Облыста ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық шаралар аяқталды. Бұл туралы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы хабарлады.
Биыл облыста ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 144 392 гектарға жоспарланған болатын. Ауа райының салқын болуына байланысты бұл бағыттағы жұмыстар 800 гектарға кем өңделді.Үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы жұмыстар мамырдың 29-нан 2 шілдеге дейін жүргізілді. Оған 25 техника қатыстырылып, 12 211 литр пестицидтер пайдаланылды.
Мамандар фитосанитариялық шаралар уақытылы әрі сапалы орындалды деп отыр. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдары мен жайылымдарға зиян келмеген және арыз-шағым болмаған.
Дегенмен, шілденің екінші онкүндігінде шегіртке тектес зиянкестер толық өсіп жетіледі. Олардың қанаттану, жұптасу, ұрық салу кезеңінде ұша бастайды. Осы кезеңде шегіртке түнде жарыққа жиналып, тұрғындарды орынсыз алаңдатуы мүмкін. Бірақ, бұл жағдайдың қоршаған ортаға, ауыл шаруашылығы дақылдарына және жайылымдық алқапқа кері әсері болмайды.
Осыған байланысты инспекция тарапынан барлық аудан және қала әкімдеріне, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы тиісті хат жолданды.
Облыстық аумақтық инспекцияның мәліметтеріне сүйенсек, ерекше қауіпті шегірткеге қарсы күнделікті қадағалау жұмыстары жүргізіліп, фитосанитариялық ахуал тұрақты болып отыр.
А.АҚЫЛБЕКОВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<