САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

529

0

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР ДСМ ҚДСК облыс бойынша департаменті басшысы Ұлболсын Аханаеваның қатысуымен брифинг өтті. Онда аймақта соңғы алты айда қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, оның ішінде Конго-Қырым қанды безгегі мен менингококкты инфекцияларды болдырмау және алдын алу шаралары бойынша атқарылып жат­қан жұмыстар талқыланды.

Сала басшысының айтуынша, облыс тұрғындары арасында туляремия, күйдіргі, сал, тырысқақ, іш сүзегі, қылау, оба секілді аурулар тіркелмеген. Керісінше, жұқпалы індет көрсеткіші төмендеген. Мәселен, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жұқпа­лы аурулардың ішінде лямблиоз – 3,7 есеге, жұқпалы ішек аурулар тобы – 43 процентке, тамақтан улану жағдайлары – 21,4, алғаш анықталған созылмалы вирусты гепатиттер – 6, өкпе туберкулезі, дизентерия, жіті вирусты гепатит С түрі 5 процентке азайған. 

– Жалпы, өңірде осы жылдың 6 айында бірқатар жұқпалы аурулар аурушаңдығы бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасуда. Жыл басынан бері менингококк инфекциясы бойынша 1 ғана жағдай тіркелді. Бұл жағдайға байланысты қоғамдық денсаулық сақтау және облыстық денсаулық сақтау сала мамандары тарапынан кешенді санитариялық-профилактикалық, сондай-ақ, сани­тарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылып жүргізілді. Бүгінгі таңда облыс тұрғындары арасында аталған инфекция жұқтырған жаңа деректер тіркелмеді. Қазіргі сәтте әрбір аудан аумағында сырқаттанушылық көрсеткіштеріне, эпидемиялық маңызды нысандардың сани­тариялық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп, барлық жағдай бақылауға алынуда, – деді Ұлболсын Өмірбайқызы.

Жиында айтылған тағы бір жайт, облыс аумағында  вирусты гепатит А ауруы бойынша 18 жағдай тіркеліп отыр. Бұл мәселеде өткен жылы вакцина тапшылығы болса, биыл халыққа вакцина егуге толық мүмкіншілік бар екен.

Күн жылынғаннан бастап ке­­­ненің шығатынын ескерсек, есеп­­ті мерзімде аймақ бойынша кене шағу жағдайымен 708 адам медициналық көмек­ке жү­­гін­ген. Былтырмен салыс­тыр­­ған­да көрсеткіш 28%-ке тө­мендеп, кенеден келер қауіп азая түс­кен. Ал, КҚГҚ-ға күдікті де­лінген 6 науқастың диагноздары зертханалық жолмен нақты­лан­баған. Табиғи ошақтарды зерттеу барысында 3852 кене сынамасы зерттеліп, оның 106-дан оң нәтиже, яғни КҚГҚ-ның вирусы анықталған.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<