Арыздар саны азайған

287

0

Қызылорда облыстық соты өткен жылдың сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындыларын шығарды. Оған облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев, алқа төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, судьялар, Соттар әкімшісінің басшылығы қатысты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі ресми сайтында мәлімдеді.
Кеңес жұмысын облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев ашып, өткен жылдың жұмысын қорытындылады. Мұнан соң қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру туралы алқа төрағалары Бақытжан Қалымбет пен Әділхады Шығамбаевтың есептері тыңдалды. Олар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудың сандық және сапалық көрсеткіштері туралы баяндады. Баяндамашының хабарлауынша,  соттардың өндірісіне 21 291 талап қою арызы, 925 азаматтық, 10 965 әкімшілік, ал азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқаға 1 935 азаматтық, 182 әкімшілік іс түскен. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне және «Нотариат туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, АПК-нің 135-бабы бойынша сот бұйрығы шығарылатын 18 талаптан 9 талап санаты алып тасталып, нотариалдық жазба түрінде шығарылатын болды. Сондай-ақ, оңайлатылған тәртіппен қаралатын  талаптардан 9 санаты сот бұйрығы арқылы қаралады. Нәтижесінде, сот бұйрығын шығару тәртібімен қаралатын арыздардың түсу көрсеткіші 49,05 процентке кеміген. Былтыр бірінші саты соттарына 1591 қылмыстық іс түскен. Оның ішінде ұрлық, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, заңсыз аңшылық, көлік пайдалану санатындағы қылмыстық істердің сотқа түсуі 33,4 пайызға азайған.
Ал апелляциялық алқаға 245 қылмыстық іс түскен. Сот актілерін түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде шағымданушылар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 103-ге немесе 29,5 процентке азайған.
Жемқорлық санатында 40 адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. Медиация тәртібімен 341 қылмыстық және 1 433 азаматтық, 424 әкімшілік, партисипативтік рәсім тәртібімен – 32 , татуласу келісімен 222 іс  қаралды.
Кеңес шеңберінде «Сот төрелігінің жеті түйіні» пилоттық жобаларының нәтижелері және соттарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша атқарылған шаралар туралы Соттар әкімшісінің басшысы Азамат Жұмамұратов, сот имиджін көтеру, құқықтық насихаттау және БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судья Шолпан Маликова баяндама жасады.
Кеңес отырысында соттардың өткен жылы жіберген кемшіліктері талқыланып, оны шешудің жолдары бойынша ұсынымдар келтіріліп, алда атқарылатын жұмыстар нақтыланды.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<