Дін мен дәстүр сабақтастығы

342

0

Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында мемлекет дамуының зайырлы қағидаттарын нығайту міндеті көзделген. Осыған сәйкес облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы Батыс Қазақстан облысының және Шымкент қаласындағы осындай орталықтардың теолог мамандарымен тәжірибе алмасу мақсатында “Дерадикаландырудың заманауи тәжірибелері” тақырыбында семинар-тренинг өткізді.

Шараны облыстық ішкі саясат басқармасының бас­шы­сы Талғат Маханов ашып, дәстүрлі емес діни ағым­дардың алдын алу бағы­тындағы жұмыстардың үз­дік­сіз жүргізіліп келе жат­қанын айтты. Соның нәти­жесінде қазіргі таңда діни ахуалдың тұрақты екеніне тоқталды. Сонымен қатар, қоғамдағы күрделі мәселемен күресуде өзге аймақтармен өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Алғашқы сөз кезегін алған “Рухани қоғам әлемі” қоғамдық қорының президенті және “Тұлғалық даму мектебі” отбасылық орталығының жетекшісі, психолог Лимана Қойшиева “Діни экстремизмнің психологиялық себептері мен алдын алу” тақырыбында баян­дама жасады. Тақырып аясын­да ол  экстремистік бағыттағы іс-әрекеттер жайлы жалпы түсіндірме берді.

– Өздері ешкімнің пікірі­мен санаспайтын, ешкімді мойын­дамайтын, әйтсе де өзінің дәлелсіз, дәйексіз ақпараттары мен шектен шыққан әрекеттерін қоғамға күштеп мойындатуды көздейтін белгілі бір топ. Олар көздеген мақсатына жету үшін кез келген қадамға баруға дайын. Бұл топтардың құрығына бірінші кезекте ата-ана бақылауынан тыс қалған жасөспірімдер, жұмыссыздар, сол сияқты, түрлі психо­логиялық соққыға тап болған жандар ілініп жатады. Тіпті, олар мақсатты түрде өз ортасына ықпалы зор сауатты жастарды тартуға тырысады. Сондықтан ең бастысы, әрбір ата-ана бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, ғаламторда толып жүрген жат ағымның ақпараттарына шыр­малып қалмауын қадағалауы қажет, – деді Л.Қойшиева.

Ал республикалық ақ­па­рат­тық-түсіндіру тобының мүшесі, “Нұрлы білім” қо­ғамдық бір­лестігінің теолог ма­маны Рүстем Сыз­ды­қов “Жалған діни уәж­ден­ген экстремизм мен тер­ро­ризмнің алдын алуға ба­ғыт­талған базалық ақ­парат” тақырыбындағы баян­да­масында өз тарапынан жүргізген зерттеу және талдау жұмыстарының нәтижесіне тоқталып өтті. Атқарылып жат­қан жұмыстар аз емес екенін, дегенмен кейбір жауапты орындардың салғырттыққа жол беріп жататынын да алға тартты. Мысалы, дәстүрлі емес діни ағымдардың баспа ма­териалдарын талдап-та­ра­зы­лауда өте мұқият болу қажет. Бұл орайда теолог-маман Мәшһүр Жүсіп, Мір­жақып Дулатов, Шәкәрім Құ­дайбердіұлы, Абай Құ­нан­­бай­ұлының әдеби мұра­ла­рынан бірнеше деректер келтіріп, бүгінгі жастар  ұлт­тық ұстанымға, дәстүр са­бақтастығына құрметпен қа­рауы қажеттігін атап айтты. Сондай-ақ, жат ағымның жетегінде кетіп, тағдыры тал­қыға түскен атпалдай азамат­тардың кешкен күнін, елге әзер жеткен олардың өкініші мен қайғысын  видеожазбалар арқылы жеткізді.

Семинар-тренингте Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы, дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Азамат Раманқұлов, Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Икрам Айтаев талқыланып отырған тақырып аясында өз тәжірибелерін ортаға салды. Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отырған діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау, осы мақсатта жалпы қоғамды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, жас ұрпақ санасына жат ағымға қарсы иммунитет қалыптастыру мәселелері төңірегінде кеңінен сөз қозғалды.

Жиында қалалық және аудандық ішкі саясат бөлім­дерінің теолог мамандары, облыстық ҚАЖД-ның қыз­меткерлері, облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<