Денис Теннің өліміне байланысты ұсталғандардың бірі қылмыс жасағанын мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«1994 жылы Жамбыл облысында туған Қиясов Нұралы ұсталды. Ол өзінің жасаған қылмысын мойындады, осы іске адвокат қатысып отырды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екінші күдіктінің де кім екені анықталды. Қазір оны іздестіру жұмыстары жүріп жатыр», -деді прокурор Берік Жүйректаев БАҚ өкілдерімен болған брифингте.
Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 99 бабы 2 бөлігі бойынша жүріп жатыр.
Айта кетейік, танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен пышақтан алған жарақатымен ауруханаға 19 шілде күні түс кезінде жеткізілді.
Алматы қалалық ІІД-нің мәліметтері бойынша, белгісіз біреулер спортшының көлігінің айнасын ұрламақ болған. Оқиғаның үстінен түскен спортшыны ұрылар жамбасынан жарақаттаған. Спортшы 3 литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалады.
Кешірек ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Ернар Әкімқұлов спортшының қаза болғандығы жариялады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<