Шеге қағылмаған кебеже

6

0

Фото: википедия

Музейге келушілер экспозициядағы сан түрлі жәдігерлерге қызыға қарайды. Бірақ сол заттардың әрқайсысының артында қаншама тағдыр, қаншама тарих жатқанын біле бермейді. Кейде қарапайым ғана ағаш бұйымның өзі бір әулеттің өмірінен, тұтас бір дәуірдің тұрмысынан сыр шертіп тұрады. Осындай ерекше жәдігерлердің бірі – музей қорында сақталған, XIX ғасырдың соңында жасалған кебеже.

Кебеже – қазақ халқының тұр­мысында кеңінен қолданылған ағаш бұйымдардың бірі. Ол не­гізінен азық-түлік сақтауға ар­налған сандық тәрізді ыдыс. Көш­пелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы үшін тағамды ұзақ уақыт бүлдірмей сақтау аса маңызды болған.

Кебеже көбіне қатты әрі берік ағаштан (қайың, қарағаш, терек сияқты) жасалады. Мұндай ағаш­тар ұзақ сақталып, одан жа­­салған бұйым да сапасымен ерек­шеленеді. Сон­дықтан ұн, тары, құрт, май, қант сияқты азық-түлік салынған. Қақпағы тығыз жабы­лып, тағам ұзақ сақталатын бол­ған.

Кебежені шеберлер тек тұр­мыстық қажеттілік үшін ға­на емес, сәндік мақсатта да әсем­деп жасаған. Оның бетіне кү­містен өрнек салынған, күміс мық­пен безен­дірілген үлгілері де кез­де­седі. Мұн­дай әшекейлер тек күн­делікті қолданылатын бұйым ғана емес, қазақтың қолөнер ше­берлігін көр­сететін өнер туындысы екенін дә­лелдейді.

Халық арасында кебеженің тағы бір ерекшелігі айтылып ке­леді. Түйеге теңдеп, қажет жағ­дай­да үстіне жас балаларды отыр­ғызатын болған. Бұл бұйым­ның берік әрі қолайлы екенін көр­сетеді.

Музей қорындағы осы кебеже 1896 жылы жасалған. Шағала атты байдың Әсем есімді қызын ұзатар кезде арнайы тапсырыс­пен дайындалған екен. Қазақ дәс­түрінде қыз ұзату кезінде жасау дайындау ерекше мәнге ие. Құ­рамына тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек, сандықтар мен түр­лі ағаш заттар кірген. Кебеже де – сол жасаудың маңызды бұйым­дарының бірі.

Өкінішке қарай, шебердің аты-жөні бізге белгісіз. Деген­мен жасалу тәсілі мен безендірілуі сол кездегі қазақ шеберлерінің жо­­ғары деңгейдегі қолөнер мәде­ние­тін айқын көрсетеді. Қатты әрі сапалы ағаштан, бөліктері бір-біріне дәл келтіріліп, ерекше шеберлікпен құрастырылған.

Бұл жәдігердің ең ерекше қы­ры – бірде-бір шеге қолда­ныл­маған. Бұйым ағаш бөлшек­терін дәл қиыстырып біріктіру арқылы құрастырылған. Мұндай тәсіл қа­зақ ағаш ұсталарының табиғи мате­­риалды терең меңгергенін жә­не ағаш өңдеу өнерінің жоғары дең­гейде дамығанын көрсетеді. Осындай әдіспен жасалған бұ­йым­дар ұзақ жыл бойы сақта­лып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.

Кебеженің сыртқы беті ою-өрнектермен әшекейленген. Қош­қармүйіз, өсімдік тектес өр­нек­тер мен геометриялық элемент­тер кез­деседі. Қазақтың ою-өрнек­тері тек сәндік мақсатта ғана қол­­данылмаған. Әрбір өрнек­тің өзіндік мағынасы болған. Мы­салы, қошқармүйіз оюы молшы­лық пен берекені білдірсе, өсім­дік тектес өрнектер өмірдің жал­ғас­тығын, табиғатпен үн­дес­тікті бейнелеген. Мұндай оюлар бұ­йым­ның көркемдік құнды­лы­ғын арттырып, халықтың эсте­ти­калық талғамын көрсетеді.

Тарихи деректерге сүйенсек, байлардың дүние-мүлкін тәркі­леу кезеңінде бұл кебеженің іші­не азық-түлік салып, Әсем өз төр­кініне жіберген екен. Сол жер­де ағасының қызы Мұ­най бұл бұйымды жылдар бойы «Әсемнің дүниесі» деп ерекше құрметпен сақтап келген. Кейін жәдігер Мұ­найдың баласы Темірхан Өмірдің қолында бол­ған.

Бүгінде ғасырдан астам тарихы бар кебеже музей қорында. Халықтың тұрмыс мәдениетін, қолөнер дәстүрін және ұлттық дү­ниетанымын көрсететін құнды этнографиялық жәдігер арқылы ата-бабаларымыздың өмір салтын, тұрмыс ерекшеліктерін және өнерге деген көзқарасын тереңі­рек түсіне аламыз.

Музей қызметкерлері үшін әрбір жәдігер – өткеннің аманаты. Оларды сақтау, зерттеу және келушілерге таныстыру – бас­ты міндетіміз. Өйткені осындай құнды экспонаттар арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасы келешек ұрпаққа жетеді.

Баршагүл САХИЕВА,

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы