СТАТИСТИКА –ДАМУ ДӘЙЕГІ

336

0

СТАТИСТИКА –ДАМУ ДӘЙЕГІӨңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі бағыттарының жүзеге асырылу барысын баяндады.

Департамент басшысының ай­туынша, 2018 жылдың қаңтар-маусым айлары  аралығында облыстың әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуының негізгі көр­сет­кіштері бойынша өсу бай­қалады. Оның ішінде өңдеу өнер­кәсібінің өндіріс көлемі өт­кен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 100,5 процентті құ­рады. Ал әлеуетті саланың бірі – құрылыс жұмыстарының көлемі 15,9%-ке ұлғайған. Айталық, 2018 жылдың алғашқы алты айында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 228 050 шаршы метрді құрап отыр.    Облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың кө­лемі 87 049 млн теңгені құрап, нақты индекс көлемі 117,2%-ке өскен. Сондай-ақ, есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7% өсіп, бөлшек сауда өсімі 1,1 процентті құраған.

Жолдауда белгіленген негізгі 10 бағыттың біріншісі индустрияландыру, оның ішінде өңдеу секторы болып табылады. Өңдеу өнеркәсібінде 2018 жылдың қаңтар-маусымда басқа санаттарға кіргізілмеген машиналар мен жабдықтар жасау – 2,3 есеге,  дайын металл бұйымдарын жасау – 2,1 есеге, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 33,3%,  жиһаз жасауда – 3,3%, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнатуда 1,9%-ке өсім байқалды.

Экономиканы дамытуда табиғи ресурстардың орны ерекше. Бұл орайда биылғы жылдың алғашқы жартысында облыс бойынша 850,2 млн кВт.с электр энергиясы өндірілді, оның 0,8 млн-ын электр станциялары өндірген. Ал «Ақылды технологиялар» агро­өнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі десек, бұл орайда 2014 жылдан бастап статистика комитеті кенттердің, ауылдық округтердің әр шаруашылық бойынша есепке алу деректерін енгізу және сақтауды электронды түрде жүргізу жүйесін қолданып келеді. Бүгінгі күні «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінде  3000-нан астам статистикалық көрсеткіш бар. Өт­кен жылы «Ашық деректер» пор­талының қағидаты бойынша сыртқы пайдаланушыларға ресми статистикалық ақпаратты «Талдау» АТЖ арқылы электронды түр­де беру үшін әмбебап веб-сервис әзірленді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдар­ламасы аясында 2017 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Қазақстан халқы санының есептеуішін әзірледі. Есептеуіш көмегімен 2009 жылдың басынан осы аралыққа дейінгі әр тәуліктегі туылғандар мен қайтыс болғандар санын (оқиғалардың нақты күндері бойынша) білуге болады. Сондай-ақ, әр тәуліктегі иммигранттар мен эмигранттардың саны да (көші-қон қызметі тіркеу органдарында) қолжетімді. Осы орайда көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бағытында атқарылған шаралар нәтижесінде, есепті кезеңде облыста автомобиль көліктерімен 42,3 млн тонна жүк және 177,5 млн жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,2 және 109,0 процентті құрады.

2018 жылдың қаңтар-маусы­мында құрылыс жұмыс­тары­ның (қызметтерінің) көлемі 24527 млн теңгені құрады, бұл өткен  жылдың кезеңімен са­лыс­тырғанда 15,9% ұлғайды. Осы кезеңде 2 185 813 шаршы метр тұрғын үй салынды, оның ішінде 1 652 109 шаршы метр – жеке үй. Ал облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың кө­лемі 87049 млн теңгені құрады. Нақты индекс көлемі 117,2%-ке өсті. 2018 жылдың қаңтар-маусымында пай­­да­лануға берілген тұрғын үй­дің жалпы алаңы 228 050 шаршы метрді құрады және тұрғын үй құ­рылысына 11,5 млрд теңге жұмсалды.

Жолдаудың жетінші бағыты – «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталады. Бұл бағытта қолға алынған шаралар жүйелі жалғасын тауып отыр. Соңғы 10 жылда облыста халық саны 110 мың адамға көбейді. Атап айтқанда,  2018 жылдың 1 маусымында облыс халқының саны 787,7 мың адамды құрады. Сонымен қатар, соңғы жылдары аймағымызда адам өліміне қарағанда туу көрсеткіші жоғарылап келеді. Бұл басты нәтиже. 2018 жылдың 5 айында 7663 бала туылса, 1761 адам қайтыс болған. Еңбекке қабілетті жастағылардың саны артуда (2018 жылдың 1 қаңтарына 446,1 мың адамды құрады). Бүгінгі таңда облысымызда 100 тұрғынға 8 зейнеткерден келеді.

Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық халық санағын өткізуге дайындық жұмыстарының барысы жайлы айта кететін болсақ,   Ұлттық халық санағын өткізу уақыты – 2019 жылдың қазан айы болып белгіленді. Жалпы санақ кезінде 1326 адам уақытша жұмысқа тартылады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда облыс әкімінің тапсырмасымен 2019 жылы өтетін Ұлттық халық санағына  әзірлік бағытында нақты іс-шаралар қабылданды. Айта ке­тейік, санақ нәтижелері бойынша алынған деректер демографиялық үрдістерді өлшеуге, салыстыруға, талдауға және интенсивтілігі мен ағымдарын болжауға мүмкіндік береді.

Өмір сүру сапасын жақсарту­дың басты шартының бірі – сапалы жұмыспен қамту. Негізінен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады. 2018 жылдың І  жартыжылдығында облыс экономикасында жұмыспен қамтылғандар саны 328,1 мың адам болса, оның ішінде өзін – өзі жұмыспен қамтығандар – 113,7 мың адам. Жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,8 %, ал жастар ара­сындағы жұмыссыздық деңгейі  4,3 процентті құрап отыр.

Брифингте департамент басшысы М.Баекеева есептіліктерді анықтаудағы ережелер мен заңдылықтар жөнінде қысқаша айтып өтіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<