Сырдарияның төменгі ағысы – адамзат өркениетінің терең іздерін сақтаған қасиетті мекендердің бірі. Олардың қатарында Сеңгіртам сияқты киелі орындардың болуы – бұл өлкенің сақ дәуірінен бастау алатын бай рухани және мәдени мұрасының айқын айғағы.
Сеңгіртам ғұрыптық-жерлеу кешені жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне алынған. Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 84 шақырым жерде.
Осы өңірге 1950 жылдардың соңында жүргізілген КСРО ҒА Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы келген. Зерттеулер барысында С.Толстовтың жетекшілігімен Жаңадария мен Іңкәрдария аңғарларынан бұрын белгісіз болған шлак обалар сияқты бірегей ескерткіштер ашылды. Бұл жаңалықтар ежелгі Сырдария атырабының тек табиғи ғана емес, тарихи-мәдени тұрғыдан да аса маңызды аймақ екенін дәлелдей түсті.
Ескерткіштердің шлак обалар деп аталуы үстіңгі бөлігінде шеңбер пішінде ірі шлактың үйілуіне байланысты. Жекелеген обаларға жүргізілген алғашқы археологиялық зерттеулер олардың сақ мәдениетіне тиесілі екенін көрсетіп, мерзімін б.з.д. І мыңжылдықтың орта кезеңімен байланыстырды. Қазба жұмыстары бұл обаларда жерлеу рәсімі өлікті өртеу дәстүрі арқылы жүзеге асқанын дәлелдеді.
Л.Левина жүргізген 1959 жылғы Іңкәрдария маршруттық отрядының археологиялық олжаларын камералдық өңдеу нәтижелері шлак обалар мәдениетінің кең аумаққа таралғанын көрсетті.
Шірік Рабат мәдениеті Сырдарияның көне атырабында қарқынды дамығаны белгілі. 2004 жылдан Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен және оның шәкірттерінің қатысуымен Шірік Рабат археологиялық экспедициясы кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2012 жылғы экспедиция барысында б.з.д. VII-V ғасырларға жататын Сеңгіртам ғұрыптық жерлеу кешені, ең ірі шлак оба және оның айналасындағы қорымдар жан-жақты қарастырылып, өңірдің ежелгі тарихына қатысты маңызды ғылыми тұжырымдар жасалды.
Сеңгіртам ескерткішінің ішкі диаметрі шамамен 34 метр, сыртқы диаметрі 45 метрге жуық, қабырғаларының қалыңдығы 4-5 метр, сақталған биіктігі 5-7 метр.
Осылайша ескерткіштің зерттелу тарихы мен археологиялық деректері оның тек жерлеу орны ғана емес, күрделі ғұрыптық-мәдени орталық болғанын көрсетеді. Құрылыстың ерекшеліктері, жерлеу рәсімдерінің сипаты мен заттай олжалар бұл жерде ежелгі тұрғындардың дүниетанымы мен наным-сенім жүйесі айқын көрініс тапқанын аңғартады.
Бұл кешен б.з.д. VIII-VII ғасырларда өмір сүрген көшпелі тайпалардың діни-ғұрыптық түсініктерін зерттеуде маңызды орын алады. Ескерткіштің басты ерекшеліктерінің бірі – оның дөңгелек пішінде салынуы және құрылыс ішіндегі от жағылған іздердің сақталуы. Күйген саз кірпіштердің шлак тәрізді қатуы бұл жерде отқа байланысты рәсімдер жүргізілгенін көрсетеді.
Зерттеу қорытындыларын қарай отырып, Сеңгіртам кешенін ежелгі Иран аумағында таралған зороастризм (мәжусилік) дәстүрімен мәдени-діни байланыстары болды ма деген ой қалыптасты.
Зороастризм – Заратуштра негізін қалаған ежелгі діни ілім. Бұл дінде от ерекше қасиетті элемент ретінде қарастырылады. От – тазалықтың, жарықтың және шындықтың символы, сондықтан зороастрлық ғибадатханаларда қасиетті от үздіксіз жанып тұруы тиіс болған.
Отқа табыну рәсімдері арнайы құрылыстарда, от храмдарында өткізілген. Бұл храмдарда отты сөндірмей сақтау, оны қорғау және діни рәсімдерде пайдалану маңызды міндет саналған.
Сеңгіртам кешеніндегі ұзақ уақыт жанған от іздері, арнайы архитектуралық құрылыс ішінде жануы, жоғары температураның әсерінен құрылыс материалының өзгеруі кешенде отқа табыну элементтері болғанын меңзейді.
Алайда, Сеңгіртамдағы жерлеу дәстүрлері зороастризммен толық сәйкес келмейді. Зороастризмде мәйітті жерге көму немесе өртеу табиғатты ластайды деп есептелген. Сондықтан өліктерді арнайы орындарға қалдыру дәстүрі қалыптасқан.
Ал Сеңгіртамда керісінше, өлікті өртеу ғұрпы байқалады. Бұл – жергілікті көшпелі тайпалардың өзіндік дәстүрі. Дегенмен, отты пайдалану арқылы мәйітті тазарту идеясы белгілі бір деңгейде ортақ дүниетанымдық негіздердің болғанын көрсетуі мүмкін.
Сырдарияның төменгі ағысы ежелгі дәуірде түрлі мәдениеттер тоғысқан аймақ болған. Бұл өңірді мекендеген сақ тайпалары ежелгі Иран халықтарымен тығыз қарым-қатынаста болған.
Сеңгіртам ғұрыптық-жерлеу кешені – ерте темір дәуіріндегі көшпелі қоғамдардың рухани мәдениетін зерттеуде аса маңызды ескерткіш. Оның архитектуралық құрылымы мен отқа байланысты белгілері бұл жерде күрделі діни рәсімдер жүргізілгенін дәлелдейді.
Зороастризммен салыстыру Сеңгіртам кешенінде от культінің маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Алайда, жерлеу дәстүрлеріндегі айырмашылықтар бұл мәдениеттердің толық сәйкес келмейтінін, тек белгілі бір деңгейде ықпалдасқанын аңғартады.
Сеңгіртам кешені – Сыр өңіріндегі ежелгі тайпалардың дүниетанымы мен олардың көрші өркениеттермен мәдени байланысын көрсететін бірегей археологиялық мұра.
Мұсабек ЕШТАЕВ,
облыстық тарихи-мәдени мұраны
қорғау орталығының археологі





