Аталар жолы алға бастайды

919

0

  Бүгінгі қоғамда ұрпақтар сабақтастығын дамыта отырып, отбасы құндылығын арттыру – кезек күттірмейтін жауапты міндет. Осы орайда Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылында, Ш.Есенов атындағы №153 мектеп-лицейінде “Аталар жолы” атты ауыл ақсақалдарымен кездесу өтті.

Оқушы бойына ұлттық дүниетаным негізін қалып­тастыру, бабадан қалған асыл сөзді ұғындыру, сондай-ақ, ауыл тарихын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараны мек­теп директоры Қ.Әмзеев ашып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруда аталар жолын үлгі тұту, олардың ел үшін атқарған еңбектеріне құрметпен қарау бүгінгі ұрпақтың борышы екенін атап өтті.

Кездесуде Мейрамбек Омаров, Сәрсенбай Тәжібаев, Абдуахит Әбдіраманов, Серік Садуақасов, Хабибулла Кәденов, Басаман Пірімбетов, Есен Досжанов сынды ауыл ақсақалдары өмір жолдарынан өнегелі естеліктер айтып берді. Кешегі қиын-қыстау кезеңде бір-біріне қамқор болып, бірлік пен татулықта күн кешкен кең пейіл халқымыздың даналығы жайлы  әңгімелеп берді. Сонымен бірге, оқушылар ұйымдастырған «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбындағы бөлімде ауылға қатысты жер, су аттарының шығу себептері жайлы сұрақтарға жауап беріп, ауыл тарихының қалыптасуына қатысты деректер бойынша ой бөлісті.

Мектептің 3 сынып оқу­шы­лары дайындаған «Ата өсиеті» көрінісі қарттардың көңілінен шықты. Б.Құрманбек, Ғ.Нұрлан, Н.Жарылқасынов, М.Әбубәкір, Ж.Малайдарова сияқты жеткін­шек­тердің өнеріне тәнті болды. Айта кетейік, аталған шараны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Ерімбет, мектеп-лицей тәлімгері А.Сарбасова, психолог А.Мәуленова, Г.Шарбекова, М.Асанова, М.Оразалиев сынды ұстаздар ұйымдастырды.

«Жауынменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» дегендей, жиын соңында ауыл ақсақалдары балаларға батасын беріп, алғысын айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<