Бақытжан КАМАЛОВ, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директоры:

1772

0

Басты миссия – бірлік пен татулық

Ширек ғасырдан астам ел бірлігін нығайтуда маңызды рөл атқарып келетін Қазақстан халқы Ассамблеясы республиканың саяси жүйесінде ерекше құрылым екені белгілі. Аталған құрылымның басты міндеті – мемлекеттік саясатты іске асыру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру. Ал өңірдегі этносаралық татулықты насихаттап, тұрақтылық пен бейбітшілікке үн қосып жүрген облыстық Ассамблеяның қызметі де өте маңызды. Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камаловпен әңгімеміз құрылымның қызметі туралы болған еді.

Бақытжан Жарылқасынұлы, елдің бейбіт, татулықта өмір сүруінде институттың өңірдегі атқарып жатқан қызметін қалай және қай деңгейде бағалауға болады?

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында атап өткендей, «Бірлік – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі. Ал, Ассамблея – ел іргесін бекітіп тұрған басты институт». Құрылғанына 28 жыл болған құрылым әрдайым іргелі бастамаларға қолдау білдіріп келеді. Биыл өңірлік Ассамблеяның бастамасымен түрлі форматта 176 шара ұйымдастырылып, оған 20 мыңнан астам адам қамтылды. Былтыр 20 маусым күні өткен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның негізі» атты XXIV сессиясында облыс әкімі, облыстық Ассамблея төрағасы Нұрлыбек Нәлібаев азаматтық қоғамның дамуына түрткі болатын бастамалар көтерді. Бүгінгі таңда ол жұмыстар тиімділігін көрсетіп келеді. Атап айтсақ, отбасындағы әкелердің рөлін арттыру, ұрпақ тәрбиелеу мен ел бірлігін сақтау мақсатында Ақсақалдар кеңесі құрылып, екі кеңес отырысы өтті. Бірлік пен татулықтың нышаны –  «Халық достығы» аллеясы мен Аналар үйі құрылысы қарқынды жүруде. Сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығы Үкіметтік емес ұйымдар үйі ретінде ашылды. Сонымен бірге, этномедиация бағытын дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылып, кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлар арнайы курстардан өтті. Ғылыми сарапшылық топтың қызметі нәтижесінде аймағымыздағы этносаралық ахуал ғылыми тұрғыда талданып, мемлекеттік этносаясаттың жүйелі жүргізілуіне септігін тигізуде. Осы ретте мамыр айында Қызылорда мен Шымкент қаласында облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми сарапшылық тобы қоғамдық қатынастар саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, тәжірибе алмасты. Жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастыру мақсатында өңірлік «Ассамблея жастары» ұйымы түрлі бағыттағы шаралар мен акцияларды ұйымдастырып келеді. Мамыр айында облыс әкімдігінің қолдауымен, туған өлкенің тарихи-мәдени мұралары мен құндылықтарын тануға бағытталған «Өз еліңді таны!» экспедициясы өтіп, оған 20-дан астам этнос өкілдерінің жастары қатысты. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының мүшелері республика көлемінде үлкен жетістіктерге жетті. Міне, осының өзінде ауқымды істің жүзеге асқанынан байқаған боларсыз.

Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жұмысына тоқталып өтсеңіз.

–Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында корей бірлестігінің «Алекс» би өнері мектебінің 25 жылдығы, республикалық «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығына арналған конференция, «Славяне» орталығының «Масленица», татар бірлестігінің «Сабантой» мерекесі 18-ші рет аталып өтті.

Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай екі ел арасындағы білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық, мәдениет, ғылым салалары бойынша байланыс одан әрі беки түсті.

Осы жылдың ақпан айында облысқа Алматыдағы Ресей Федерациясының бас консулы Евгений Бобров пен консул Наталья Сорокина жұмыс сапарымен келді. Мақсаты – өңірмен танысу, марапаттау құжаттарын тапсыру, А.С. Пушкин атындағы қалалық кітапханаға кітап сыйлау және екі ел арасындағы ынтамақтастықты одан әрі дамыту. Сондай-ақ наурызда Өзбекстан Республикасының бас консулы Аброр Фатхуллаев Сыр өңіріне іс-сапармен келіп, өзбек этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелерімен дидарласты. Этносаралық келісімді нығайту саласында этномәдени бірлестіктер мен азаматтық институттардың өзара қарым-қатынастарына ерекше көңіл бөлінгендігін және «Достық үйі» бейбітшілік пен келісімнің, жарқын бастамалардың және көпфункционалды ресурстық орталықтардың орны екендігін ерекше атап өтті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы 22-24 мамыр аралығында Корея Республикасының Сеул қаласына іссапармен барды. Кореяда аймақ басшысы бірқатар іскерлік кездесулерге қатысып, өңірдің инвестициялық жобаларын таныстырды. Кореяның озық өндірістік технологияларын Сыр елінде енгізудің артықшылықтарына баса назар аударып, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Нәтижесінде Қызылорда мен Корея арасындағы ынтымақтастық білім және ғылым саласындағы жаңа ғылыми жетістіктерге жол ашылды. Күріш өсірудегі кореялық инновациялық әдістер мен технологияларды қолдану, суды үнемдеу мен мониторинг жасаудың озық тәжірибелерін енгізу бойынша бірлесіп жұмыс жасау туралы келісімге келді.

Осы арада мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталыңызшы.

–Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек» дегенін білесіз. Бұл бағытта облыстық Ассамблея тарапынан үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Мәселен, «Достық үйінде» тілдерді оқыту кабинеті жұмыс істейді. Онда мемлекеттік тіл үйрену курсы әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері жүруде. Жыл басынан бері 50-ге жуық білім алушы мемлекеттік тіл бойынша білімін кеңейтті. Этнос өкілдері арасында «Мәміле» қазақ тілі клубы арқылы сөйлеу шеберлігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бірнеше жылдан бері этнос өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйретуге, танымын арттыруға бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы жүргізіліп келеді. Жоба аясында аудан орталықтары мен Қызылорда қаласында коммуникативті тренингтер, ұлттық ойындар бойынша жарыстар, мемлекеттік тілді білу викториналары, мемлекеттік тілде диктанттар өткізілді. Жалпы тіл мәселесі қай кезде де, қай елде де маңызды. Біз Мемлекет басшысының ұстанымына сай жұмысты жалғастыра береміз.

Жуырда өткен облыстық Ассамблеяның кезекті XXV сессиясында өткір мәселелер көтерілгенін білеміз. Алға қойған мақсат-мүдде қандай?

–Иә, сессияның күн тәртібінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының есепті кезеңдегі жұмыстары мен ХХХІІ сессияның тапсырмаларынан туындайтын міндеттер талқыланды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, басқарма, мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Алдағы уақытта облыстық ассамблеясының өкілдерімен жарты жылда кемінде бір рет кездесудің жұмыс кестесі әзірленіп, жүзеге асырылуы керек. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша белсенді ақпараттық жұмыс, этномәдени бірлестіктердің, Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық құрылымдары мен олардың белсенділерінің маңызды қоғамдық бастамалары мен жобаларын қолдау жалғаса береді.

Аймақ басшысы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына облыстық мәдениет және спорт басқармасымен бірлесіп тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының жобалық-сметалық құжаттамасын және эскиздік жобасын әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.

Жауапты басқармаларға тәрбие, жасөспірімдерді есірткі мен психотроптық заттардан қорғауды үйлестіру жұмыстары жүктелді. Сонымен қатар «Достық үйін» жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу, «Достық» аллеясына сахна және ашық аспан астындағы кітап сөресін ұйымдастыру тапсырылды.

Сессиядағы тапсырмаларға сәйкес түрлі форматты, кешенді жұмыстар қолға алынды. Олар – мәдени-көпшілік, ғылыми-танымдық кештер, жастарға арналған оқыту семинарлары, қайырымдылық акциялары, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған сайыстар және т.б іс-шаралар. Бұдан облыстың әрбір тұрғыны тыс қалмайды деп ойлаймын.

Тәуелсіз еліміздің басты жеңісі – бейбітшілік пен тұрақтылық, бұлар – қоғамның алға қарай дамуының, оның табыстылығы мен бәсекелестігінің кепілі. Осы орайда облыстық ассамблея алдында этносаралық ахуалды тұрақты ету, Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ұсынған бастамалар мен этносаясатты байыппен жүргізу аясында қойылған міндеттерді орындау, Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық құрылтайда айқындаған мәселелерді іске асыру міндеті тұр. Аталған бастамаларды орындау жолында ел бірлігін сақтай отырып, бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою қажет. Біздің басты миссиямыз осы.

Әңгімелескен Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<