Ұлы Жібек жолы елдерінің ортақ визасын әзірлеу керек – Мәдениет және спорт министрлігі

246

0

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлы Жібек жолы елдерінің ортақ туристік визасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ежелден Қазақстан Ұлы Жібек жолының айнымас бөлшегі болды және 2015 жылы Бодрумда өткен Түркі кеңесіне мүше мемлекет басшыларының төртінші саммитінде Қазақстан «Түркі Кеңесі: Заманауи Жібек жолы» туристік өнімін әзірлейтін жұмыс тобының үйлестірушісі атанды. Осыған байланысты сөзден іске көшіп, туризм бойынша нақты шешімдерді Қырғызстанда өтетін түркітілдес мемлекет басшыларының кезекті саммитіне ұсынуымыз керек», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанада Түркі кеңесіне мүше мемлекеттері туризм жөніндегі министрлерінің төртінші кездесуінде.
 Мұхамедиұлы өз сөзінде Ұлы Жібек жолы елдерінің визалық режимін оңтайландыру мәселесін көтерді. «Ұлы Жібек жолы бойынша Түркі кеңесі бекіткен туристік бағытқа ортақ визалық режим мәселесін шешуіміз қажет. Туристік мақсаттағы «Ұлы Жібек жолы» визасы Еуропа елдеріне ортақ «Шенген» визасының баламасы болар еді. Осылайша, шетелдік туристерге ежелгі қалаларымызды көрсетіп, ұмытылмас әсер сыйлай аламыз», – деді министр. Министрдің айтуынша, Қазақстан қазіргі уақытта визалық-миграциялық режимді ырықтандыруға көңіл бөліп отыр. «Бүгінде 61 мемлекеттің азаматтары қазақстандық визаны алудан босатылды. Одан бөлек, 48 елдің азаматтарына туристік виза берерде шақыруды рәсімдеу талап етілмейді. Қытай азаматтарына топтық туристік визалар беру қолға алынды. Дәл осындай келісім Иран мемлекетімен жүргізіліп жатыр. Астана мен Алматы әуежайларында Қытай мен Үндістан азаматтарына 72 сағаттық транзиттік виза беріледі», – деп еске салды Арыстанбек Мұхамедиұлы. Айта кетейік, 2018 жылдың 3 қыркүйегінде Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында түркітілдес Мемлекеттер басшыларының кезекті Саммиті өтеді. Саммит 2-8 қыркүйекте Шолпан атада өтетін Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында ұйымдастырылмақ. Түркі ынтымақтастық кеңесі 2009 жылы құрылған болатын. Оның құрамына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан мен Қырғыз Республикасы кіреді. Қырғызстанда өтетін келесі отырысқа Өзбекстан Республикасы да қатысады.  
Айжан Серікжанқызы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<