Аймақ игілігіне мінсіз еңбегін арнап, жақсы аты қалған азаматтардың ішінде өмірден ерте озған Сыр перзенті Марсбек Молдабаев есімі де ерекше аталады.
Қызылорда политехникумын, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда филиалын, Қызылорда инженерлік-экономикалық институтын бітірген. Ол үш бірдей оқу орнынан алған білімін, күш-қуатын туған жерін түлетуге жұмсаған абзал азамат еді.
Еңбек жолын Қызылорда электр жүйесі кәсіпорнында 3-дәрежелі электр слесарі болып бастап, әр жылдары қалалық және облыстық бірнеше мекемеде басшылық қызмет атқарған.
Шиелі кентінің әкімі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болған.
Бір азаматқа атанның жүгін артқан осынша қызметтің барлығында да ол өзінің біліктілігімен қоса ақыл-парасатымен танылып, айналасына адами шуағын таратқан жан.
Адам атының ауыздан түспейтіні, мұсылманша айтсақ, жақсы амалдарының ел жадында жаңғырып, сол арқылы артынан үзбей сауап жолданып тұруы – дәл осындай қасиеттерге қатысты болмақ.
Марсбек туғанда теледидарда марсқа спутник ұшыру жайлы сөз қозғалып жатыр екен. Сонда үлкен кісілер сол марсқа біздің баламыз ұшады деп ырымдаса керек.
Марсбек шынында өзінің аз өмірінде қанша қызмет атқарып, елдің алғысын арқалады. Осының өзі марсқа ұшқаннан кем емес. Оның бойынан зиялылық, сабырлылық анық сезіліп, сырмінез кейпі сыртқа теуіп тұратын. «Марсбек естігенін біреуге айтпайтын. Оның осы қасиеті үшін оған жұрттың бәрі сенетін еді» дейді әріптестері.
«Сырды сақтау шеберлігі жан дүниенің байлығын көрсетеді. Ішінде су тұрмайтын тесік ыдыстың зияны секілді сыр сақтай алмайтын адамның пайдасы кем» деген тәмсіл бар. Шіркін-ай, біздің Марсбекке айтпақ болған анықтамамызды ғұламалар баяғыда-ақ айтып қойыпты.
Марсбекпен жиі араласпасам да көрген жерде сәлеміміз түзу болды. Кейде ол маған жақын әңгімелескісі келетіндей ыңғай танытып қалатын. Оның мәнін кейінірек түсіндім. Ол өлең жазады екен. Сонда ақындық жайында асықпай шешіліп сөйлескісі келіпті. Бірақ, тағдыр бізге ондай жақындық бұйыртпады.
Біз елге белгілі азаматтар жөнінде әңгіме айтсақ, есеп бергендей қызметімен шектеліп жатамыз. Асыл жанның болмыс кеніндегі қазынаны жарқыратып көрсетуді ұмытып кетеміз.
Ардагер құрылысшы, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Жеткерген Оразбайұлы Марсбек жөнінде былай дейді.
«2006 жылы Марсбекті қала құрылыс бөлімінің бастығы қылып бекітті. Бұл жұмыста ол өзін аяған жоқ.
Кейде маған келіп, ақыл сұрайды. «Ақша жетпейді, мұны одан әрі қалай қыламын?» дейді. Мен оған: «Жеткен жеріне дейін істе, жары жолдан тастама. Өзің тек адал бол, ешкімнен ештеңе дәметпе» деймін. Менің солай дегенім болмаса Марсбек әуел бастан солай, ешкімнен ештеңе дәметпейді, бұрыс нәрсемен ымыраға келмейді.
Мұнан соң Марсбек қалалық «Су жүйесінің» бастығы болды. Одан кейін тағы да «Комхозға» қайтып келді, басшылық қызмет жасады. Өйткені, жоғары тұрған басшылар Марсбектің бұл саланың барлық проблемасын білетінін, оны шешу жолдарын меңгергенін жақсы түсінді.
Мен айтып отырған сол жылдары Марсбекпен бірге – Сәпихан, Қайрат, Мәлік, Роза Боханова секілді біраз азаматтар қызмет атқарып, абыройлы еңбек етті. Жақсы мамандар еді, жұмыстарына адал, қаланың қазанында қайнаған жаны сірі азаматтар болатын.
Марсбек адамды бағалауға, сыйлауға келгенде бөлекше. «Біз Жеткерген ағаның мектебінен шыққанбыз» деп айтып жүретін.
Сәпихан өмірден өтті, сонау Жаңақорғандағы Бесарық ауылына барып, жаназасына қатыстық. Мұндай шараларды ұйымдастыруға Марсбек бірінші болып кірісетін. Бәріміздің де әлеуетіміз бола тұра сондай кезде Марсбекке қарайтынбыз.
Жалпы, ол адамның жанын айтпай түсінетін. Өзінің қарамағындағы әр жұмысшының жеке жағдайын білетін. Біраз адамның үй алуына тікелей көмек берді. Әрине, кезегімен келсе, көп жылға созылатын жағдай болады, Марсбек барлық мүмкіндікті қарастырып, кезексіз көмектесетін. «Заң адам үшін жазылғанмен, адам заң үшін тумайды» деген сөз бар ғой, кейде Марсбек адамдарға көмектесуге келгенде заң көтермейді деген сөзге күйінетін. Сөйтіп, оларға бюджет көзінен тыс, кәсіпкерлер арқылы көмектесуге ұмтылатын. Оның осы жақтарын мен ерекше сыйладым, жұрт та жақсы көрді. Қоғамға, айналасына қажет адамдарға шапағатын тигізіп жүретін жан еді.
Марсбек міне, ұстазы суреттеген қамқадай жылы бейне болса, бажасы Мүсірәлі оның қанжардай өткір мінезін айтады.
«Біз бажамыз ғой, анда-санда аңға шығамыз. Бір күні, адыр-адырды аралап, тоғайды сүзіп келе жаттық, арамыз әудем жер. Кенет Марсбек қалт тұра қалды. Бұтаның түбінен бір нәрсе сылдыр еткен сияқты. Сол бір шоқ бұтаға анықтап қарасам, көзі жалт-жұлт етіп, бір мақұлық тұр. Тұрқы мысықтан үлкен, түлкіден төмен. Бірақ, түрі қорқынышты. Сөйтсем, ол мәлін екен. Мәлін маған көрінгенмен, Марсбекке көрінбейді, ол тек сытырлаған тұсты аңдып тұр. Қорқып кеттім, қазір мәлін атылса, Марсбектің бетін жұлып алатындай. Айтқандай-ақ мәлін атылып қашты. Сол кезде Марсбектің мылтығы да гүрс етті, көздеп тұрмай-ақ тартып жіберді, мәлін бүктетіліп түсті. Сонда таңғалғаным оның жылдамдығы, қол мергендігі. Осындай ер жігітке тән әбжіл, шалт істері де болатын», – дейді бажасы.
Жалпы, біз де бүгін аз да болса Марсбектің бейнесін айшықтап, адами болмысына қатысты сөйлеуді жөн көрдік.
Зайыбы Қалдыгүл Ыбырайханқызы Маханова – құқық саласының ардагері, қызы Ақбота да – құқықтанушы, ал, Ақзере Рүстем мамандық алуға енді бет бұрып келе жатқан балауса.
Ұстаз отбасынан шыққан, ұстыны көпке үлгі болған Сыр елінің сындарлы бір азаматы Марсбек Молдабаевтың арамыздан кеткеніне де бес жыл уақыт өте шығыпты.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»






