КӨРСЕТКІШ ЖӘНЕ КЕЛЕСІ МЕЖЕ

386

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ауыл­шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаевтың қатысуымен брифинг өтті. Онда І тоқсанда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер пысықталды.
Брифингте  облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаев өңірде орман аумағының көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 22 мың 944 гектарға ұлғайғандығын айтты. Сондай-ақ, 2018 жылдың 15 ақпаны мен 2019 жылдың 15 ақпан аралығында облыстың су айдындарына 7415 тонна балық және 55 тонна артемия циста жұмыртқаларын алуға лимит бөлінген. Жыл басынан бері табиғат заңдылығының сақталуына бақылау жасау мақсатында 64 рейд ұйымдастырылып, 172 құқық бұзушылық анықталған. 171-не әкімшілік іс қозғалса, оның 77-сі  сотқа жолданып, тиісті шаралар жүргізілді.
Облыстың ауылшаруашылық саласында да оң өзгерістер байқалады. Мәселен, өңірдің аграрлық секторын қолдауға мемлекеттен 9,8 млрд теңге бөлініп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 5,4 процентке артты. Ал тамақ өнімдерін өндіру көлемі 6,3 млрд теңгені құрауда.
– Биыл облыс бойынша 177,1 мың гектарға егіс егу жоспарлануда. Оның ішінде дәнді дақылдар 88 мың, майлы дақылдар 10,6 мың, мал азықтық дақылдар 60,6 мың, картоп, көкөніс, бақша 17,7 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі – 81 мың гектар. Мал басы да көбеюде. Осы мақсатта   мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, қолдау көрсетіліп отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда МІҚ 7,2 %-ке, жылқы 7,9 %-ке, түйенің  саны 9,7 %-ке, құстың саны 26,8  %-ке көбейді, – дейді басқарма басшысы Бақыт Жаханов.
Айта кету керек, осы жылдың 1-сәуіріне дейін облыс бойынша барлығы 2492 жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 95 кооператив құрылды. Бүгінде олар 197 тонна ет, 90 тонна сүт өнімдерін өндірді. Сондай-ақ, бұл салада экспортқа бағытталған инвестициялық құны 7,1 млрд теңге болатын 10 іргелі жоба жүзеге асатын болады.
БАҚ өкілдерімен болған кездесуде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов те баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл аса қауіпті 12 түрлі  жұқпалы ауруларға қарсы 4973,3 мың доза ветеринариялық препарат бөлініп, қазіргі күні 3336,3 мыңы облысқа жеткізілген. Сарып ауруына қарсы диагностикалық тексеру нәтижесінде 23 бас уақ мал анықталып, талаптарға сай сойылған.
 – Аймақта ветеринариялық-санитариялық    талаптарға сай типтік жобада салынған 71 мал қорымдары бар. Осы жылы дәл осындай 10 қорым салынбақшы. Осындай атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесінде облыста эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр, –дейді басқарма басшысы.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<