Даналықтың дара шыңы

259

0

  Даналықтың дара шыңы        «Кітапхана-білім кені». Қазақстанның Халық жазушысы,  ірі драматург, белгілі әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығына орай Қазалы аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен жобалық басқару шеңберінде «Жыр – Жауһар» жас ақын-жазушылардың әдеби клубы аясында, «Бір ел – бір кітап» акцясы барысындағы әдеби марафоннан осындай ой түйдік. Ақын шығармаларын кеңінен насихаттау, кітап оқуға шақыру, әдеби ортамен байланысын нығайту, өскелең ұрпақты Отаншылдық сезімде, патриоттық рухта дағдыландыру және эстетикалық тәлім -тәрбие беруді көздеген шара аса тартымды түрде мәреге жетті. Бұл сайысқа Қызылорда облыстық тілдерді дамыту орталығы КММ-нің Қазалы ауданы бойынша оқытушысы Таңжанов Жұбатқан, №266 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Утеулиева Сағыныш өзге де тіл жанашырлары қазылық жасады.

        Аталмыш шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев ашып, қатысушы талапкерлерге сәттілік тіледі. Кент пен Қазалы қаласындағы 10 мектептен оқырмандар қатысқан әдеби марафонда шын мәнісінде, білім мен ізденімпаздық, көркем сөз оқу шеберлігі, тіл қолданысы сарапқа салынғандай әсер қалдырды. Әрбір қатысушының сөйлеу мәнері, тыңғылықты әзірлігі «қазіргі жастар газет, кітап оқымайды» деген ұғымның мүлде ағат екенін көпшілікке жете ұғындырғандай.

       Қортындысында № 216 Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектептің 7«в» сынып оқушысы Айтбай Гүлім бас жүлдені иемденді. Кешті аудандық орталық кітапхана директоры Индира Әбілқасымқызы қорытындылап, барша қатысушыларға алғысын жеткізді. Байқауда бақ сынаған жас оқырмандарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Айта кетерлігі, әдеби марафонның ең жасы кіші қатысушысы №226 гимназияның 7 сынып оқушысы Ғазиза Айдарбекова (жетекшісі Мейрамкүл Жолекеш) өзінің аға-әпкелерінен қалыс қалмай, жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.

                                                                  Жұмабек Табынбаев,

                                                                           Қазалы ауданы.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<