Лақалы ауылында «Құрмет алаңы» ашылды

31

0

Кешелі бері Тасарық ауылдық округіне қарасты Лақалы елді мекенінде қасиетті өлкеде туып-өскен азаматтардың ұйытқы болуымен ауыл күні кең көлемде аталып өтуде.

Кеше ауыл ортасында жаңа мешіттің іргетасы қаланып, «Құрмет алаңы» ашылды.

Мерекелік шара Лақалы ауылына алғашқы қоныстанушыларды бейнелеген театрландырылған көрініспен басталды.

Лақалылық өнерпаздардың өнерлері халыққа айрықша әсер етіп, жиналғандардың барлығы көздеріне жас алды.

Ауыл орталығына жиналған халықты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтап, игі тілегін жеткізді.

– Бүгін біз Сіздермен бірге «Ауылым – алтын бесігім» атты ауыл күніне арналған мерекелік шараның куәсі болып тұрмыз. Әрине, мұндай салтанатты шараны ұйымдастыра білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тек берекесі тасып, ынтымағы артқан, жастары жалындап тұрған ауылдар ғана қолға алып, абыроймен өткізе алады.

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Береке-бірлікті сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді, – деген аудан басшысы бірқатар лақалылықтарды «Алғыс хатпен» марапаттады.

Мерекелік шараға арнайы келген танымал тележурналист, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт те сахна төріне көтеріліп, жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ, Лақалы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Жұбаниязов та сөз сөйлеп, мазмұны мол шараны өткізуге үлес қосқан ауыл жастары мен тұрғындарына өз алғысын жеткізді.

Мұнан соң ауыл орталығындағы «Құрмет алаңы» салтанатты түрде ашылды.

«Құрмет алаңында» орналасқан мәрмәр тақтада елді мекенде туып-өскен азаматтардың есімі қашалып жазылған.