Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Назарбаев Зияткерлік мектептері ұйымдастырған World Robot Olympiad (WRO) 2026 дүниежүзілік робототехника олимпиадасының республикалық кезеңінде жеңіске жетті.
Ернұр Сәду мен Аянұр Сәдудан құралған команда Future Engineers санатында бақ сынап, күрделі инженерлік міндеттерді шешуге арналған жобасын ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша оқушылар І орын иеленіп, 2026 жылдың желтоқсан айында Пуэрто-Рикода өтетін WRO халықаралық кезеңінде Қазақстан намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.
Команданың жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Серік Ахметов. Сонымен қатар команда мүшесі Ернұр Сәду жоғары нәтижелері үшін ҚБТУ білім грантына ие болды.
Биыл республикалық кезеңге еліміздің әр өңірінен келген 286 оқушы қатысты. WRO 2026 маусымының тақырыбы – «Robots Meet Culture». Қатысушылар робототехника мен мәдениетті ұштастыра отырып, мәдени мұраны сақтау, дәріптеу және дамытуға бағытталған инновациялық жобаларын таныстырды. Жарыстар RoboMission, Future Innovators, RoboSports және Future Engineers бағыттары бойынша өтті.
«NIS үшін бұл олимпиада тек жарыс емес, еліміздегі білім беру робототехникасын жүйелі дамытудың бір бағыты. Биылғы республикалық кезеңде жалпы білім беретін мектептерден, ауылдық және аудандық мектептерден келген оқушылардың белсенділігі ерекше байқалды. Бұл робототехникаға қызығушылықтың Қазақстан өңірлерінде кеңейіп келе жатқанын көрсетеді», – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуакасов.
Айта кету керек, республикалық кезеңде Бекжан Аманбек, Әділхан Торғай, Әмір Ақберген, Жарқынбек Ахметов, Ераслан Ерболұлы, Ерасыл Айдарбек, Асылхан Мейрамбек және Інкәр Нұрханқызы да мектеп намысын қорғады. Олар іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, робототехника мен инженерлік жобалау саласындағы жоғары дайындық деңгейін көрсетті.





