Құрылтай

Шиелі ауданының бюджеті нығайып, өз кірістері артуда

36

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен БАҚ өкілдеріне арналған брифингте 2026 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, бүгінде Шиелі ауданында тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қалыптасқанын атап өтті.

Аудан әкімі өз баяндамасында аудан бюджетінің орындалуына тоқталып, ағымдағы жылдың бүгінгі күнгі жағдайы бойынша несиелерді қоса есептегендегі түзетілген бюджет көлемі 16 млрд 10 млн 506 мың теңгеге нақтыланғанын айтты. Бұл бастапқы жоспармен салыстырғанда 5 млрд 716 млн 230 мың теңгеге ұлғайған.

2026 жылдың 1 шілдесіне дейін кірістер жоспары (несиелерді қоса есептегенде) 6 млрд 602 млн теңге болып, 100 пайызға орындалды.

Аудандық бюджеттің өз кірістері ағымдағы жылы 7,5 млрд теңге көлемінде бекітілсе, алты айдың қорытындысымен жоспарланған 3 млрд 767 млн теңгенің орнына 4 млрд 180 млн теңге түсіп, жоспар 110,9 пайызға орындалды. Нәтижесінде бюджетке жоспардан 412 млн 513 мың теңге артық қаражат түсті.

Сонымен қатар, аудан бюджетінің шығыстары 2026 жылдың 1 шілдесіне 6 млрд 602 млн 835 мың теңге көлемінде жоспарланып, маусым айының қорытындысымен 100 пайызға игерілді.

Ауданның қаржылық әлеуеті жыл сайын артып келеді.

Соңғы үш жылдағы өз кірістер көлеміне көз жүгіртсек, 2023 жылы – 5,3 млрд теңге, 2024 жылы – 6,4 млрд теңге, 2025 жылы – 7,7 млрд теңге болған. Осылайша, үш жыл ішінде ауданның өз кірісі 2,2 млрд теңгеге ұлғайып, 141 пайызға өсті.

Аудан әкімі бұл қаржы ең алдымен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңғыртуға және халық игілігіне бағытталған маңызды жобаларды іске асыруға жұмсалып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Шиелі ауданында салықтық түсімдерді ұлғайту мақсатында арнайы жұмысшы топтар құрылып, көлеңкелі экономиканы азайту, салық базасын кеңейту және түсімдерді арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі