Облыстық мәслихаттың кезекті 21-сессиясы қарсаңында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында сессияда қаралатын мәселелер ұсынылды. Оның алғашқысы “Қызылорда облыстық мәслихатының 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы” болды. Отырыс барысында ұсынылған жоспарға өзгертулер енгізілді. Сессияда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін жасайтын болғандықтан, облыс көлеміндегі бұқаралық спорттың жағдайы мен оны жетілдіру жолдары туралы мәселені талқылау келесі сессияның күн тәртібіне енгізілетін болып шешілді.
Депутаттар Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Мейрамбек Сатлабаевтың 2017 жылға облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебін тыңдады. Хабарламашы атап өткендей, жыл көлемінде облыстық бюджетке нақтылау жүргізілуіне байланысты бюджет бекітілген көлеммен салыстырғанда 14 990,8 млн теңгеге (108,4%-ке) ұлғайып, 192 823,7 млн теңгені құраған. 2017 жылдың қорытындысымен облыстық бюджеттің түсімдер болжамы нақты 192 882,9 млн теңгеге немесе 100,2 процентке орындалып, болжамнан 445,8 млн теңге қаржы артық түскен. 2017 жылғы облыстық бюджеттің шығыстарының атқарылу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 16 840,2 млн теңгеге азайған. Оның ішінде шығындар 9 536,2 млн теңгеге, бюджеттік кредиттер 5 483,1 млн теңгеге, қаржылық активтерді сатып алу 4 006,8 млн теңгеге азайса, қарыздарды өтеу 2 185,9 млн теңгеге көбейген. 2018 жылдың 1 қаңтарына Қызылорда 29 облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жоспарланған 192 823,8 млн теңге шығыстар жоспары 192 595,8 млн теңгеге немесе 99,8%-ке орындалып, 228 млн теңге игерілмеген.
Мұнан соң облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова 2016-2020 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму бағдарламасының 2017 жылы орындалуы туралы хабарлама жасады.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 2017 жыл бойы өнеркәсіптің өңдеуші секторында, ауыл шаруашылығында, тұрғын үйлер салуда, аймақтың әлеуметтік дамуына инвестициялар тартуда және де құрылыс жұмыстарын жүргізуде оң тенденциялар қалыптасты. Экономиканың салаларында жыл ішінде 13105 жұмыс орны құрылды, оның 11561-і тұрақты. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін республикалық көрсеткіштен төмен 4,8% шегінде ұстап тұруға мүмкін болды. Тұтыну бағалар индексі маусымдық өсімге қарамастан, жыл бойы республикалық орташа көрсеткіштен төмен болды. 2017 жылдың қорытындысымен 106,6% құраса, республика бойынша 107,1%. Оның ішінде азық-түлік тауарларының баға индексі 106,6%, азық-түлік емес тауарларының баға индексі – 108,9%, ал ақылы қызметтер –104,4%.
Өткен жылы 59 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 25-і пайдалануға берілді. 2017 жылы 1983 пәтерлік 47 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілді, оның ішінде мемлекет қаржысы есебінен пайдалануға берілгені 1600 пәтерлік 36 үй. Облыс және аудан орталықтарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыс жұмыстары жалғасты. Бұл мақсаттарға республикалық және облыстық бюджеттерден 4 млрд теңге бөлініп, 164 шақырым инженерлік желілер салынды. Облыс орталығындағы апаттық тұрғын үй мәселесі шешілді.
Халық қалаулылары ұсынылған есептерді сессияға бекітуге жолдады. Комиссиялар отырысында депутаттар талқылауынан өткен мәселенің бәрі облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерін белгілеуге қатысты болды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев бұл жұмыс ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде бір қолға берілуін болдырмау мақсатында жасалып отырғанын және ол Үкіметке ұсынылатынын жеткізді. Содан кейін әр аудан бойынша шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін берілетін егістік, оның ішінде суармалы егістік, шабындық және жайылымдық жерлердің шекті көлемін айтып шықты. Осы орайда депутат Тілеп Ибадулла Қазалы ауданында мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар үшін тек жайылымдық жерлер ғана көрсетілгеніне назар аударды. Ал малға қысқы азық дайындау үшін шабындық жерлердің болғаны да дұрыс. Депутаттар бұл ұсынысқа қолдау білдіргеннен кейін қосымша шабындық жер көлемі де бекітелетін болып шешілді.
Күн тәртібіндегі басқа да мәселелер бойынша талқылаулар болып, олар сессияға жіберілді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<