Әкемтеатры Францияда «Қорқыттың көрі» қойылымын көрсетеді

278

0

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры шілденің 11-18 жұлдызы аралығында Францияның Авиньон қаласында өтетін «Festival d’Avignon» халықаралық театр фестиваліне жол тартты. Оған жазушы-драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» атты қойылымымен театрымыздың 13 артисті өнер көрсетеді.
 «Қорқыттың көрі» қойылымы Қорқыт бабамыздың запырандай ащы аңыз өміріне арнап қойылған сахналық түйсіктің бейне тұжырымы. Ол өркениеттің, мәдениеттің, өнердің, күйдің қасиетті де киелі рухани ұғымның жаназа-реквиемі.
Қорқыт түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист. Ол бүкіл Шығыс өркениеті іргетасын қалаушылардың ішіндегі ең айтулысы, күллі Азия мәдениетінің Ұлы қайнар бастау көзі. Алты Алаш өнерінің аңыз Арысы болып табылады. Қойылым оқиғасы Расул (Мұхамед) Пайғамбар заманына жақын тұста, VII-VIII ғасырда Баят Сырдария өзені бойында өтеді. Дүние кезектігін, діндердің астасуы баяндалады. Бұдан бұрын әкемтеатр 1984 жылы Францияның Нанси қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне Ә.Мәмбетовтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклімен қатысқан болатын.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, араға 34 жыл салып,  әлемнің үздік театр фестиваліне өнер ұжымы тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар күллі түркі халықтарының аңызына айналған Қорқыт ата тағдырынан сыр шертетін қойылымын әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қалың көрерменге тарту етпек. Қойылымның қоюшы-режиссері Литваның және КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал режиссер Йонас Вайткус. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, қазақ халқының қарашаңырағы бетке ұстар туындысымен осындай бастаманың арқасында халықаралық мәдени қауымның алдында шығармадағы түркілік мәдениеттің доминанттарын, бай фольклорлық мұрасын көркемдік деңгейде көрсете алатыны сөзсіз.

massaget.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<