Кіші қажылыққа жолдама жеңіп алды

201

0

«Достық» үйінде қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен «Жарасымды жанұя» тренингі өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына орай, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған жаңа форматтағы отбасылық тренинг болды.

Шарада «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Жеңіс Әбибуллаұлы «30 жылдық мерейтойға 30 игі шара» республикалық акциясы аясында бастау алған бірқатар жобалармен таныстырды. Бұдан кейін рухани кештің басты спикерлері: қалалық «Әл-Уәли» мешітінің Бас имамы Батырбек Тұрғанбайұлы ата-ана мен бала арасында берік көпір орнату, салихалы ұрпақ өсіру туралы ой саларлық кеңестерімен бөліссе, «Нұр» мешітінің Бас имамы Марат Үркімбайұлы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, міндеттері мен құқықтары, бақытты отбасы болудың құпиясы жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, дәстүрге сай кеш қонақтарына тәттілерден шашу шашылып, мағынасы мол мазмұнды видеороликтер көрсетілді.

Кеш соңында көрермендердің қатысуымен «сұрақ-жауап» ойыны ойнатылып, 3 кезең бойынша барлық сұрақтарға дұрыс жауап берген Ілесбек есімді азамат Кіші қажылыққа жолдаманы жеңіп алса, одан бір ұпайға ғана есе жіберген Шынболат бауырымыз жүлделі екінші орынды иемденіп, Samsung S10 маркалы ұялы телефонды қанжығасына байлады.

Айта кетейік, мерекеге «Нұр» мешітінің ерікті жамағаттары арнайы демеушілік жасады. Рухани кештің куәсі болған 350-ге жуық көрермен ерекше әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға риясыз ризашылықтарын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<