Құттықожа Ыдырысұлы ағам арамызда болғанда биыл 75 жас мерейтойын тойлар едік. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, ағамыз ұзақ науқастанып, 2018 жылдың жазында 67 жасында бақилық болды.
Уақыт зымырап, сегіз жыл өтсе де, барлығы күні кеше болғандай көз алдымызда, жанымызда жүргендей сезіледі. Бұл ағамыздың ықыласы ауып, жақын тұтқан адамдардың жады мен жүрегінде сақталып, өшпес сыйластық, бауырмалдық сезім қалдыра білгені деп айтар едім. Өмір жолы, ерен еңбегі, соңына ерген бізге берген тәлім-тәрбиесі, қаржыгерлік кәсібилігі ел ауызында айтылып жүр және айтыла береді де.
Құттықожа ағамен 1996 жылдың тамыз айында танысқаннан, кейін қарамағында 1998 жылдан қазынашылық басқармасында, 2005 жылдан облыстық әкімдікте он жылдай бірге жұмыс атқардым. Осы уақыт кәсіби өмірімдегі маңызды кезең болды, мамандықтың қыр-сырымен қатар адамдармен қарым-қатынас жасау, елмен араласу, туындаған мәселенің шешу жолдарын табу, реттеу секілді қасиеттердің шыңдалуына септігін тигізді, нағыз өмірлік мектеп болды десем артық айтқандық емес. Бұл – ұстаздық тәлімгерлігінен мол сусындағанымның айғағы.
Қызмет бабында қаталдау, талапшыл, жұмыстан тыс уақытта әзілді де айтатын және өзі де әзілді көтере алатын. «Қандай кітап оқыдың, не оқып жатсың?» деп әлсін-әлсін сұрап қояды. «Ештеңе оқып жатқаным жоқ» деп айта алмайтын болған соң, кітап қарауға уақыт табатын болдым. Іс арасында әдеби талқылаулар да болып тұратын. Ол кісі өлеңді жатқа оқып айтпағанмен, поэзияны жақсы көретін. «Бес ғасыр жырлайдыдағы» ақын-жыраулардың шығармаларын, халық дастандарын қазіргі заманғы ақындарды оқитын. Бұл қызметтен тыс өміріндегі көпшілік біле бермейтін бір қыры еді.
Елі үшін туған атпал азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, қарымды қаржыгер Құттықожа Ыдырысұлымен тығыз араласып, бірге қызмет атқарғанымды мақтан тұтамын. Ол кісінің басқа да шәкірттері облысымыздың, республикамыздың аумағында түрлі қызметтер атқарып жүр. Осы ретте, елге сіңірген ерен еңбегін ескеріп, азаматтығы мен тұлғасын мәңгі есте қалдыру мақсатында, келер ұрпаққа тәрбиелік мәні бар ұлағатты үлгі-өнеге ретінде Қызылорда қаласының орталық көшелерінің біріне Құттықожа Ыдырысұлының аты берілсе деген қаржыгер әріптестердің, шәкірттерінің атынан ұсынысымыз бар.
Роман МУСАБЕКОВ,
Шәкірті





