Пшихавр шатқалы: Жүректе қалған жара

6

0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел еңсесін енді тіктеп жатқан шақ еді. Бірақ сол жылдар тек үміт пен жаңғырудың ғана емес, үнсіз ерліктің, көзге көрінбейтін майданның кезеңі болды. Экономикалық, сая­си өзгерістермен қатар, жас мемлекет халықаралық міндеттемелерді де абыроймен атқаруға кірісті. Солардың бірі – 1993-1999 жылдары Ішкі әскер (қазіргі Ұлттық ұлан) әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасын күзетуі еді. Бұл – бейбіт күндегі беймәлім майдан, көзге көрінбейтін, бірақ қауіп-қатері мол қызмет болатын. Сол миссияның ең ауыр беттерінің бірі – 1995 жылдың 7 сәуірінде Пшихавр шатқалында болған қанды шайқас.

Бұл күн – талай шаңыраққа қаралы хабардың көлеңкесін тү­сірген, талай жүрекке жа­зыл­мас жара салған күн. Қа­зақстандық әскери көлік ле­гіне Ауғанстан аумағынан мод­жа­хедтер шабуыл жасап, ауыр ұрыс болды. Күш тең емес еді. Сол ұрыста 17 жауынгер ер­лікпен қаза тауып, 33 әскери қызметші жарақат алды. Бұл оқиға – ел жадында мәңгі сақ­талған қайғылы күндердің бірі.

Осы ұрыстың куәгері, сол кездегі Ішкі әскердің сарбазы Саттинов Мұрат Қанайұлы бұл күнді әлі ұмыта алған жоқ. Қы­­зылорданың Жаңақорған то­пы­­рағында дүниеге келген қа­ра­пайым қазақ баласының тағ­дыры оны сонау Тәжікстан шека­ра­сына алып келді. 1993 жылы жел­тоқсанда әскерге ша­­қы­ры­лып, Шымкенттегі 5485 әскери бө­лі­мінде сапқа тұр­ған жас сарбаз көп уақыт өтпей жатып, нағыз от пен оқтың ор­тасына түсемін деп ойла­маған да шығар…

«Таңсәріде жолға шық­тық…» деп бастайды Мұрат ес­те­­лігін.

Жаңбыр сіркіреп тұрған. Тау­лы аймақтың тынысы ауыр. Әс­кери көліктер тізбегі үн­сіз іл­гері жылжып келеді. Екі са­ғат­тай жүрген соң, Пшихавр шатқа­лына жеткен. Бәрі бір сәтке ты­нышталғандай көрін­ген. Бірақ сол тыныштық – қан­ды ұрыс ал­дындағы тымыр­сық еді.

Кенет… жарылыс. «К бою!» де­ген бұйрық беріліп, ұрыс бас­талып кетеді.

«Таудың басынан оқ қарша борады. Біз төменде, қорғаныс­сыз дерлік жағдайда қалдық. Ал­­дымен көлік легінің басы мен соңындағы БТР-лерді істен шы­ғарды. Қозғалу мүмкін бол­май қалды» деп еске алады ардагер.

Ұрыс барысында сарбаздар жаралыларды тастардың таса­сына сүйреп, аман алып қалуға тырысқан. Алайда жағдай күр­делі еді. Оқ-дәрі де азая бас­тайды.

«Алғашқы ұрысымыз бол­ған соң, тәжірибе жоқ. Бір кез­де оқ-дәрі тиелген көлік жа­рыл­ды. Біз оқты үнемдеуге көштік. Өзімде бір ғана оқатар қалды» дейді Мұрат.

Жарылыстардың бірінде ол есінен танып қалады.  Есін жи­ған­да қаруластары оны сүй­­реп алып бара жатқанын кө­ре­ді. Оны өліп қалды деп ой­ла­ған. Бірақ тіршілік бел­гісін бай­қа­ған соң, су беріп, тірілтуге тырысқан. Бет-жүзі қан­ға боял­ған. Бірақ оқ тимеген. Ұрыс әлі аяқталмаған. Оқ-дәрі тау­сыл­ған. Бірен-саран пулемет үні ғана жаң­ғырады…

«Көмек келгенде кей­­бірі тірі еді…» дейді Мұ­рат дауы­сы дірілдеп. Аман қалған сар­баздар жаралы қарулас­тарын көлікке көтеріп апарып салған. Жаралы болса да, сөйлеп жат­қан Қанат, әлі үміт үзбеген Имомад­дин, есін білмесе де тір­шілік нышаны бай­қа­­лып жатқан Ерке­бұ­лан… Бірақ ауыр жарақат сал­­да­ры­нан олардың көбінің өмірі жол үс­тінде үзі­ліп кеткен.

Жылдар өтті.

Бүгінде Мұрат Қанайұлы Қо­наев қаласында тұрады, өн­­ді­ріс орнында еңбек етеді. Бес баланың әкесі. Мемлекет тара­пынан бір­қатар әлеуметтік қол­даулар көр­сетілуде. Деген­мен, оның айтуынша, мате­риал­­дық көмектен гөрі, сол бір күннің ауыр естелігі жанын көбірек мазалайды. Уақыт  бә­рін ем­дейді деген сөз кей­де шын­дық­қа жанаспайды екен. «Жер ортасы жасқа кел­дік. Бі­рақ сол күнгі жара әлі сыз­дайды…» дейді Мұрат. Бұл – тек бір адам­­ның емес, тұтас бір буын­ның жүрегіндегі ауыр естелік.

Мұрат Қанайұлы жас ұр­пақ­қа елін сүюді, Отанға адал қызмет етуді аманат етеді. «Ата-бабамыз қорғап кеткен жер – бізге аманат. Сол ама­нат­қа қиянат жасамау – әр аза­мат­тың борышы» дейді ол.

Қазір олар – сол бір шай­қас­тан аман қалған жауынгерлер – бір-бірімен байланысын үз­бейді. «Ер Отан» әскери-пат­риоттық клубы» қоғамдық бір­­лестігін құрған. Жетекшісі – сол кездегі 7 ротаның коман­дирі, полковник Алданазаров Ерлан Жарылқасынұлы. Қаза болған жауынгерлерді еске алу шараларын ұйымдастырады. Олардың есімі ауыл көше­ле­рін­де, мектептерде жаңғы­рып тұр. Өйт­кені ерлік ұмытыл­май­ды.

Пшихаврдағы қанды оқиға – тарихтың бір парағы ғана емес. Ол – ел тыныштығы үшін жанын қиған ерлердің мәң­­гі жадымызда қалар ерлігі. Оларды ұмытпау – бүгін­гі ұр­пақтың парызы. Ал Мұрат­тың жүрегін­дегі жара – сол ерліктің үнсіз куәсі.

Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА,

запастағы подполковник.

Алматы қаласы