, Португалияда тартып алуға белгілі бір жағдайларда ғана мүмкіндік береді. Ал Австрия, Бельгия, Германия, Лихтенштейн сынды үшінші бір елдерде үйді тартып алуға болады, бірақ қарыз алушыны үйді пайдалану құқынан айырмайды.
Заңгердің айтуынша, бұл оңай сұрақ емес. Оның құқықтық жағы да қиын.
Біріншіден, несие беруші үшін үйді тартып алуға ешқандай кедергі болмағаны жақсы. Себебі ол қарызын қайтаруды талап етуге құқылы. Қарыз алған адам оны уақытында төлей алмады ма – мүлкімен өтесін. Бұл ҚР Азаматтық кодексінен бастау алады.
Екіншіден, баспананы тартып алуға тыйым салынса, несие берушінің пайдасына шешілген сот шешімі орындалмай қалады. Себебі соттың қарызды өндіріп алу туралы шешімі болса да, оны орындауға заң қарсы болады. Осылайша адамдардың сотқа жүгінуі мен сот шешімін республика аумағында іске асыру құқығы бұзылады (ҚР Конституциясының 76- бабы).
Үшіншіден, бұл мүлік айналымын реттеуге кедергі болуы мүмкін. Себебі мүлік иелері өздерінің міндеттерін орындай алмайды, құқықтары бұзылса, қорғалатынына сенімсіз болады. Қарыз алушыны жауапқа тартпаса, несие берушінің құқығы аяққа тапталады.
Бір жағынан Конституцияның 2-бабында “Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады” деп жазылған. Бізде Ресейдегідей “қамтамасыз етуге кепілдік берілмесе” де, жағдай жасап жатса, адамды жалғыз баспанасынан айыруға болмайды дейтіндер табылады. Одан бөлек, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (ҚР Конституциясы 1-бап). Адамды жалғыз баспанасынан айыру Адам құқытарының жалпыға бірдей декларациясының 25-бабына сәйкес келмейді. Онда “Әр адам өзінің және отбасы мүшелерінің денсаулығын әл-ауқатын қамтамасыз ететіндей, тамақты, киімді, баспананы, медициналық күтімді қамтитын өмір сүру деңгейіне құқылы” деп жазылған.
Байқап отырғаныңыздай, жалғыз баспана жөнінде көтерілген мәселе құқықтық тұрғысынан әлі толық шешілмеген. Екі жақтың да құқығын бұзбайтын әділ шешім керек.
“Заңгерлерде “Мешік міндеттейді” деген тезис бар. Ол меншік құқығы – мүлікті тек иелену, басқару, қолдану деген сөз ғана емес, оған жауапкершілікпен қарауға міндетті болу дегенді де білдіреді. Адамның мүлкі оның азаматтық құқықтары мен міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек”,- дейді Дәулет Абжанов.
Заңгер жазбасында осы мәселенің Қазақстанда және Ресейде қалай шешіліп жатқанын атап өтеді.
“Бастапқыда Ресейде адамның жалғыз баспанасын тартып алуға рұқсат беруге қорықты. Неге? Себебі адамдар өздерінің қарыздарын өтеуге, жауап беруге әлі дайын емес деп ойлады. Кейінірек бұлай жалғаса беруге болмайтынын түсініп, адамдарды қарыздарына жауап беруге үйрету керек деп шешті. Қарыз адамның, мейлі ол коммуналды қызметке, алиментке, басқасына болса да, баспанасын қандай жағдайда тартып алуға болатынын көрсететін заң жобаларын жасады. Бұндай бастамаға қарсы шығушылар өте көп, дегенмен олар осы бағыт бойынша келе жатыр. Біз болсақ, жалғыз баспананы тартып алу мүмкіндігін шектеу арқылы, керісінше бағытқа бет алуымыз мүмкін”,- деп жазады ол.
Әрине, қарызын төлей алмаған адамға оны басқа мүліктерімен өтеуге мүмкіндік беруге болады, бірақ ол мүліктердің ішіне баспананы енгізу – үлкен сұрақ.
Дереккөз: baribar.kz
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<