Пәтер тонаумен айналысатын қылмыстық топ қолға түсті

38

0

Алматыда пәтер тонаумен айналысып келген қылмыстық топ қолға түсті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері Алмалы ауданының полиция бөлімі арнайы жасағымен бірге пәтер тонаумен айналысып жүрген қылмыстық топты қолға түсірді. Қылмыстық полиция басқармасы хабарлағандай, қылмыскерлерді ұстардан бірнеше минут бұрын олар «Жұлдыз» ықшам ауданындағы бір пәтерді тонап үлгерген. Қылмыс орнынан сытылып шыққан ұрылардың көлігін полиция қызметкерлері Алатау ауданында ұстады. Көліктен ұрылардың соңғы пәтерден жымқырған тері өнімдері мен сандық техникалар табылды. Ұрланған заттар тәркіленді.
Тергеу жұмысының қазіргі сатысынан анықталғандай, ұсталғандар – Шығыс Қазақстан облысының 25-29 жастағы азаматтары. Олардың Алмалы, Бостандық және Түркісіб аудандарындағы кем дегенде төрт пәтердің тоналуына қатысы бар болуы мүмкін. Пәтер тонаушылар ұрлыққа тек күндіз түсіп келген. Ұсталғандар қамауға алынды. Өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталу үстінде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз