Қиындыққа қайыспаған қайсарлық

67

0

Тарихтың қатпарлы беттерінен ел тағдырымен біте қайнасқан қарапайым адамдардың ғұмыры ерекше орын алады. Олар үлкен мінберлерден көрінбесе де, күнделікті еңбегімен, сабырлы тірлігімен ұлттың рухани тірегіне айналады. Сондай жанның бірі – өмірін адал еңбекке, ұрпақ тәрбиесіне арнаған, тылда жүріп жеңіске үлес қосқан Тұрсын Алаяққызы.

Мақаламызға арқау болған Тұрсын Алаяққызы – тағдырдың талайлы кезеңдерін бастан өткеріп, еңбек пен адамгершіліктің үлгісін көрсеткен тыл ардагері. Ол 1896 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Балалық шағы мен жастық кезеңі ел ішіндегі ауыр өзгерістермен тұспа-тұс келсе де, Тұрсын ана жастайынан еңбекке араласып, өмірдің қиындықтарына қайсарлықпен қарсы тұра білді. Анасының ақыл-кеңесімен ауылға келген тігінші шеберден ісмерлік өнерді үйреніп, уақыт өте келе өз шеберлігін шыңдай түсті. Қолынан шыққан әрбір бұйым ұқыптылығымен, сапасымен ерекшеленіп, ауыл арасында жоғары бағаланды. Бұл өнер кейін оның тек отбасының ғана емес, елдің қажетіне жараған үлкен игілікке айналды.

Ұжымдастыру кезеңінде Тұрсын ана ауылдастарымен бірге колхоз жұмысына араласып, ел басына түскен ашаршылық жылдарының ауыртпалығын бірге көтерді. Сол бір қиын кезеңдер оның төзімділігі мен сабырын шыңдай түсті.

Ел еңсесін енді тіктей бастағанда Ұлы Отан соғысы басталды. Ер-азаматтар май­данға аттанып, ауыл тіршілігінің бар ауыр жүгі әйелдер мен қарттардың иығына түсті. Тұрсын ана да бұл кезеңде шет қалмай, жеңіс үшін жан аямай еңбек етті. Ұлы Сүлеймен мен қайнысы Аяғанды соғысқа аттандырып, өзі ауылда екі қызы – Рабиға және Рахимамен, келіні Қанша және не­мересі Базармен бірге қалды. Ауылда тех­ника тапшылығы сезіліп, барлық жұмыс қол күшімен атқарылды. Таңның атысынан түннің бір уағына дейін егіс басында жүрген әйелдердің тұрмыс-тіршілігі аса ауыр еді. Осындай қиындықтарды жүрегімен сезінген Тұрсын ана өзгелерге қол ұшын созудың жолын тапты. Ол өз үйіне ауылдағы жас балаларды жинап, олардың аналары жұмыс­қа кеткенде қарап, тәрбиелеуді ұйымдастыр­ды. Бұл іс сол кезеңдегі бейресми балабақша қызметін атқарды. Балалардың амандығы мен тәрбиесін өз мойнына алған ана олар­дың болашағына бейжай қарамады. Бұдан бөлек, қолы қалт еткен сәттердің бәрінде майдандағы жауынгерлерге қажетті шұлық, қолғап секілді бұйымдар тігіп, оларды жіберуге атсалысты. Бұл оның майданға қосқан аса маңызды үлесінің бірі еді.

Соғыс аяқталып, ел аңсаған жеңіс кел­генде, Тұрсын ананың да жүрегі қуанышқа толды. Ұлы Сүлеймен аман-есен елге оралды. Ал қайнысы Аяған хабарсыз кеткендердің қатарында қалды. Соғыстың қайғысы мен қуанышы қатар өрілген сол жылдар артта қалып, ауыл тұрғындары бейбіт өмірге қайта бет бұрды. Тұрсын ана өмір бойы шындықты ту етіп ұстап, ештеңеден қаймықпай тура сөйлейтін мінезімен ерекшеленді. Осы қасиетінің арқасында ол ауыл арасында зор беделге ие болды. Жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың адамгершілігі мол, елге сыйлы азамат болып өсуіне өз үлесін қосты.

Ол алты бала тәрбиелеп өсіріп, немере-шөбере сүйген ардақты ана, қадірлі әже атанды. Ұрпақтары әр салада еңбек етіп, ана аманатына адалдық танытып келеді. Қызы Рабиға мұғалім болып, әулеттің бі­лімге деген құрметін жалғастырды. Ол – Тұрмағамбет ақынның келіні. Рахима есеп саласында, ұлы Қызбала агроөнеркәсіп са­ласында ұзақ жылдар еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Немересі Қалдыбек Қармақшы, Жалағаш аудандарында салық инспекциясының бастығы болды, қазір зейнеткер.

Тұрсын ана 1976 жылы сексен жасында дүниеден өтті. Бірақ оның өмір жолы, еңбекқорлығы мен адамгершілігі ұрпақ жадында сақталады. Ол – өз дәуірінің шы­найы бейнесін қалыптастырған, қиындыққа мойымаған, елге тірек болған асыл ана­лардың бірі.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ