Астанада Ұлттық ұлан жауынгері суға батқан кісіні құтқарды

403

0

Астанада Ұлттық ұлан жауынгері суға батқан кісіні құтқарды Астанада ұландық жауынгер суға батқан кісіні құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ұлттық ұланның» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 9 тамыз күні сағат 05:50 кезінде Хазірет Сұлтан мешіті артындағы Есіл өзені бойында орын алған. Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің концертмейстері, ефрейтор Денис Яковлев таңғы жаттығу кезінде өзен бойын жағалап, жүгіріп келе жатады. Оны тоқтатқан ер кісі полиция бөлімшесіне су бетінде біреудің денесі жатқанын хабарлау үшін телефон таппай тұрғанын айтады. Денис дереу өз көзімен көру үшін сол тұсқа жүгіріп барады. Жақындап, анықтап қарағанда әлгі азаматтың басын қимылдатып, белгі бергенін байқайды. Бірлі жарым-сұрақ қойғанда, жауап қатпайды, әбден тоңса керек, дауыс шығармайды. Содан ефрейтор Яковлев не де болса, тәуекелге бел буып, суға сүңгіп кетеді. Елуді алқымдап қалған ер кісі екен, ыңғайлап, әупірімдеп бірде аяғынан тартып, бірде иығына салып, жағаға алып шығады. Жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келгенше, аяқ-қолын уқалап, құрғақ киіммен орап, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Кейіннен Денис су тереңдігінің біршама екенін айтты. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жапа шегушінің құжаттары мен жеке заттарын табыстады. Құжатынан оның 03.01.1969 жылы туған Қостанай облысының азаматы екені белгілі болды. Бүгінде азамат Астана қалалық теміржол ауруханасында ем қабылдап жатыр. Денсаулығы бірқалыпты, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Денис Яковлевтің Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында қызмет етіп жүргеніне 6 жыл болған. Қазіргі лауазымы – Ән-би ансамблінің концертмейстері, отбасылы, екі қызы бар.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<