Өмірін өнерменен өрнектеген
Ресми деректер Әбіләш «1936 жылы 5 наурызда Бестам (бұрынғы Ленин колхозы) ауылында туған» деп жазып жүр. Ал өзі бір сөзінде «Сырдария ауданы Аманкелді совхозының Айдарлы бөлімшесіндегі «Ербайдың Ақтамында» дүниеге келгенмін» депті [Исмаил Ө. Алаштан әні озған Әбіләш // Өскен өркен. –– 2000. –– 12 ақпан.].
Қарапайым өмірбаян деректерінің өзінде түбін індете түсуді қажет ететін мәліметтер жеткілікті екені осыдан-ақ көрінеді. Мұның сырын ХIХ ғасырда Баянауылдан ірге көтеріп, Сырға маңдай тіреген Тортуыл арғын этник бірлестігінің өкілі, арғы бабасы Медеттің мінәйі себеппен жер ауып келіп Ақтамға қоныстанған тар жылдардың тарғыл тарихымен түсіндіруге болады. Содан ақылды қызы Жанайдың қыпшақ Тұрсынбай датқаға тұрмыстанып, өзінен кейінгі төрт інісіне Тұяқтыдан қыз алып беріп, сол пайым арқылы қыпшақ арасына ірге бекітіп, қауым ел кейін колхозға бірігіп, «тастай батып, судай сіңсе» керек. Көп зерттеушілер елемейтін, бірақ көзге көрініп, автохтонды оғыздық өрнектен ерекшеленіп тұратын Әбіләштің айтушылық қолтаңбасындағы сананың көне қатпарына жасырынған генетикалық жад арқылы белгі беріп, шарпысу негізінде қалыптасқан аралық дәстүрге тән әншілік өрнектің генезисі мен онтогенезін осы тұрғыда зерделеудің ғылым үшін берері көп.
Әкесі –– Әбу Нысанбайұлы («қазіргі әкем» дейді. –– Авт.) шопан, «қақпаны қанды, мылтығы майлы» саятшы болыпты. «Домбыра, сырнайды жап-жақсы тартатын шабандоз, мерген адам» депті өзі бұл жайында. Анасы Ажаркүлдің әкесі Әмзе де Есабыз қыпшақтағы «он саусағынан өнер тамған ұста, етікші» екен. Рахия Әбіләшқызының мәліметінше, әншілік әкесіне «нағашы жұртынан дарыған». Азанды есімі –– Әбіләшім, тегінің «Нысанбаев» болып жазылуы әуелде атаның бауырында өсіп, тәрбиесін көруінен сияқты. Оның жайын «Үлкен шал Нысанбай домбыраны бірсыдырғы әдемі тартатын, әжем Жұмакүл өлеңді жақсы айтатын» дегенінен де аңғаруға болады [Алаштан әні озған Әбіләш…].
Әнге деген ықыласы ерте оянған науша Әбіләш көркемөнерпаздар үйірмесіне мектепте жүргенде қатысады. Онысын «Мен үшінші класта ән салдым… Бұл соғыс жылдары» деп еске алады. Заманында италия билеушілерінің құлақ құрышын қандырған, ХIХ ғасырда Ресейде ерекше сұранысқа ие болу арқылы қазақ мәдениетіне енген шекті мандолина аспабымен, Досмахан Сұлтановтың сүйемелдеуімен алғаш айтқан әндері «Жетім қыз», «Ақайша», «Ақсиса», «Илигай». Мұның жайын да күнделігінде жазып қалдырыпты. Өкінішке қарай, бұл шығармалары таңбаланған үнтаспалар сақталмаған. Соған қарағанда кейін, қайта жаңғыртып айтпаған болуы да мүмкін. Өйткені, қас өнерпаз науша күнінде айтқандарын кейін қайталауы сирек кездесетін жайт. Әлгі аспапты кейін өзі де меңгеріп алса керек. Сондықтан өзге ұлт әндерін айту кезеңін осы аядан іздеген жөн. Ал мектеп сахнасында «Бала Жамбыл» атанып жүргенде Қ. Айымқұлов, А. Молжігітов, Д. Смаиловтардан дәріс үйреніп, үлгі-өнегесін жетілдіріпті. Міне, оның дәстүрлі ортада қанаттанып, өмірін өнермен өрнектеуі осылай басталыпты.
Әншінің көкірек алауын маздатқан маңызды жайт ретінде 1952 жылы Нартай ақынға ұшырасып, бата алу уақиғасын тілге тиек ету керек. Бұл –– «сексен әннің басын қосқан» сері ақынның тым жантаймаса да: «Ал, Нартай, алпыс екі келдің жасқа, / Шаш түсіп маңдайыңнан болдың қасқа», –– деп шау тарта бастаған шағы, «Өздерің білер Нартаймын, / Нар да болсам, қартайдым» деп «сыр қылып айтқан мұңды термесі Әбділданың есінде сақталған» уақыттардың шамасы (Алайда, аталмыш терменің 1956 жылғы тұңғыш жинаққа енбеуі, керісінше, Ә. Тәжібаевтің «Нартай ақын» деген беташар жырдың өзегіне өрілуі түсініксіз). Әбіләш көркемөнерпаздар арасында өткен байқауда ән салғанда төраға болып отырған Нартай (бір деректе: «Астында ала биесі бар, демалыста жүрген Нарекең клубқа кіріп келіп, жасөспірімдердің концертін көреді». –– Авт.) келіп, бетінен сүйіп: «Балам, дауысың жақсы екен, бердім батамды», –– десе керек. –– Мен ол кезде пионермін. Нартай ағаның қартайған шағы еді. Сол сәт көз алдымнан кетпейді», –– деп еске алады әншінің өзі [Шәкәрімов Ж. Нартай мақамы // Қазақ әдебиеті. –– 1975. –– 12 желтоқсан].
Уақиғаның 1953 жылы наурыз айында болғанын айғақтап: «Балам, дауысың жарайды екен, бірақ қосылып айту жолдары былай болады» деп өзі домбырамен орындап көрсеткен еді», –– дейтін де қосалқы мәліметтер ұшырасады [Дүйсенбаев И. Ән шырқаса Әбіләш // Ленин жолы. –– 1979. –– 29 июнь]. Түп мағынасы ортақ болғанымен, ауызша жеткен сөздің көңіл күй мен уақыт бедеріне қарай, тілшінің жеткізуіне байланысты азын-аулақ ауытқитын кездері болады. Қалай десек те Ж. Шәкәрімов әншінің болмысына үңіліп, өнербаян мәліметтерін жүйелей келе: «Нартайдың көзін көрген, одан қуат алған», –– деп орынды бағалап, дауысының мүмкіндігі мен ауқымын «төменгі октаваның соль нотасынан екінші октаваның соль нотасына дейін жетіп, еркін ала білетін таза, ашық тенор. Қай нотаны алып шырқаса да еркін, күшті әрі мәнерлі жеткізетінін» жазыпты. Бұл –– әнші Әбіләш өнерінің өресі жайында маман білдірген алғашқы әрі кәсіби баға.
Кейде зерттеушілер «ұстаз» бен «шәкірт» арақатысына орай үстірт пікірлерге ұрынып жатады. Қалып алған пікірлер бойынша «ұстаз ізіне ерген шәкіртке қолдап үйрететіндей» әсер қалдырады. Негізі, далалық дәстүрде жағдай сәл өзгешелеу. Үлгі иесі «пір» тұтқан ұстазын ғұмырында жалғыз-ақ рет көруі мүмкін. Ұлық ұстаз да солай. Ал топ алдында қол жайып бата беру, сөйтіп ұстаз бен шәкірттің өзара ымыраласуы –– шәкірттің хатыршат-дипломға ие болуымен бірдей. Жалпы, шәкірттің өмірінде жалғыз тәлімгер емес, ұстаздар жиыны болады десек, ғылыми ақиқаттан алыстамасымыз анық. Әлгіндей, сәттік жүздесудің өзі өнерпаздың ғұмырына алтын арқау болып тартылуы әбден мүмкін. Бірақ Әбекең Нартайды «Қызылдиханда оқып жүргенде» тыңдағанын, сондай-ақ «ауылға Нартай бригадасы келді деп естісе концерт болатын, концерттен кейін жыр айтылатын үйге жұрттан бұрын келіп, таң атқанша ән тыңдайтынын», ал «Нартай әндерін 1961 жылдан сала бастағанын» айтады ғой. Алайда, осыншама деректің ең болмаса бірі, ғылымы жетілген елдердің тәжірибесі көрсетіп жүргендей, дер кезінде үнтаспаға жазылып қалдырылмағаны өкінішті.
Ақиқаты сол, қызыл жолбарысты жыр алыбы Жамбыл «қасқа маңдай, шешен таңдай, сөзің дәмді шекер, балдай» деп ұлықтаған сал Нартай науша Әбіләшқа «Бердім батамды!» депті. Болды! Дүйім елдің көзінше дуалы ауыздан шығып, белгісі бекітілген сыңар ауыз уәлі сөз шәкірттің көкірек көзін ашып, дәстүрдің даңғылсыз кедір-бұдырына түсіп, саналы ғұмырын азапты әрі ләззәтті жолға салуына жетіп жатыр еді. Олай болса, өзегіндегі өрнегі Сарыарқа мен Сыр саздары арасындағы алабөтен қоспа болып будандасқан Әбіләшқа ғана тән қолтаңбаны басқа айтушылардың үлгісімен шатастыруға болмайды. Бұл өзі есте жоқ ескі күндерден, сонау сал-серілік дәуірлерден бастау алып, бір шеті жапондардың көне касталық «бусидо жолы» кодексіне (дәстүрге адалдық) негізделген «құдіретті жел» этикасы арқылы әскери аристократия ұғымымен астасып жатқан, синтоизмдегі жанкештілік салтпен сабақтас дәстүр. Кейін құбыла келе өңі өзгеріп, сал-серілік дәурендегі магиялық маңызынан арылып, дәуірлер ыңғайымен бірыңғай өнерпаздыққа ойысқан тұста көне нақышты Нартай өзінше, өңін өзгертіп тұтынып, соңғы жұқанасын Әбіләш таңдайға татқан болатын. Әрине, шәкірттері Нартай әуенін тұмса қалпында жеткізе алмағаны анық. Болса да, кезінде қолда бар мүмкіндіктерді сарқа пайдаланып, жазу техникасының талай түрі шыққан уақытта да Нарекеңнің дауысын жазып қалдыруды ойлаған ешкім жоқ.
Жалпы, әуелде бір тональді тілшікті-пневматикалық механизмге негізделген гармонь аспабында шыққан түпнұсқа әуендер домбыра сүйемеліне көшкенде өңі өзгеріп сала бергені айтпаса да түсінікті. Әнші Әбіләш ұстазы Нартай нақышын домбыра сүйемелімен айтқан санаулылардың бірі. Жалпы, қай шығарма болсын, дәстүрлі негізі сақтала отырып, айтушының өзіндік таным, түсінігімен импровизация жасалып, интерпретация көрігінен өту арқылы жасанып, жетіктіріліп айтылуы тиіс. Сондай сәтте әннің астары жаңаруы, керісінше, бәсі кемуі де мүмкін. Нақты тасқа басылған үлгі-таспа қалмаған жерде мұның жайын қозғау қиын. Айтушылық дәстүр тарихында аталмыш жайттарға мың сан мысал бар. Жалпы, әлемдік фольклортану ғылымы анықтап, белгісін бекіткен қағида бойынша, үлгі-машықты көзсіз көшірме жасаудың өзі сауаттылықтың көрсеткіші бола алмайды. Ән әуезін белгілі бір дәстүр негізіне сүйене отырып өзгертіп, түрлеп, әрлеп, қосып, алып, өз деңгейіндегі түсінігін жырлаушының бәсі ересен биік тұратыны сондықтан.
И. Дүйсенбаев Әбіләштің талантын тап басып, өнер жолына түсуге ықпал жасаған Нартайдың баталы шәкірті, «әнін үйінде тұрып, өз аузынан үйренген» А. Молжігітов екенін тілге тиек етіпті. Мұның жайын, сондай-ақ Нарекеңнің әнін үйрену үшін 1972 жылы Ташкентке Құтбайды іздеп барғанын, бірақ жолығудың сәті түспегенін әншінің өзі де растайды. Сөйтсе, Кәкең «сол жылы дүниеден қайтқан екен» [жеке қолжазба мәліметі. –– Авт.]. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Әбекеңнің «көп үйрендім» деп «Нартай бригадасының» мүшесі М. Әділовті ерекше атағанын, сол ұжымда қызмет еткен «Балқашбай, Арзулла, Қазықан, Шамшаттың да маған көмегі көп болды» дегенін орынды атап көрсетіпті. Содан соң 1957 жылы Алматыда, жастардың республикалық тұңғыш өнер фестивалінде қазылар алқасының құрамында отырған Е. Брусиловский мен М. Ержанов 21 жастағы Әбіләшті сахнаға шақырып, Жаяу Мұсаның «Ақсисасын» қайта орындатқанын, оның ашық дауысы мен айтушылық шеберлігіне баға бергенін жазыпты. Аталмыш пікір түрлі күзеу мен түзеуден, бақылау мен байыптан өткен соң жарияланатын цензуралы кеңес одағының күлбілтесіз, салмақты сөзі екенін ескерсек, тап сол тұста екінің біріне бұйыра бермеген ұлықтау. Маңғаз Манарбектің «Бұл ән сенің тамаша талантыңды танытып тұр, тек оны жоғалтып алмашы» деген сөзі «мені жігерлендіреді де тұрады» дейді екен ғой Әбекеңнің өзі [Ән шырқаса Әбіләш…].
Мақаладағы тағы бір тұшымды ой оның әншілік талғамы жайында: «…ол көрінген әнге қызықпайды, өз дауыс мәнеріне лайықты әнді әбден екшеп, таңдап барып орындайды». Шынына бағу керек, журналистік бақылау демесең, сындарлы ғылыми бағалаудың жүгін көтеріп тұрған пайым. Әттең, кезінде айтушылық өнердің тамырына түсіп зерттейтін ғылым көлеңке тұста қалғандықтан, Әбіләш сияқты салиқалы әнші, термешілердің айтушылық дәстүрдегі дара қолтаңбасы зерделенбей келе жатқаны өкінішті. Әйтпесе, осы мақалада айталғандай, ол сахнаға көтеріліп келе жатқанда көрермен «Нартай келді, Нартай келді!» деп дүрлікпес еді-ау. Ұлы дәстүрдің сабақты жібін жалғап, өзінен кейінгі көштің бұйдасын ұстаушылар қатарында «Ал қазір менің орындау стиліммен көпшілікке қызмет етіп жүрген шәкірттерім Әлмырза, Әскербек, Кемал інімді де мақтан тұтамын» деуі оның ұстаздық парасат биігіне көтерілгенінің белгісі. Алдында ұстанымы биік ұстазы болып, соңына саналы шәкірт еріткен жанда арман аз ғой.
Жалпы, Әбіләш Әбуов жер басып жүргенде мемлекет тарапынан тиесілі бағасын алды ма? Ол жайында «…таланты көзі тірісінде бағаланған» деген пікірді оқып, шынымды айтсам, таңғалдым. Кейде біздің осындай жел сөздерге ерік беретініміз-ай. Тірісінде бағаланса Е. Көшербаев «Біз Әбіләшқа осы күнге дейін өзінің лайықты бағасын бере алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ» [Ленин жолы. — 1990. — 4 сентябрь] демес еді ғой. Мұның жай-күйін бір кісідей білетіндер «Дәрежесіне қарай атақ беруге ұсыныс жасалса дейміз» [Байділдаев М. Ақындар айтысынан кейінгі ойлар // Ленин жолы. — 1985. — 22 июнь] деп не үшін шырылдады? Содан соң дүние саларынан жыл бұрын жарияланған «Днепродзержинскіде ҚР тұңғыш Президентімен қатар оқып, бір бөлмеде тұрғаны… екінші Екатерина салдырған алтындалған сарайда Ғазиздің әнін шырқағаны… студенттік думанды күндер артта қалып, досының Теміртауға шақырғаны…» жайында жазылған мақаланы шолып шықтым [Шілдебаев Е. Ай маңдайлы арысым // Сыр бойы. –– 1996. –– 11 шілде]. Ауылда қалған қарт ата-анасына алаңдаған ол әлгі ұсынысты қабылдауға жүрексінсе керек. Тағдыр ғой. Содан, арада пәленбай жыл өткенде, баяғы «қанды көйлек досы» келіп іздепті.
Ақыры не болған дейсіз ғой? Арал мәселесімен Қызылордаға табан тіреген Елбасы түн ішінде көлік жіберіп, досын алдырыпты. Ертеңіне дарияның жағасындағы бақта жүріп сырласыпты. «…Мені қолтықтап алды. Отбасымды сұрады. Сөзімді ыждағатпен тыңдады. «Қырық жыл ән айттың, атағың бар ма?» деп сұрады. Мен басымды шайқадым. «Сонда біз атақты кімге беріп жатырмыз?» деді де, өзге әңгімеге ауысып кетті». Бұл –– әншінің боямасыз төл сөзі. «Маған айтар бұйымтайың бар ма» –– десе, –– Ешқандай бұйымтайым жоқ, Нұреке» депті, иманды болғыр [Нәрікбаев М., Исмаилов О. Бақыттың қиын баспалдақтары: Сұхбатнама. –– Алматы : Көзқарас, 2004. –– 472-б]. Қап-ай, біреуден төменшіктеп бірдеңе сұрап, сұғанақтық жасаудың жайын білмей өскен ақ жүрек, әулие пейілдім-ай. Тап алатын жеріне келгенде де ләм-мим демегені ғой. Әй, бірақ өзі біліп бермеген нәрсенің бәрі бекер емес пе?!
Әлпештеп әншілігін әбзелдеген
Әншіден қалған қолжазбалармен танысу үшін жеке мұрағатына үңілдім. Қолының табы тиген дүниелерді қызы көзінің қарашығындай сақтап, аялап отыр екен. Соңғы бетінде «Биік шыңға қиялай ұшып қыран да шығады, өрмелеп жылан да шығады» деген авторлық таңба соғылған шағын көк, одан кейінгі қызыл, қоңыр қойын кітапшаларға, негізінен, заманында араласқан жандардың мекен жайын, өсиет сөздер жазып күні, айы, жылына дейін көрсетіп, күнделік жүргізіпті. Одан өзге алты дәптердің үшеуіне өзінің өлеңдері, қалғанына репертуары жазылыпты. Мұғалімдігінен, әлде толайым табиғатынан болар, әйтеуір қағазға ұқыпты екені білінді. Ал жанының жайсаңдығы әбден сарғайып, өңіп кеткен қолжазбадағы таңғы шықтай мөлдіреген қолтаңбасынан көрініп тұрды. Біздің іздегеніміз де осы –– репертуарының жайы еді.
Ақындық қабілетінен бейхабар былайғы жұрт оны әнші, термеші деп қана білді. Ол айтқан әуендердің вербальдық сыңары –– мәтінмен қарым-қатынасын түстеп танып, импровизация жасап, интерпретациялау арқылы шығарманы өзіндік пайыммен түрлендіру дәрежесін анықтау үшін өлең құрау қабілетінің болуы маңызды. Міне, сол қасиеттің шеті шықты. Мысалы, ірі жиындарда, егін-терімде «Әбекең өз жанынан құрап арнау айтатын» десе [Айып А. Сыр өнерпаздары ән әуелетіп, жыр тербеді // Өскен өңір. –– 2016. –– 30 наурыз], келесі автор «тек әншілік емес, ақындық талантының оянуына туған жердің киелі топырағы әсер еткенін» топшылапты [Ортаев Т. Жарқын жылдар жадымда // Өскен өңір. — 1996. — 2 қазан]. Демек, оның жазба ақын ғана емес, алқаға түскенде белгілі бір ән, термені құбылтып айта алатын түрлемеші, сөз сайысында ауыздығымен алысып ала жөнелетін суырыпсалма да болғаны.
Мұрағатында біраз шығармалары (өлең, арнау, айтыс) сақталыпты. Жарық көрген «Қиял», «Қаратау», «Ән» тәрізді өлеңдерінен «Кең дала көркем сурет» секілді соны бейне, ал «Таң атқанда желпіген ақ самалдай… / Шербетім де, дәрім де асқақ әнім…» деген жан тебіренісінен «қиялы қияндарға жетелеген» жанның әлемге ғашық жүрегінің лүпілі сезіледі. Қолтаңбасын жаңартып, кейін қызына айтып отырып, қайта көшірткен үлкен қолжазба дәптерге 53 өлең тіркеліпті. Сондай-ақ «Ақындар шықты айтысқа» айдарымен Телікөл мен Еңбекші совхоздары атынын Құралбек Бекшебаев [Өскен өңір. –– 1975. –– 17 июнь] пен Қазақ ССР-і мен Қазақстан компартиясының 60 жылдығына орай, науқандық шаралар ыңғайымен Ұмытшақ Ықыласовамен [Өскен өңір. –– 1980. –– 8 июль] арадағы жазба айтысы сақталыпты. Сөз сылайына қарасаң қарсыласы Құралбек те оңай сойдан емес сияқты. Алайда: «…Саралап қай жағынан көз салсаң да, / Таразың тең түсе алмас салмағыма» деген алғашқы жауап сөзімен-ақ өзінің оңай сойдан емесін көрсетіп, қарсыласын матап тастау тәсілін қолданған Әбекеңді өлең өлкесіне жолдан қосылған ақын дей алмайсың.
Оның белгілі бір ақындық ортадан тәлім түйгені Ұмытшақ екеуінің айтысынан да байқалады. Салған жерден: «Мен келдім айтысуға Телікөлден, / Мәртебем биіктеп тұз озып елден. / Қозбайды қай ақынның делебесі, / Бұралған тал шыбықтай сені көрген?» –– деп сұлу қыздың буынына түсіп, бірден төтелеп, төпелеп ала жөнелетін тасқа басылған таңбалы сөздің тым шымыр, өткір, кемерлі, деректі дәрпіне қарап отырып, «Шаршы топта қолма-қол суырып салды ма, әлде жазып айтысты ма екен?» деген шешімі шиеленісті сұрақтың құрсауында қаласың. Жалпы, Сыр бойы шайырлары арасында жазбаша айтыс ерекше дамыған. Әуелі жазып шығарып, оны жаттап алып, шаршы топта қайта түрлеп айтып шығу дәстүрі де болған. Қалай десек те, бұл сөз сайысының кезінде қай түрде өткенін енді анықтау мүмкіндігі алыстап кетті. Сондықтан, Әбіләштің ақындық деңгейі мен шарқын енді тек жалаң мәтінді талдау арқылы ғана бағамдай аламыз. Әрине, соңында қалған өлеңдері мен айтыстарына толық талдау жасауға бұл жерде орын тар. Ал аталмыш тақырыпты өз алдына жеке қарастыру –– келешектің кезек күттірмейтін шаруасы.
Ә. Ноғайбаев: «Репертуарында көп терме толғаулар болды» депті, қызы Ақмаралмен жасаған сыр-сұхбатта. Мәселе сонда, осы «көп» деген сөзді нақтылай түсуге бола ма? Айтушылық дәстүрдегі ғылыми негіз бойынша әуелі әнші, күйші, термеші, жыршының репертуары анықталып, соның аужайы тексеріліп, талдануы тиіс. Өкінішке қарай, әлемдегі озық низамдардан қозы көш кейін қалған қазақ фольклортануы мен этномузыкатану ғылымының еншісіне тиесілі бұл ахуал озық әдістеме, нәтижелі әдіснамалардан бейхабар кейпімізді көрсетеді. Соңғы бір ғасырда өткен аты даңды ақын, жыршы, домбырашы, термеші, әнші, күйшілердің ең болмаса біреуінің репертуары толық таңбаланбапты. Бұл жүдеулік нені білдіреді? Тағы да сол, ұлттық мұраны арына балап, насихаттауға саналы ғұмырын арнаған асылдардың көзі тірісінің де, бақилық болғанының да көкірегіндегі халық қазынасын санап, жүйелеп, реттеп, кезеңімен, кезегімен сарқып жазып алып, кәдеге жаратып, ғылымның еншісіне айналдырып, әлемдік деңгейдегі осы тектес құбылыстармен салыстырып, салғастырып отыратын сауатты жүйенің дамымай қалғанын көрсетеді, әрине. Өмірбаян десе ұлықтан алған алғыс хатын жазып, атақ-дәреже көрсетіп, гастрольдік сапарға барған жерімен мақтануды әдет еткен бүгінгі қазақы қалыптан арылып, оның орнына толық репертуарын, қандай шығарма білетінін әдетке айналдыратын күн қашан туар екен деп ойлаймын, кейде. Міне, осындай мақсатпен біз де Әбіләш айтқан, таспалатқан, соңында қалған мұраның жайын жиып көрсетуді жөн деп білдік.
«Репертуарымның көпшілігі Ақан, Біржан, Мәди, Естай, Нартайдың және халық әндері» депті өзі бір сұхбатында [Кәрімқұлов Т. Нартай әні // Лениншіл жас. –– 1973. –– 29 июнь]. Мұның себеп, салдарын ілгеріде аз сөзбен аңғартып өттік. «Ол әуелі Нартайдың «Үш толқының» үш түрге бөліп шырқайды», –– депті Ж. Шәкәрімов, –– Ал «Қызыл Москва», «Жақаевқа арнағаны», «Қолхозшыларға», «Нартайдың Айманкүлге хаты», «Дариға, кетер едім Сыр бойымен», «Октябрь –– ұлы мейрам, ұлы күнім» әндері Әбіләш репертуарынан мықтап орын алған» [Нартай мақамы…]. Алайда, аталмыш туындылардың нақты қайсысын қайда, кім жазып алып қалды екен? Мәселенің тап осы тұсына келгенде әңгіме сиырқұйымшақтана береді. 1967 жылы құрылған «Сыр сұлуы» ансамблі құрамында ол Мәскеуде өткен онкүндікке қатысты. Ұжым жайындағы телефильмге «1970 жылы Әбіләш та түсті» [Ән шырқаса Әбіләш…]. Сол мұрағат мүлкі қазір қайда, оның жайын індетіп жүрген жанашыр жан бар ма? Осы автор 1978 жылғы 11 шілдеде республикалық телевидениеден «Халық қазынасы» айдарымен Н. Бекежановқа арналған хабар өткенін, «Онда белгілі ғалым, ақын Ә. Тәжібаев Нартай поэзиясы жайында әңгімелеп, Ә. Әбуов әндерін айтқанын» жазады [Ән шырқаса Әбіләш…]. Әзірге мұны да іздестіріп жатқан жауапты мекемені көрмедік.
Шиелі аудандық «Жас дәурен» ансамблі Ташкентте концерт беріп, ұжымның құрамында сахнаға шыққан Әбіләштің айтуындағы «Нартайдың термесін» Өзбекстан телевидениесі түсіріп, халыққа көрсеткені жайында жазылды осыдан қырық жыл бұрын [Түменбаев Қ. Жақсының көзі // Қазақстан мұғалімі. –– 1986. –– 5 январь]. Автор Мәскеуде өткен Қазақстан өнер шеберлерінің апталығына қатысып «Ыбырай Жақаев», «Әйелдерге», «Октябрь –– ұлы мейрам», «Ұлы күнім» (Нартай), «Ғазиз», «Туған ауылым», «Өз елім» (Н. Тілендиев), «Шәй-шәй, қойым» (М. Ержанов), «Бейбітшілік үндеуіне» (Ү. Кәрібаев) деген шығармаларды орындаған әншінің «өнерпаз ұстаз» келбетіне тоқталады. Кейінгі жылдары «YouTube» арнасынан оның айтыс бағдарламасында Г. Тілеубекованың хабарлауымен Нартайдың «Еңбекке еге болған…» деп басталатын Ыбырайға арнауын айтқан бейнетаспасы тарап жүр. Ал туған топырағындағы «Qyzylorda», «Qazagstan», «Хабар» агенттігінің «Алтын қорында» әншіге қатысты қандай бейнематериалдар сақталғаны әзірге белгісіз. Сақталса, осы мұраны жинап, жүйелеп, мәңгілендіруге жұмыстанып отырған аудандық, облыстық, олардан да өрелілеу жауапты мекемелер немесе мамандар бар ма? Тап осы түйінді тұсқа келгенде тағы да сол көп сұрақтың құрсауынан шыға алмай итіңдей береміз.
Жақсы, олай болса әнші Әбіләш өз қолымен жазған, мұқабада «Әбіләш Нысанбайұлы. 5 қазан, 1991–1992. Өлең, жырлар» деген таңбасы бар сары қолжазба мен екі жұқа дәптердің жайына келейік. Мұқабаның ішкі бетіне Нартай жайындағы ойын «Желсырнаймен желмаядай желетін Нартай әндерінің ішкі иірім-қайырымы, оралу-таралуы, ырғақ-екпіні, бет алуы, шарықтауы, тұйықталуы да дәстүрге айналып, жалғасын тауып келеді» деп түйіндепті. Ғажап қой! Одан әрі өз қолымен Әбубәкір, Бармақ, Бұхар, Әсет, Естай, Ақтамберді, Майлықожа, Сүйінбай, Бұдабай, Базар, Нартай, Кенен, Омар, Тұрмағамбет, Абай, Міржақып, Шәкәрім, Жүсіпбек, Мағжан, Ахмет, Әбділда, Қадыр, Фариза, Сейіл, Жәнібек, Шынболат, Рақым, Нұрманның шығармаларын, түрлі айтыс, мысал, беташарға қоса өз өлеңдерін, оқушыларға жазып берген айтыстарын, көптеген халық композиторлары мен халық әндерінің мәтіндерін жазыпты. Оның сюжетті эпикалық шығармаларды жырлаған жыршы емес, тек шағын жанрларды төңіректеген әнші, термеші, ақын екеніне нақты дәлелдің бірі –– осы. Әлде өз қолымен тізімдеп (уақыты: 9. 04. 1991), жазып кеткен 21 ән, терме репертуарының бас-аяғын көрсетуін мүмкін бе? Олай болса, осы жерде тағы бір заңды риторикалық сұрақ туындайды. Аталмыш үш дәптердегі шығармаларды ол жаттап, өзіндік репертуарға айналдыра алды ма, жоқ әлде көшіріп, оқып, сіңіріп жүрді ме? Мәселе сонда, көзі тірісінде сауатты зерттеу нысанына айналып, айтқандары дер кезінде таспаланбағаннан кейін бұл өзекті сауалдың жауабын енді еш уақытта таба алмаймыз. Ал ғылыми дерекнамалық ыңғайға сүйеніп айтар болсақ, өз қолымен таңбалап, қолжазбалап, күнделікті пайдаланған мүлкі болғандықтан, мұны Әбіләш Әбуовтің жаттап айтқан, бірақ түрлі себеп- салдарынан таспаланбай қалған репертуары болуы мүмкін деуге бейілміз.
Ал көзі тірісінде айтуынан таспаланған ән, терменің нақты саны қанша? Кезінде «Әбіләш әндерінің пластинкасын шығару жоспарда тұр» десе де [Нартай мақамы…] онысын арада 10 жыл өткенде әрең іске асырыпты ғой, атыңнан айналайын, тасбақа тырбаңы көп кеңес үкіметі. Сол кездегі мәдениет министрінің орынбасары Ә. Сығайдың көземелімен әншінің айтуында Алматы студиясында жазылған «Мен кіммін?», «Өрендер» (Нартай), «Нартай термесі», Бейбітшілік үндеуі» (Ү. Кәрібаев), «Угай-ай» (Ж. Жабаев) деген бес ән, терме жарық көрді [Нартай әуендері. –– Ташкент. –– Мелодия, 1985]. Әрине, келешекте мұндағы кейбір атаулар мен авторлар шартты екенін ескеру керек. Кезінде біз де оның айтуында «Қоймады бұл ақындық қашқанменен», Өздерің білер Нартаймын» (Нартай) [Жүсіпов Б. Сыр сүлейін сұрасаң. –– Алматы, 2008], «Қимаймын», «Туған ауыл» (М. Рүстемов) [Жүсіпов Б. Қайталанбас дауыстар: Сыр саңлақтарының антологиясы. –– Алматы, 2011] сияқты төрт ән, терме жариялаған едік.
Қызылорда облыстық радиоторабының басшысы Ж. Бекқожаев 1985 жылы оның репертуарынан «Ақшолпан», «Исаның желдірмесі», «Біздің ел», «Жонып алды», «Көп сәлем қазыналы Қаратаудан», «Қимаймын», «Кіріспе», «Өздерің білер Нартаймын», «Ойхой, дүние, серуен», «Туған ауыл», «Угай-ай» секілді 11 ән, терме жазып алып қалыпты. Әрине, осы азғантай мұраның өзін таңбалауда жіберілген техникалық ақаулықтар өз алдына, арнайы сөз етуді қажетсінеді. Аталып, түстелген аз мұраны беттестіріп, өзара салғастырған кезде Әбіләш Әбуовтің айтуында таспаланып, соңында қалған аудио-бейне таспаның толық есебі шығады. Репертуарының бас-аяғын бір шолып шыққанда термешілік сөз қоры Арқа, Жетісу, Сыр өңірінен өткен шайырлар мен кейінгі ақындарды; әншілік репертуары халық композиторлары, заманауи сазгерлер мен халық әндерін қамтығаны байқалады. Жалпы, дәстүр сөзі автохтонды ұғымға тән низам екенін ескерсек, келешекте Әбіләштің айтушылық қолтаңбасындағы музыкалық неологизм мен алашұбарлық сырына тереңдей түсу қажет. Әрине, мұның жайын толық барлауға көзі тірісінде шығармашылығына қатысты жеке сұхбат жасалып, репертуарының толық мәліметі алынып, жүйелі таңбаланбағаны кедергі келтіре берері анық.
Мысалы, кәнігі жыршылар топқа салуға әбессінетін «Ақшолпан», «Қимаймын» тәрізді заманауи әндерді Әбіләштің жатсынбай айта беруі –– белгілі бір ортада қалып алған этикалық, эстетикалық нормаларды қабылдамау негізінде болатын негилизм емес, керісінше, дәстүрдегі неореализм көрінісі. Келешекте оның айтушылық қолтаңбасының модель, құрылым, мән, мағына, мақсатын ашып көрсететін, өзін танып, қайта таныту ерекшелігіне орайласқан ноологиялық талдау жасалу арқылы жалпы айтушылық дәстүрдегі музыкалық неосфера мәселесі құнттала зерттелуі тиіс. «Біздің ел» деген термеде ол Сыр бойының саз-сарын үлгісін өзіндік мәнерде қолданыпты. Әрине, мұнда «кете-шөмекей» арасындағы жыршылық дәстүрге тән домбыра қағысы жоқ. Бәлкім ол өңірдің мақамдарын өз деңгей, дәрежесінде меңгере алмаған да болар? Осындай, дәстүрге толық кіріге алмаудың астарындағы сырдың шет-шепірін этник ерекшелікпен байланысты «кірмелік» мәселесіне қатысты пікірімізде білдіріп өттік. Негізі, жүйелі зерттеу жұмысы осындай, айшықты көріністерді анықтап, белгісін бекіте түсу үшін қажет.
Ол Нартайдың «Кіріспе» деген әнін, жалпы дәстүрде ұшыраса бермейтін қайырмамен бастапты. Онда да кіріспе-зачинге «Аққайың, жалған-ай» деген мүлде өзге әннен көшкен қайырманы қондыра салады. Зерделеуді, неге бұлай еткенін анықтауды қажет ететін фактор ма? Иә, тап соның өзі. Ал бір әуенмен бірнеше термені қатар орындауы –– мақам қорының аздығы ма, әлде санасына сіңіп, әбден орын теуіп қалған тұрақты саз-сарындардың әлсін-әлсін, ырықсыз түрде көрініс беріп отыруы ма екен? Мұның да себеп-салдарына көз жеткізу үшін әншінің айту стилін толық талдау керек. «Ойхой, дүние, серуен» деген терме мәтіні бірнеше ұйқасты біріктірген, құранды түйдектер жиынтығы екені көрініп тұр. «Батырмын деп мақтанба, / Ажалың жалғыз оқ болар» деп басталатын ұйқас күрмелер тұста айтушы импровизация жасап, 3–4 жолға «Біліміңе мақтанба, / Білімің жанып шоқ болар» деген тың тармақ қосады. Сөйтіп, азын-аулақ алып-қосулар арқылы мәтінді өзінше жасақтауға бейім түрлемешілік ерекшелігі терменің күрмеу тұсындағы, алдыңғы ұйқастарға мүлдем қатысы жоқ «Сайра тілім, жалықпа, / Қызмет ет халыққа» деген қос жолда анық көрінеді. Ал «Маужыраған тамылжып дала қандай…» деген мәтінмен басталатын «Туған ауыл» әнін бұрын өзге әншілердің айтуынан естімеген екенбіз. Оның дауысындағы таңсәрідегі бозторғайдың үні тәрізді трель осы әнде ерекше байқалады.
Сахнагердің сүйікті әні деген ұғым бар. Оны өзі саналы әрі бейсаналы түрде еркінен тыс қайталап айта беруі мүмкін. Кейін әлгі туынды айтушының жан сырына айналады. Әбекеңнің репертуарында «Қимаймын» деген ән болатын. Иә, екінің бірі білетін, тіпті қолайына қарай қостап, ыңылдай жөнелуге ыңғайлы осы әуенде алапасы асып-тасып тұрған алабөтен шалқу да жоқ. Сарғайған сағыныш табы ғана бар. Алғашқы екі жолдың бас буыны бірін екіншісі дәл қайталау арқылы, тармақтың соңын ала әуелейтін шағын мелодия үшінші жолда өз биігінде тұрып мына жалғанды не үшін қимайтынын баян етеді. «Ұясына батқан күнді… ерте солып жатқан гүлді қимаймын» деп басталатын әуен «Бәрінен де, бәрінен де, жан достар, / Алыс кетсем жүздеріңді қимаймын» деп жуасиды. Тыңдап отырып, арамыздан алыстап кеткен асыл ағаның мына шырын дүниені қия алмағанын сезіп, қиналасың. Бесінші мүшелдің күрмеу тұсында, қазақ «екі жастың біріне келмей кетті» деп өкініш білдіретін алпыс бір жасында ғұмыр дәптерінің беті жабылған әнші ең соңғы, жан беретін сәтте: «Е, жалған дүние-ай!» –– деп бір күрсініп алып, жүзін құбыла бетке қарай бұрыпты.
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы





