Ауыл тұрғындары мал ұрлығының көбейгеніне шағымдануда

311

0

Қызылорда облысында ұры-қарыға тоқтам болмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ауыл-аймақ тұрғындарын әсіресе мал ұрлығы қынжылтып отыр. Жыл басынан бері 356 дерек тіркелген. Полиция қызметкерлері «Мал ұрлаушы, соғым, құрық» жедел іс-шараларын дүркін-дүркін өткізіп, 26 қылмыстық топты ұстады. Дегенмен барымташылар айылын жияр емес. Осы ретте төрт түлік өрбітіп, жан баққан шаруалар оңай олжаға құныққан ұрыларға қатаң жаза қолдануды сұрап отыр.
Арқасы Қарақалпақстанмен шектесіп, Арал теңізін жанай қоныстанған Қаратерең ауылында 300 отбасы түтін түтетіп отыр. Малын жайлап, балығын аулап, мамыражай күйдегі елді мекеннің соңғы жылдары ұры-қары тынышын алып жүр. Қалың қамысқа жайылып, тыңайған түлігі өрістен қайтпай қалу дерегі көбейген соң, тұрғындардың наразылығы өршіп тұр.
Қожабай Серімбетов, Қаратерең ауылының тұрғыны:
– 2014-15 жылдары малым ұрланған, ауылдық ішкі істер бөліміне шағымдандық. Сол жылдары менен 3 бас ұрланып, артынан тағы 5 бас ұрланды. Біз осы ауылда азын-аулақ малымызды ұстап, балық аулап отырмыз. Бала-шағамыз бар. Қайда барып күн көреміз? Болмаса бізді көшірсін немесе ұрлаған адамға шара қолдансын. Жылда қаншама мал ұрланады.
Қаратереңдіктер елді титықтатқан ұрыларды ұстауға өздері кірісіп, аймақтық полиция қызметкері және ауыл әкімі бәрі бірлесіп, барымташыны аңдуға шығады. Ұрлық үстінде тұзаққа түскен сол елді мекен тұрғынын аудандық полиция бөліміне тапсырады.
Серікбай Жөниязов, Қаратерең ауылының тұрғыны:
– 3 қараша күні таң алдында аудандық ішкі істер бөліміне апардық. Азанда сағат 8-9 да шығарып жібереді. Сондағы 2 ауылдың әкімі қайда, халық қайда? Тергеу жүретін болса, әділ тергеу неге болмайды? Заңның әлсіздігі, екі тарап келіссе болды, босата береді. Мұны негізі Парламент қайта қарағаны дұрыс деп есептеймін. Халықтың жанайқайы бар. Өзінің қуаныш-қайғысына жинап отқан малын тал түсте көрер көзге ұрлап отырса, не болды?
Нұрбол Сәден, облыс бойынша полиция департаментінің басқарма бастығы:
– Мал иелері үй жануарларын жайылымда қаруасыз жіберіп, жоғалып кеткеннен кейін 1-2 күндей өздері іздейді. Ол бізге үлкен қиындықтар туғызып, қылмыстың ашылуына кедергісін тигізіп жатыр. Сонымен қатар мал ұрлығымен күресуде тағы бір күрделі мәселе қылмыскерлерді құрықтауда жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылып, полициядан бірқатар күш-құрал жұмылдырылып, қылмыстың ашылуына қол жеткізілгенімен, жәбірленушілер кешірім арыз жазып, немесе келтірілген шығынды берген жағдайда тергеу жұмыстары жоққа шығарылады.
Тұрғындар қолдағы түлігін жайылым-шабындыққа жібермей, қораға қамап, тағы отыра алмайды. Бұл ретте қаратереңдіктер аймақтық полиция қызметкерлерін техникалық тұрғыдан жарақтандырылса деген ұсыныс айтады.
Құдабай Жиенбаев, Қаратерең ауылының әкімі: – Ішкі істер бөлім қызметкерінің астындағы көлік нашар болғандықтан, ол кейбір жұмыстарды жасауға дәрменсіз болып қалады. Сол себепті ауыл әкімдігі бірлесе отырып, көмек жасап отырмыз. Алда да жоспарымыз бар. Осы малды шоғырландырып отырып, бақташылармен бірге жұмыс істеу қажет. Сосын жеке кәсіпкерлердің өз малын жеке жерінің аумағында бақтыру жөнінде бірнеше рет ұсыныс-пікірлерді халықпен тыңдап, дұрыс жұмыс жасадық. Алдағы уақытта нәтижесін береді деп отырмыз.
Қалыптасқан жағдайға орай өңірде «Ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлауға қарсы іс-қимыл жол картасы» әзірленді. Облыс көлеміндегі барлық мал сою орындары мен ет өнімдерін өңдейтін нысандарға бейнекамералар орнатылды. Сондай-ақ мал базарларында құжатсыз түліктер саудасы қатаң бақылауға алынды. Бірақ мұнымен жағдай оңалар ма екен? Ол уақыт еншісінде.

www.24.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<