МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТУДА

213

0

“Достық үйінде” облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жайы қозғалды. Бұл мәселе бойынша алдымен қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов хабарлама жасады. Оның айтуынша, биылғы жылдың он айында  халыққа “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы 58 қызмет түрі, “электронды үкімет порталы” бойынша – 47, тікелей дербес бөлім кеңсесі арқылы 72 қызмет түрі қолжетімді болған. Ішкі бақылау қорытындысына сәйкес есептік кезеңде қызмет алушыларға жалпы 147 мыңнан аса қызмет көрсетілген.

– Мемлекеттік қызмет көрсету саласының сапасын арттыру жолда­рының бірі – электронды түрде көр­сетілген қызметтердің санын ұлғайту.  Бұл мақсатта қала аумағында, кент­тер мен ауылдық округтерде “элект­рондық цифрлық қолтаңба” тақыры­бындағы билбордтар ілінсе, көшелер мен аялдамаларда “e-gov” веб порталы жөнінде ақпараттық материалдар орналастырды, – деді Ш.Байманов.

“Мемлекеттік көрсетілетін қыз­меттер туралы” Заң белгілеген талаптар мен нормалардың сақталуын қадағалау мақсатында 8 бөлімде ішкі бақылау жұмыстары да жүргізілген. Нәтижесінде заң бұзушылықтарға жол берілген №39, 144, 278 мектеп директорлары мен ветеринария бөлімінің бас маманы, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің статист маманы анықталып, тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мұндай кемшіліктер ауылдық ок­ругтер мен кент әкімдіктерінде, бір­қатар қалалық бөлімдерде де орын алған. Ол туралы ҚР Мемле­кеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің облыс бойынша депар­та­ментінің басқарма басшысы Ға­лымжан Ілкібаев хабарлады.

“Жасырын сатып алушы” тәсілін жүргізген департамент аталған орындарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған шақыру қоңырауларының жұмыс жасамайтындығын, пандус­тың нормативке сай еместігін, ха­лық­тың өзіне-өзі қызмет көрсетуі үшін арналған компьютерлердің іске қосылмағандығын анықтап отыр. Осыған сай, Ғ.Ілікбаев қызмет беру­ші мекемелер ғимараттарындағы қыз­мет­керді шақыру қоңыраулары қа­лыпты жұмыс жағдайына келті­рі­ліп, ғимарат дәлізіндегі жарық шам­дары толық қосылса, күту орын­дарын қызмет алушыларға жет­кі­­лікті көлемде қамтамасыз етіп, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыш­та­рының күнделікті жұмыс жасауына, бағыныстағы қызметкерлер мем­лекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы алса деген ұсынысын білдірді.

Жиын соңында хабарламашыларға кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды. Кеңес төрағасы С.Имандосов ай­тылған ұсыныстардың жіті зерттеліп, қадағаланатынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<