«Салтанат үшін». Қазақстандықтар Бишімбаев ісіне қалай үн қатып жатыр?

389

0

Фото: hilliier/instagram.com

Былтыр қарашадан бері экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі қоғам назарын аудартты. Әйелін өлтірді деген айыппен ұсталған Қуандық Бишімбаевқа қатысты ашық сот отырыстары қазір тікелей эфирден көрсетіліп жатыр. Осы қаралы оқиғадан кейін қоғамда әйелдерге қатысты кез келген әрекет қызу талқыға түседі. Бүгінде қазақстандықтар әділ сот шешімі шығатынына үміттенеді. Әлеуметтік желіде де «Салтанат үшін» деген атаумен челлендж басталған. Massaget.kz тілшісі әлеуметтік желі қолданушылары бұл іске қалай үн қатып жатқанына шолу жасады.

Желіде «Салтанат үшін» деген хештегпен тараған бір видеода қыздар тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуінің зорлық-зомбылығына, ұрып-соққанына, көзіне шөп салғанына көніп жүргені айтылады. Дегенмен видеода қыз ата-анасынан, отбасынан ешқандай қолдау таппағаны көрсетіледі.

«Тіліңнен тапқансың. Сүйегің сол үйден шығады. Мен қосқан жоқпын. Өзің тауып тигенің», – дейді анасы видеода қызға.

Айта кетейік, былтыр Қазақстанда тұрмыстық зорлықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған.

«Салтанат үшін» деген мұндай видеолар легі тек Қазақстанда емес, өзге елдерде де түсіріліп жатыр.

Желіде тараған тағы бір жазбаларда әйелдер шарап ұстап отырғаны көрінеді. Өйткені сот отырыстарында Қуандық Бишімбаев марқұм Салтанат Нүкенованың ішімдік ішкенін, балағат сөздер айтқанын мәлімдеген еді.

«Менің бір стақан шарап ұстап отырғанымды көрсеңіз, бұл мені өлтіруге болады дегенді білдірмейді», – деп жазылған бұл сипаттағы жазбаларда.

Сонымен қатар, қыздар қауымы не кисе де, не ішіп, не жесе де, бұл оны ұрып соғуға, зорлауға, тіпті өлтіруге мүмкіндік бермейтінін айтады.

«Үнсіз қалмайық, бұл бәрімізге қатысты», – деп жазылған жазбаларда.

Сондай-ақ, «Салтанат үшін» хештегімен аналардың кішкентай қыздарына кеңесі де жазылып жатыр.

«Кез келген уақытта маған келе аласың. Ұрып-соқса, тез арада затыңды жина. Өзің кінәлісің деген сөз – өтірік. Қарым-қатынас ұрып-соғудан басталмайды», – деп жазылған видеоларда.

Әлеуметтік желіде әртүрлі суреттер де пайда болғаны көрінеді. Онда Салтанатты періште кейпінде бейнелеген.

«Салтанат үшін» деп үн қатқандар қатарында марқұмның жақындары да бар. 

«Шындық үшін соңына дейін күресеміз. Салтанат үшін! Салтушка, бүкіл ел бізбен бірге. Өмір бойына (жазалануы керек – еск.). Жақсылық әрқашан зұлымдықты жеңеді», – деп жазды марқұмның туысы Айнұр Нүкенова.

«Сенбедім». Нүкенованың сіңлісі қайғылы оқиға болған түн туралы айтты.

Бұл үндеуге марқұмның астрологиялық жұмыстар бойынша көмекшісі болған Анар Тасова да қосылған.

«Салтанат үшін. Өмір бойына (жазалануы керек – еск.)», – деп жазылған видеода.

«Қуандық тиран екенін айтты» – марқұм Нүкенованың көмекшісі.

Сондай-ақ, #ЗАКОНСАЛТАНАТ хэштегімен Парламентке хат жазуға үндейтін акция басталған. Белсенділер әрбір азаматтың дауысы, хаты маңызды екенін айтады.

«Бей-жай қарамаңыздар, дауыстарыңыз маңызды! Зорлық зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартатын, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы қабылдануын қолдайық. Сіздің хатыңыз заңнамалық өзгерістерді қабылдауға түрткі болуы әбден мүмкін. Қауіпсіз болашақ үшін бүгіннен бастап әрекет етіңіз!» – деп мәлімдеді «Еркіндік қанаты» қоғамдық өкілдері.

Ал кеше Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен ілеспе құжатты екінші оқылымда мақұлдады.

Заңның мақсаты – әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу.

Еске салайық, Қуандық Бишімбаевқа қатысты кешегі сот отырысында екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов тың деректер айтты.

«Мен жедел жәрдемнің жанында болдым. Жедел жәрдемге келіп, «Бишімбаев өзін өлтірмекші» деп көмек сұрадым. «Олар «бізге кедергі келтірмеңіз, шығыңыз» деді. Сонымен бармен Абылайға хабарластым. Абылай екеуміз Бишімбаевты ұстап тұрдық», – деді Байжанов.
 
«Қуандық қолына пышақ ұстап жүрді» – Салтанат қаза тапқан жерде жұмыс істеген бармен.

«Қуандықпен сөйлескен жоқпыз. Қуандық есеңгіреп жүрді. «Бақытжан, мен не істеп қойдым?! Қолыммен істегенді мойныммен көтеремін. Адам өлтірдім, бала-шағамның бетіне қалай қараймын? Енді өмір сүре алмаймын» деген сөздер болды», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<