Өнер керуені жолға шықты

351

0

Облыстық филармонияның ұйым­дастыруымен «Абайдың ән әлемі» атты өнер керуені өңірдің ауыл-аймақтарында түрлі шаралар өткізді. Соның бірі – Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында бол­ған лекция концерт көптің көңілін серпілтті. Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жыл­дығы және Қазақстан халықтары Ассамблеясының 25 жылдығы ая­сында өнер көрсетуге шыққан филармония ұжымы ауыл халқын әуелеген ән-жырға бөледі. Онда «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Ү.Медеуова, «Тұран» триосы мен «Томирис» би ансамблі өнер көрсетті. Ал Ә.Қуаңбаев, Б.Төлебаев жырдан шашу шашты.
Өнер керуені мұнан кейін Сыр­дария ауданының Айдарлы, Бай­мұрат батыр  ауылдарында  болып, жергілікті жердің тұрғындарын өлең-жырмен су­сындатты. Ү.Медеуова бастаған фи­лар­мония өнерпаздары көп­шіліктің алғысын алды.
Әншілер қауымы Абай ауылына да ат басын тіреді. Онда «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі және жеке орын­даушылар концерттік бағ­дарлама берді. Ақын Абайдың «Көзім­нің қарасы», «Айттым сәлем, Қалам­қас», «Желсіз түнде жарық ай» әндері сахна төрінде шырқалғанда көрермен де бірге ән салды. Жырау Әділхан Қуаңбаев «Абайға арнау» толғауын алғаш рет көрермен назарына ұсынды.
Концертте Абай атындағы №138 орта мектептің көркемсөз оқу ше­берлері үш тілде хәкім өлеңдерін жатқа айтты. Балғындардың талабына сүйсінген үлкендер батасын беріп, қошеметін аямады.
Жергілікті өнерпаздардың кон­церт­тік бағдарламалары алдағы уа­қыт­­та аймақтың өзге ауылдарында жал­ғасын табады.
Жанболат ӨМІРЗАҚ,
ҚМУ-дың студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<