Өскеменде аутист бала жоғалып кетті

312

0

Өскеменде 12 жастағы бала бір тәуліктен астам уақыттан бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2010 жылы туған Тамирлан Ахмеджанов 14 тамызға қараған түнгі сағат 02:30 шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.

Баланың туыстары 14 тамызда күндіз полиция көмегіне жүгінген.

«Полиция қызметкерлері дереу жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар іздеуге құтқарушылар, кинологтар, ҚР Ұлттық Ұланы сарбаздары мен волонтерлер жұмылдырылған. Қазір олар үйлер мен аулаларды аралап тексеруде. Квадрокоптермен де іздеу жұмысы жүріп жатыр», делінген ақпаратта.

Баланың үстінде көк жемпір, камуфляжды шалбар, жасыл тәпішке болған. Тәртіп сақшылары ол жайлы қандай да бір ақпарат білетіндерге полицияға хабар беруін сұрайды.

Бала тұратын Согра ауылында еріктілер таратқан парақшада оның аутист екені, сөйлей алмайтыны және эпилепсиямен ауыратыны көрсетілген.