ҰЛТТЫҚ БАНККЕ ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРУҒА ТАЛАП ҚЫЛ!

252

0

Соңғы екі айда валюта нарығындағы жағдай құбылмалы болып тұр. Теңгенің айтарлықтай құнсыздануы жұртшылықтың алаңдауын туғызуда. Оның себеп-салдары неде, болашаққа болжам қандай? Осыдан да  ҚР Ұлттық Банкі Қызылорда филиалы басшылығының 8 айдың қорытындысы бойынша өткізген  баспасөз конференциясында  қойған алғашқы сұрағымыз инфляцияға қатысты болды. 

Оған жауап берген филиал директо­ры Әсет Мұстафин теңгенің әлсіреу себе­бі, бірінші кезекте сыртқы байланыс­тар әсе­рінен болып отырғанын жет­кізді. Біріншіден, бұл АҚШ феде­ралдық резерв жүйесі мөлшер­лемесінің өсуі салдарынан АҚШ долларының дамушы елдердің ва­лютасына, жалпы нығаюына қатысты орын алды. Теріс әсер еткен екінші фак­тор – алдағы уақытта Ресейге қарсы санкциялардың күшейе­тін­дігі туралы хабарлама болды. Осының аясында Ресей руб­лінің әлсіреуі жыл басымен салыс­тырғанда 14,8% құрады. Қазіргі таңда инфляция деңгейі республикада 6,1% болса, біздің облыста 6% құрады. Жалпы инфляция деңгейін өткен жылғы белгіленген 5-7% көлемнен асырмау көзделген. Үкімет тапсырмасына сай азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бағытындағы шаралар жүзеге асырыла беретін болады.

Баспасөз конференциясында “7-20-25”. Әрбір отбасына баспана алудың жа­ңа мүмкіндіктері” бағдарламасы бой­ын­ша екінші деңгейлі банктермен келісім-шартқа отырып, несиелер беріліп жатқаны айтылды. 2018 жылғы 1 қазан­дағы мәлімет бойынша республикада  36,6 млрд теңге алу үшін 3089 өтінім қабылданып, 24,5 млрд теңгенің 2052 өтінімі ма­құлданған. Ал біздің облыс­та 162,7 млн теңгені құрайтын 17 өтінім қа­былданып, оның 16-сы ма­құлданған. Со­нымен бірге, бағ­дарламаға енгізілген өз­герістер жайынан мағлұматтар берілді. Мәселен, “Қамқор” бағдарламасы  әлеу­мет­тік жағдайы төмен адам­дарға арналса, “Жас Арман” бағ­дарламасы бойынша жас отба­сы­лар баспанаға қол жеткізе алады. Ал екінші нарықтағы үй ала­тын­дарға “Баспана Хит” бағ­дар­ла­ма­сы қолайлылығымен ерек­шеленеді.

Екінші деңгейлі банктердің жыл басынан бері экономиканы несиелеу көлемі 186,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,5% өсіп отыр. Биыл аймақта кәсіпкерлерді қолдау жылы басталды. Үш жылға созылатын бастама аясында кіші кәсіпкерлікке берілген несие­лер көлемі 20,3% артқан. Ұлттық Банкінің бүгінгі таңдағы алтын-валюта резервтері 30,8 млрд долларды құрайды. Өткен жылы Ұлттық Банк халыққа арналған аффирленген алтынның құймаларын сату және сатып алу бағдарламасын іске қосқан болатын. Осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктер халыққа 175 келіден артық алтын сатыпты. Енді осындай сауданы тек екінші деңгейлі банктер ғана емес, айырбастау пункттерінде де жүзеге асыру жоспарланып жатқаны туралы баспасөз конференциясында айтылды.

Биыл “Астана 20 жыл”, “Сүй­інші” кол­­лекциялық монеталар айналымға шы­ғарылған. Алда­ғы уақытта “Шығыс күн­тізбесі”, “Қазақстан бейнелеу өнері” секілді тағы да басқа топтамалар аясында ең аз дегенде 25 коллекциялық жаңа өнімдер шығарылатыны туралы хабар коллекционерлер үшін жақсы жаңалық болғалы тұр. 

Филиал директоры баспасөз конференциясы соңында қатысу­шыларға ҚР Ұлттық Банкінде жұмысқа қабылдау бой­ынша кезекті акция жария етілгені ту­ралы жаңалықты жеткізді. Бұған дейінгі осындай өткізілген акция барысында 2 мыңнан астам өтініш қаралып, 117 адам жұмысқа қа­былданған екен. Осындай талап жасағысы келгендер алдағы 30 күн ішінде ҚР Ұлттық Банк сайтына кіріп, өтінімдер қалдыруы қажет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<